Accessibility links

Баспанасыз қалған шаңырақтықтарға әкімшілік 25 шаршы метрлік құжыра салып бермек


Нөсермен келген судан тұрғындардың үйлері зардап шекті. Шаңырақ, Алматы қаласы, 27 мамыр 2009 ж.
Нөсермен келген судан тұрғындардың үйлері зардап шекті. Шаңырақ, Алматы қаласы, 27 мамыр 2009 ж.

Үйлері су астында қалған Шаңырақ тұрғындарына жергілікті билік 25 шаршы метрлік баспана салып, оны 7 мың долларға сатуды жоспарлап отыр. Ондай ақшасы жоқ тұрғындар көнбеске лажы жоғын айтса, қоғамдық ұйым жетекшісі әкімшіліктің бастамасына алаяқтардың араласуынан қауіптенеді.

ӘКІМДЕР 1,5 АЙДЫҢ ІШІНДЕ 60 ҮЙ ТҰРҒЫЗУҒА УӘДЕ БЕРДІ

Алматы қалалық әкімдігі мен Алатау ауданы әкімшілігі «Шаңырақ» шағын ауданында судан зардап шегіп, баспанасыз қалғандарға көмек көрсетілетіндігін мәлім етті. Алатау ауданының әкімі Бағдат Мәнізоров нөсер жаңбырдың салдарынан 40 үй құлап, 61 үйдің су астында қалғанын айтты.

Әкім ештеңеге жарамсыз болып қалған бұл үйлердің тұрғындары үшін енді 1,5 айдың ішінде аумағы 25 шаршы метр болатын 60 үй тұрғызылу жоспарланғанын жеткізді. Бұл үйлерге тиесілі жерлердің аумағы – 6 сотық болады деп жоспарлануда.

Ал, тұрғындар кейін екі терезелі, бір есікті бұл үйлерді өз ыңғайларына қарай үлкейтіп алуына да болады, деген әкім, қазіргі уақытта Төтенше жағдайлар министрлігі арқылы Шаңырақтағы зардап шеккендерге көмек көрсету мақсатында 60 миллион теңге бөлінгенін хабарлады.

Шаңырақ тұрғындары. 27 мамыр 2009 ж.
Әйткенмен, аудан әкімі уәде берген ол үйлер жайдан жай берілмейді деп ескертілді. Алматы қаласы әкімінің орынбасары Серік Сейдуманов болашақ үйлердің құны – 7000 АҚШ доллары шамасында болатындығын айтты.

Су астында қалған үй иелері бұнда қоныстанатын болса, әкімшілікпен келісім-шарт жасасуы тиіс. Аталған қаржыны – тұрғын қанша уақытта өтей аламын дейді, сонша уақытқа келісім-шарт жасалады.

– Ал, мүлдем өтей алмаймын дегендерге, үй жалға беріледі. Ондай жағдайда бұл мүкаммал мемлекеттің меншігі болып қала береді, - дейді Серік Сейдуманов.

БАСПАНАСЫЗ ҚАЛҒАН ТҰРҒЫНДАРҒА 7 МЫҢ ДОЛЛАР – ҚЫРУАР АҚША

Үйі су астында қалған Шаңырақ тұрғындарының бірі – Балғайша Жексембаева есімді көп балалы ана мұнда осыдан бірер жыл бұрын Семей өңірінен қоныс аударыпты. Су басып қалғанған дейін саманнан салынған жертөледе 11 жан күнелтіп екен.

Балғайша Жексембаева әкім атаған сомадағы ақшаны табуға өз отбасының шамасы жетпейтінін айтып, налиды:

– Бұл үйдің өзін соңғы қаражатымызбен ілдебайлап әрең салған едік. Енді ол су астында қалды. Ал, 7000 долларды төлейтін жағдайымыз жоқ. Осы ретте көп балалы ана ретінде қандай да бір жеңілдікке ие бола алмайтындығым өкінішті. Менің тұрақты тіркеуім жоқ болғандықтан, қаладағылар маған бұл заң аясында емес деп отыр.

Шаңырақ тұрғыны Шоманова Дариғаның баспанасы су астында қалды. 27 мамыр 2009 ж.
Ал тағы бір тұрғын, екі баланың анасы Дариға Шоманова, баспанасын су жалмаған соң, екі күннен бері шатыр әкеліп тігіп, соны паналап жатыр екен. Ол әкімшіліктің ұсынысына мойынсұнбасқа амалы жоқ екендігін айтты.

Оның пікірін, өзге тұрғындар да қостайды.

