Accessibility links

Қазақстанда орыс тілінің болашағы бар ма?


Қазақстандағы мемлекеттік тілді қолдауға арналған митинг. Алматы, 21 қыркүйек 2008 ж.
Қазақстандағы мемлекеттік тілді қолдауға арналған митинг. Алматы, 21 қыркүйек 2008 ж.

Қазақстандағы орыс ұлтының мүддесін көздейтін бірқатар қоғамдық ұйымдардың өкілдері орыс тілінің болашағына алаңдаулы. Олардың пікірінше, орыс тілі – Қазақстан және Ресей халықтары интеграциясының факторы ретінде қоғамдағы рөлін жоймауы тиіс.

Қазақстан Республикасында білім мен мәдениетті дамытудың «Светоч» православтық қайырымдылық қоғамының директоры Алексей Лобановтың айтуынша, қазіргі таңда қоғамда орыс тілі ықпалының бәсеңдеу үрдісі байқалады.

- Біз орыс тілінен біртіндеп айрылып барамыз, әсіресе, аймақтарда. Ал енді оның орнын қазақ тілі басып жатыр деп те айта алмас едім. Қазір мектептерде орыс тілін оқыту сабақтары екі есеге қысқартылып, қазақ тіліне бөлінген сағаттар көбейді. Бірақ, осындай жүйе қаншалықты тиімді? Орыс тілінде бітіріп шыққан оқушыларымыздың да таза сөйлеп жүргені шамалы. Орыс тілі зардап шегіп жатыр, - деді Алексей Лобанов.

Оның пікірінше, қоғамда тілдердің де тепе-теңдігі сақталуы тиіс. Орыс тілін құрбандыққа шалу арқылы мемлекеттік тілді дамытуға болмайды, дейді Лобанов. Ал, Қазақстандағы орыс мәдени орталығының төрағасы Всеволод Лукашев болса орыс тілінің жылдан-жылға шұбарланып бара жатқандығына алаңдаулы.

- Балалар таза орыс тілін жетік білмейді. Әсіресе, соңғы бес жылдағы мектеп бітірушілер бұл жағынан сауатсыздау деп айтуға болады. Ауызекі тілде сөйлеу бір басқа да, таза сөйлеудің жөні бөлек. Қазір тілдің сұлулығын бұзатын «паразит» сөздер көбейіп кетті. Айта кетерлік жайт, жалпы тіл мамандары ТМД аумағында таза орыс тілі дәл Қазақстанда сақталған деп біледі, - деді Всеволод Лукашев.

Саясаттанушы Нұрлан Ерімбетов тіл мәселесін саяси ойынға айналдыруға болмайтындығын ескертеді. Оның пікірінше, орыс тілі дамымай жатыр деп Ресейге шағымданудың да жөні жоқ.

- Қазақстандағы орыс тілінің мәселесі Қазақстанда шешілгендігін қалар едім. Ұлтшыл ұрандармен байбалам салып жүретін кейбір кісілерді түсінбеймін. Өйткені, тілді жоғалту арқылы ғасырлар бойы жинаған қазынадан айрылып қалуымыз мүмкін, - деді Нұрлан Ерімбетов.

Саясаттанушы Айдос Сарымның болжамына қарағанда, болашақта Қазақстанда қазақ тілі толық үстемдік құрады. Ал орыс тілі болса қытай және ағылшын тілдеріне еріксіз жол беруі мүмкін.

- Алдағы 40-50 жылдың көлемінде территориясы жағынан әлемдегі тоғызыншы мемлекетте қазақ тілі басымдыққа ие болады. Орыстардың және орыс тілді халықтардың санының кемуі орыс тілінің ғана емес, орыс тілді ақпарат құралдарының, театр мен телеарналардың азаюына әкеп соғады. Бұл жерде ешкімге ренжудің қажеті жоқ. Шынайы демографиялық процестер осыны көрсетіп отыр, - деді Айдос Сарым.

Ресми мәлімет бойынша, қазіргі күні 15 миллионнан астам тұрғыны бар Қазақстанның 80 пайызы орыс тілінде сөйлейді.
XS
SM
MD
LG