Accessibility links

Түзеу мекемесінде жазасын өтеушілер қарындарын кескілеп тастады


АК 159/7 түрмесінің сотталушысы жазған ақтық хат. 19 қыркүйек 2010 жыл
АК 159/7 түрмесінің сотталушысы жазған ақтық хат. 19 қыркүйек 2010 жыл

Дүйсенбі күні таңғы сағат жетілер шамасында Қарағанды облысының Долинка кентіндегі түрмеде жазасын өтеушілер өткір затпен денелерін тілгілеп тастаған. Ресми мәлімет бойынша өздеріне қол жұмсағандардың саны сегіз.


Қылмыстық-атқару жүйесінің облыстық басқармасының баспасөз қызметі өздерін әдейі жарақаттағандарға қатысты олар «заңсыз» талап қойып отыр десе, наразылық танытушы сотталғандар ақтық хаттарында өздерінің мекемедегі қорлық пен азапқа төзбегендерін жазған.

АҚТЫҚ ХАТ

Дүйсенбі күні интернет беттерінде Долинка түрмесінде жазасын өтеп жатқан бес тұтқынның хаттары пайда болды. 18 - 19 қыркүйек күндері жазған ақтық хаттарында тұтқындар бұдан әрі азаптау мен қорлыққа төзбейтіндерін айтып, егер өздеріне-өздері қол жұмсаудың ақыры өлімге әкеп соғатын болса, оған түзету мекемесінің әкімшілігі кінәлі деп жазған.

Ақтық хаттарын ақпарат көздеріне таратқан соң АК 159/7 түзеу мекемесінің бірнеше тұтқыны өткір затпен қарындарын тіліп тастаған. Қылмыстық - атқару жүйесі комитеті Қарағанды облыстық департаментінің баспасөз қызметі денесін тілгілегендердің саны сегіз екенін растады.

- 20 қыркүйек күні сағат 6.50 де АК 159/7 түзеу мекемесіндегі отрядтар ғимаратында сегіз сотталған өз денелеріне жарақат салып, қарындарын тілгілеп тастаған. Денсаулықтары бір қалыпты барлығына медициналық көмек көрсетілген. Мен жаңа ғана дәрігерлермен сөйлестім. Қорқатындай ештеңе жоқ, жарақаттары онша ауыр емес, - дейді Қарағанды облыстық қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің баспасөз хатшысы Наталья Горина Азаттық радиосына.

«ЗАҢҒА ҚАЙШЫ ТАЛАП»

Наталья Горинаның айтуынша, наразылық танытушы тұтқындар колония аумағында емін-еркін жүру, туыстарынан келетін сәлемдемелердің салмағына шектеу қоймау және азаматтық үлгідегі киім киюге рұқсат беру сияқты түрменің тәртібіне сай келмейтін талаптар қойған. Баспасөз хатшысы қорлық пен азаптау жөніндегі ақпаратқа қатысты ештеңе айта алмайтынын жеткізді.

- Қазір арнайы прокуратураның өкілдері мен департамент басшылығы тексеру жүргізіп жатыр. Содан кейін толық ақпарат таратамыз, – дейді Наталья Горина.

ШАРАСЫЗ ТУЫСТАР

Түрмедегі оқыс оқиға туралы ақпарат тарасымен сотталғандардың туыс-туғандары Долинка кентіне келіп жеткен. Азаттық тілшісімен тілдескен Күлзипа Иманбаева есімді ана, баласы Мәдениет туралы мардымды мәлімет ала алмай жүргенін айтады. Баласының өлі-тірісін біле алмай дал болған Күлзипа таңертеңнен бері түрме есігін күзетіп жүргенін жасырмады. Колония басшылығы «бәрі жақсы, тексеріліп жатыр» дегеннен басқа ештеңе айтпай отыр дейді.

Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің баспасөз хатшысы Ғалымжан Хасеновпен тілдескенімізде «менің бұл ақпараттан хабарым жоқ» деп түсініктеме беруден бас тартты.

КОЛОНИЯЛАРДАҒЫ ЖАҒДАЙДЫҢ УШЫҒУЫ

Долинка кентінде екі түрме бар. Біреуі - АК 159/6 түзеу мекемесі. Бұл түрме осы жылдың мамыр айында интернетке тарап кеткен бейнетаспа арқылы танымал. Бейнежазбада мекеме қызметкері жазасын өтеушіні соққыға жығып жатқан сәт көрсетілген. Бейнежазбадағы соққыға жығылған тұтқын Евгений Карауш екені анықталды. Осы бейнетаспаны қасақана жасалған «қойылым» деп таныған құқық қорғау органдары қылмыстық іс қозғап, қазір Евгений Караушпен қоса тағы үш жазасын өтеушіні жауапқа тартып жатыр.

Долинкадағы екінші түрме – жоғарыда жазылған оқиға болған АК 159/7 қатал режимдегі түзеу мекемесі.

Соңғы кездері Қазақстан түрмелерінде ішкі тәртіпке наразылық танытып өзіне-өзі қол жұмсаушылар көбейіп кетті. Биылғы жазда Ақмола облысындағы Гранитный түрмесіндегі наразылық таныту кезінде екі тұтқын қаза болды. Бұл ресми дерек. Ал сотталғандардың құқығын қорғаушы Вадим Курамшин, Гранитный түрмесіндегі қайтыс болғандардың саны жетеу дейді.
- Оның төртеуі бүлікті басу кезінде оққа ұшты, - дейді Вадим Курамшин.
XS
SM
MD
LG