Accessibility links

Облыстық полиция басшысының орынбасары қаржы тексерушіге пара берген деген айыппен ұсталды


Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаменті облыстық ішкі істер департаменті бастығының орынбасары полиция полковнигі Александр Максаковқа «ірі мөлшерде пара берген» деген айып тағып, оның үстінен қылмыстық іс қозғады.

– Бірнеше күн бұрын қаржы полициясына Қазақстан Республикасы қаржы министрлігінің қаржы бақылау комитетінің қызметкері арызданып келді. Ол өз арызында Оңтүстік Қазақстан облыстық ішкі істер департаментінің қаржы-шаруашылық қызметін жоспарлық тексеруді жүзеге асырғанын және сол тексеру кезінде заң бұзушылықтар анықталып, нәтижесінде тексеру актін түзгенін көрсеткен. Ішкі істер департаменті бастығының орынбасары түзген актпен танысқаннан кейін қаржы бақылау комитетінің қызметкеріне 5 мың АҚШ долларын пара ретінде беріп, одан тексеру актінде көрсетілген кемшіліктерді көрсетпеуді сұраған, – дейді Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаментінің баспасөз-хатшысы Жұпар Мамутова.

Тергеушілер полиция полковнигі өзінің бұл ісімен Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 312 бабының 4 бөлігінің «В» тармағында қарастырылған қылмыстық әрекет жасаған деп тауып отыр.

Сот күдіктіні қамауға алу туралы қаулы шығарды.

Оңтүстік Қазақстан облыстық ішкі істер департаменті әзірге бұл фактіге қатысты қандай да болмасын түсініктеме беруден бас тартып отыр.

Бейресми ақпарат көздерінің айтуынша, қаржы полициясы жүргізген тексеру кезінде облыстық ішкі істер департаментіне өткен жылға жөндеу жұмыстарына бөлінген 30 милллион теңгенің тең жартысының жымқырылғаны анықталған. Полиция полковнигі осы қылмыстың бетін жабу үшін пара ұсынбақшы болған делініп отыр.

ОҚО ішкі істер департаменті бастығының орынбасары полиция полковнигі Александр Максаков бұл қызметке осыдан екі ай бұрын ғана тағайындалған болатын.
XS
SM
MD
LG