Accessibility links

Сот отырысын қойылымға теңеген кәсіподақ жетекшісі алты тәулікке қамалды


Сот шешімімен алты тәулікке қамауға әкелінген Ибрагим Жүнісбеков сұқбат беріп тұр. Шымкент, 25 қазан 2010 жыл.
Сот шешімімен алты тәулікке қамауға әкелінген Ибрагим Жүнісбеков сұқбат беріп тұр. Шымкент, 25 қазан 2010 жыл.

Сарыағаш ауданы бойынша медицина қызметкерлері кәсіподағының төрағасы Ибрагим Жүнісбеков «сотты сыйламағаны» үшін алты тәулікке қамалды. Жемқорлықты әшкерелегісі келетін белсенді биыл үш рет сотқа тартылып, аудандық мәслихат құрамынан шығарылды.


Қазанның 25-і күні Оңтүстік Қазақстан облысы Сарыағаш аудандық соты Ибрагим Жүнісбековті алты тәулікке қамау туралы шешім шығарды. «Сотты сыйламаған» деген айыппен жазаланған аудандық мәслихаттың экс-депутатын сол күні полицейлер Шымкент қаласындағы қабылдау-бөлу бөліміне алып келді. Сарыағаш ауданы бойынша медицина қызметкерлері кәсіподағының төрағасы биыл осымен үшінші рет әкімшілік жазаға тартылып отыр.


«ЖЕМҚОРЛЫҚТЫ ӘШКЕРЕЛЕГЕНІМ ҮШІН ҚУҒЫНДАДЫ»

Ибрагим Жүнісбеков қазанның 25-і күні сағат 20.00 шамасында Шымкент қаласындағы қабылдау-бөлу бөліміне жеткізілді. Сол күні Азаттық тілшісіне берген сұқбатында ол Қазақстан президентіне хат жазғандығынан хабардар етті.

– Мен интернет арқылы президент Нұрсұлтан Назарбаевқа үндеу жолдадым. Сарыағаш ауданында болып жатқан сыбайлас жемқорлық пен тұнып қалған заңсыздықты әшкерелеу үшін арнайы комиссия құрып, толықтай тексеру керек. Осыны сұрадым. Сарыағаш ауданын өктемдік пен шетсіз-шексіз былық жайлап алған, – деді Ибрагим Жүнісбеков.

2007 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы Сарыағаш аудандық мәслихатына депутат болып сайланғаннан кейін Ибрагим Жүнісбеков аудан бойынша медицина қызметкерлерінің кәсіподағын құрған. Өз айтуынша, кәсіподақ осы ауданда медицина саласында еңбек ететін 2500 адамның құқығын қорғайды.

Ибрагим Жүнісбеков аудандағы медицина саласындағы жемқорлықты әшкерелеп, ашық баяндамалар жасап, онымен қарсы күреске шыққаны үшін қуғын көргенін айтады.

Ол жергілікті газеттердің бірінде Көктерек ауылының әкімі Өмірәлі Пазыловты «лауазымын асыра пайдаланған» деп сынағаны үшін биыл наурыз айында Сарыағаш аудандық соты алдында жауапқа тартылды. Әлгі әкімнің «жала жапты» деп берген арызын қараған сот депутатты айыпты деп тауып, Ибрагим Жүнісбековке бір жыл бойы қоғамдық жұмыс атқаруды міндеттеп шешім шығарған.


ДЕПУТАТТЫҚ МАНДАТТАН АЙЫРУ

Ал қыркүйектің 14-і күні Сарыағаш аудандық мәслихатының сессиясы Ибрагим Жүнісбековты депутаттық мандатынан айыру туралы оның сыртынан қаулы қабылдаған.

Осы сессиядан соң мәслихатқа екі тұрғынның атынан түскен хатта өзін «ұяттан жұрдай» кісі деп жазылғаны туралы естіген Ибрагим Жүнісбеков өзінің ар-намысын қорғап әлгі екі адамның үстінен аудандық сотқа шағым түсірген.

Бірақ істі қараған Сарыағаш аудандық сотының судьясы Нұржан Жұмабаев арызданушы сотқа қарсы дөрекілік көрсетті деп тауып, қыркүйектің 21-і күні Ибрагим Жүнісбековты үш тәулікке қамау туралы шешім шығарған. Сол жолы да Ибрагим Жүнісбеков сот жазасын Шымкент қаласындағы қабылдау-бөлу бөлімінде отырып өтеп шыққан болатын.