– Су астында қалған үйдің енді баспана болып жарытпасы белгілі. Үйлеріміз заңдастырылмағандықтан, бізге ешқандай төлемақы төленбейді екен. Үкімет бізге бұл үйлерді тегін бергелі отырған жоқ. «Жерді тегін басып алғансың, енді қайда барсаң да өз еркің» демегеніне шүкірлік, - дейді 5 баланың анасы Роза Мырзабаева.

Ал 2 баласы бар Қарлығаштың күйеуі жұмыс істемейді.

– Айына алатын жалақым 25 мың теңге. Бүгінгідей қымбатшылықта оның не ары тартуға, не бері тартуға жарамайтындығы түсінікті. Егер, әкімшілік менің еңбекақымды ескеріп, күнкөрісімді есептей отырып, бұл қаражатты ұзақ мерзімге төлеуіме мүмкіндік жасаса, көнбеске шарам жоқ, - дейді ол.

АУДАН ӘКІМІ ТІРКЕУІ ЖОҚТАРҒА АЛДЫМЕН АЙЫППҰЛ САЛЫП, КЕЙІН ЖЕР БЕРМЕК

2007 жылы Қазақстан үкіметі елдің әрбір азаматы 10 сотық жерге тегін иелене алатындығы туралы қаулы шығарған болатын.

– Осы қаулының негізінде Шаңырақ тұрғындары да тегін жер теліміне ие бола алады. Алайда, ол адамның бұған дейін еш жерде иелігінде 10 сотық жері болмауы тиіс. Қазақстан аумағының қай өңірінен болсын, бұған дейін бір рет тегін жер теліміне ие болғандарға бұл жеңілдік қарастырылмайды, – дейді Алматы қаласы әкімінің орынбасары Серік Сейдуманов.

Алматы қаласы әкімінің орынбасары Серік Сейдуманов (сол жақта) пен Алатау ауданының әкімі Бағдат Мәнізоров. 27 мамыр 2009 ж.
Ал, Алатау ауданының әкімі Бағдат Мәнізоров бүгінде су астында қалған 100-ге жуық отбасы мен су қоймасы аймағында орналасқан тағы 1000 үйдің бұл сайдан болашақта көшірілетіндігін айтады. Бұл үйлердің арасында құжаттары реттеліп, заңдастыруға ерік алған отбасылар да бар екен.

– Оларға Шаңырақ-5 шағын ауданындағы 81 гектар жерден тегін жер беріледі. Дегенмен, олардың әлі күнге дейін қалада тіркеуі жоқ екендігін ескерсек, біз заңды белінен басып отырмыз. Өйткені, тіркеуде жоқ азаматтарға тегін жер берілмейді. Сол себепті де, бұл азаматтарға «әкімшілік құқық бұзды» деген негізбен 12500 теңге (шамамен 84 доллар) айыппұл салып, соның негізінде жерін заңдастырып беруді көздеп отырмыз, – дейді Бағдат Сайланбайұлы.

ҚОЖАХМЕТОВ ТІЗІМГЕ АЛАЯҚТАР ЕНІП КЕТПЕЙ МЕ ДЕП ҚАУІПТЕНЕДІ

«Шаңырақ» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Асылбек Қожахметов, жергілікті биліктің тұрғындарға жасап отырған ұсынысын қош көріп, әкімдер тұрғызуға уәде еткен 25 шаршы метрлік үйлердің құнын 7 мың долларға бағалағанымен де келіседі. Алайда, «жерді тегін беруді комиссия шешеді» дегенге қарсы уәж айтады.

– Әрине, Шаңырақ-5 шағын ауданының жерлері мына батпақты сайдан анағұрлым артық. Биліктің ондағы 1200 отбасын көшіру туралы идеясы дұрыс. Алайда, жедел түрде 60 үй тұрғызу туралы әңгімесі тағы да күдік тудырады. Негізгі тізімде құлаған үйлердің саны – 40 болатын. Тағы 20 үй кімдерге беріледі? Ол жағы айқын емес. Сондай-ақ, 40 үйдің тізімі ашық жасалған жоқ. Шынымен осы сайда нөсер жаңбыр салдарынан қираған үйлердің иелері ме, жоқ алаяқтар еніп кетті ме – ол жағын анықтай алмай отырмыз.

Ал, жерді тегін беру мәселесін комиссия қарап, оның қолындағы құжатына орай шешім шығарады дегенге келіспеймін. Өйткені, мұндағы отбасылардың ешқайсысында құжат жоқ. Сол үшін бәріне жер тегін берілуі тиіс, - дейді ол.
XS
SM
MD
LG