Сарыағаш аудандық медицина қызметкерлері кәсіподағы төрағасының айтуынша, осы кезеңде ол жергілікті шенеуніктер және аудандық емхана басшылары үшін жеккөрінішті адамға айналыпты.

– Шенеуніктер де, медициналық мекемелердің басшылары да заңсыздық барып отыр. Жемқорлық, мемлекет қазынасына қол сұғу, еңбек туралы кодекстің бұзылуы, науқастар құқығының бұзылуы, т.т. Оның бәріне көз жұму мүмкін емес. Сыбайлас жемқорлықтың шегіне жеттік. Бір жылдың ішінде біздің ауданда 12 дәрігердің үстінен қылмыстық іс қозғалды. Сол азаматтар әлі күнге дейін лауазымды орындарында отыр, – дейді Ибрагим Жүнісбеков.

Кәсіподақ басшысы медицина саласы қызметкерлерінің құқығы бұзылып отырғандығына қатысты жинаған дәлел-дәйектерін құқық қорғау органдарына, жемқорлыққа қарсы күрес мекемелеріне бірнеше рет хат жазып жолдағанын айтады.

– Содан кейін медицина мекемелерінің жетекшілері қоластындағы қызметкерлерді мен жетекшілік етіп отырған кәсіподақтан шығаруға кірісті. Олардың бұнысы заңсыз, – деп есептейді Ибрагим Жүнісбеков.


«СПЕКТАКЛЬГЕ ҚАТЫСҚЫМ КЕЛМЕДІ»

Ал бұл жолғы сотқа наурыздың 13-і күні Сарыағаш ауданы Абай ауылында өткен медициналық қызметкерлер кәсіподағының жиыны себеп болған. Ибрагим Жүнісбеков сол жиын туралы кейіннен пайда болған хаттаманы біреулер заңсыз, қолдан жасаған дейді.

– Жалған хаттамада Абай ауылында тұратын бірнеше адамды кәсіподақ мүшелігінен шығару туралы жазылыпты. Мен оны кейін естідім. Сол жиынды толық бейнетаспаға түсіргем. Онда бұл туралы сөз атымен жоқ. Осыдан кейін шыдамым таусылып, әлгі хаттаманы жалған деп тануды сұрап сотқа арыз бердім. Судья маған соңғы сөз берді. Сот шешімі жауапкердің пайдасына шешілетінін түсініп, «бұл спектакльде соңғы сөз айтуымның қажеті жоқ шығар» деп айттым да отырдым, – дейді арызданушы.

Ибрагим Жүнісбековтың бұл сөзін судья «сотты сыйламау» деп таныған.

– Жүнісбеков сотқа қатысты өзінің дөрекілігі мен сотты сыйламайтынын көрсетті. Оны алты тәулікке қамауға алу туралы шығарған шешімімнің себебі осы, басқадай себебі жоқ, – деді Сарыағаш аудандық сотының судьясы Самал Кеңесова Азаттық тілшісіне.

Алайда Ибрагим Жүнісбеков өзінің қамалуына себеп болған жайт бар деп санайды.

– Осы қазан айының 28-і күні дәл сол сотта Абай ауылдық ауруханасының бас дәрігеріне қатысты қылмыстық іс қаралады. Мен сол сотқа жәбір көруші, кәсіподақ мүшесі әлі аурухана дәріханасының провизоры Дүрия Таштенованың сенімді өкілі ретінде қатысуым керек еді. Ол бас дәрігердің өзінен 750 мың теңге талап етіп, «әйтпесе жұмыстан қуамын» деп қоқан-лоқы жасағанын айтып, сотқа арыз берген. Тергеу жұмыстарынан кейін бас дәрігер қамалды. Дүрия аурушаң әйел, сосын мені өзінің орнына сотқа қатысуымды өтінген еді. Мен бұл істің де әділ шешілетініне күмәндімін. Сотқа кедергі болмасын деп мені қамап отыр. Сарыағаш соты заңды белшеден басатын былыққа толы, оған менің дәлелім көп, – дейді Ибрагим Жүнісбеков.

Сарыағаш ауданы бойынша медицина қызметкерлері кәсіподағының төрағасы Ибрагим Жүнісбеков бостандыққа қазанның 31-і күні шығады.
XS
SM
MD
LG