Accessibility links

Айран ішкендер құтылып, шелек жалағандар тұтылды


Петропавлдағы сот залында, судья Хайдар Көшенов.(сол жақта)
Петропавлдағы сот залында, судья Хайдар Көшенов.(сол жақта)

Петропавлда биылғы жылы жергілікті тұрғындардың бәрін дерлік елең еткізген ең шулы іс бойынша сот ісі аяқталып келеді. Парақорлықжөніндегі бұл іске жоғары лауазымды шенеуніктер (бұрынғы) – қалалық құрылыс бөлімінің бастығы Денис Кузнецов пен қала әкімінің орынбасары Павел Глованың қатысы бар.

Алғашқысы сотталушы болса, екіншісі – куәгер. Бұлардың үстінен қылмыстық іс қозғалғаны туралы қаржы полицейлері бастапқыда дабыралап жариялағанымен, тергеу аяқталып, істің сотқа жіберілгені туралы, неге екені белгісіз, үндеген жоқ. Сөйтіп, алғашқы сот отырыстары журналистердің назарынан тыс қалды.

Жалпы, бұл іс биылғы жылдың сәуірінде басталған болатын. Қаржы полициясы сол кезде екі қылмыстық іс қозғаған-тын: пара алуға делдалдық жасағаны үшін Денис Кузнецовтың үстінен және бопсалау арқылы пара алғаны үшін Павел Глованың үстінен. Қаржы полициясының баспасөз хатшылығы сол кезде мәлімдегеніндей, қаланың бас сәулетшісі Денис Кузнецов параны өзінің қызметтік көлігі «Вольво» машинасында алып, кабинетіне апарған және кешкі сағат он кезінде сонда ұсталған. Қаржы полицейлері сондай-ақ журналистерге Кузнецов бұл ақшаның өз басшысына, яғни қала әкімінің жер комиссиясын басқаратын орынбасарына арналғанын айтты деген болатын. Қала әкімінің орынбасары Глова қолына ешқандай ақша ұстамаса да, қаржы полицейлері бәрі дәлелденген деп бой бермеп еді.

Олардың айтуларынша, қалалық бір кәсіпкер өзіне жер телімін бөлу мәселесінің шешілуі үшін 10 мың доллар төлеген. Жеке кәсіпкер Валерий Макаров осыдан үш жыл бұрын өз кәсібін кеңейтпекші болып, жер сұрапты. Барлық қызметтердің рұқсаттарын алып болып, қалалық әкімдікке келгенде, жұмыс тоқтап қалған: қала әкімінің орынбасары - жер комиссиясының бастығы қағаздарына қол қоймапты. Төраға оған Кузнецов мырзаға баруын, сол бәрін түсіндіретінін айтып, кеңес беріпті. Кузнецов өз кезегінде мәселені шешу үшін 20 мың доллар керек екенін айтқан. Кәсіпкердің қалтасында мұндай ақша болмағандықтан, ол қаржы полициясына жүгінеді. Қаржы полицейлерінің де көптеп-көмектеп жинап бергендері шенеуніктердің жемсауын толтыруға жетпейтін болып шықты. Араны ашылған Кузнецовпен саудаласа келе, кәсіпкер оған бәрінің жабылып жинақтаған 10 мың долларын берген.

Содан кейін күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамалған болатын. Бірақ келесі күні Облыстық прокуратураның қаулысы бойынша әкімнің орынбасары босап шықты. Өз қызметінде біраз уақыт істеген соң, ол өз еркімен жұмыстан кетіп тынды.
Ал Денис Кузнецовтың ісі түсініксіз жағдайға ұшырады. Алдымен оған пара алуға делдалдық жасады деген кінә тағылса, кейін бопсалау арқылы аса ірі көлемде пара алды деп айыпталды. Содан соң... ол пара беруге айдап салған құр алаяқ болып шықты. Сөйтіп, ол сот алдына сыбайлас жемқор емес, алаяқ ретінде жауап беріп жатыр. Оның тағдыры - қалалық соттың судьясы Хайдар Кашеновтың қолында. Желтоқсанның 25-інде ол сот жарыссөзін өткізді. Бізге сұхбат беруден бас тартқан Денис Кузнецов сот жарыссөзінде сөйлеуге де құлық танытпады.

Ал прокурор Динара Найманова өз сөзінде қалалық әкімдікте азаматтардың өтініштерін қарау барысында үнемі мерзімдердің сақталмайтынын, көптеген адамдар сергелдеңге түсетінін айтып, жағдайды түзеу үшін сот жергілікті атқарушы органға жеке қаулы жіберу керек деді. Қала әкімінің бұрынғы орынбасары Павел Глованың сот алдында берген жауаптарына, атап айтқанда, «Кузнецовқа ешқандай нұсқау берген жоқпын» дегеніне сыни көзбен қарау керек, бұл жерде ниеттестік сезімі болуы мүмкін деген пікір айтты прокурор. Ал Кузнецовқа жаза белгілеуге келгенде, ол оны 13 жылға бас бостандығынан айырып, бар дүние-мүлкін тәркілеу керек деп шешті. Және сот залында тұтқынға алу керек деп есептейді ол. Әзірге Кузнецов үй жағдайында тұтқында.
Жәбірленуші – жеке кәсіпкер Макаров прокурордың пікірімен толық келісті.
Адвокат Хамит Искандиров сот залында. 25 желтоқсан, 2008 жыл.


Сотталушының адвокаты Хамит Искандиров бізге сұхбат беруден бас тартқанымен, сотта істі тергеу барысындағы кемшіліктерге назар аударылады деп үміттенгенін айтты. «Тергеушілердің көзге ұрып тұрған өрескел кемшіліктерін көрмеу прокуратураға жараспайды» деді ол. Іске моралдық тұрғыдан қарауға да шақырды. Өз қорғауындағы адамның ісін алаяқтықтан қылмыс жасауға ұмтылу деп өзгертуді өтінді. Өйткені, оның пікірінше, Кузнецов өзге адамның ақшасын иемдену туралы ойын соңына дейін жүзеге асыра алған жоқ. Ал негізінде, ол Кузнецовты мүлдем жауапкершіліктен босату керек деп есептейді. «Себебі, ол қылмысқа қатысушы ғана, яғни белгілі бір тұлғаларға пара беруге жай ғана қатысқан» дейді адвокат. Оның пікірінше, сот отырыстарында өзі ұсынған өтініштердің бәрі назарға алынатын болса, істің барлық дәлелдері жоққа шығарылады. Бірақ, егер сот бәрібір Кузнецовты кінәлі деп табатын болса, адвокат оны бас бостандығынан айырмауды өтінді. Жас екенін, осы күнге дейін қылмыстық жауапкершілікке тартылмағанын, қарауында кішкентай балалары, ауру әйелі бар екенін ескеруді, жалпы, адамгершілік танытуды өтінді. «Жас жігіттің болашағына балта шабуға болмайды, оның дұрыс жолға түсуіне мүмкіндік беру керек» деп қорытты сөзін адвокат.

Судья тағы да үзіліс жариялады. Алда – сотталушының соңғы сөзі мен үкім. Оның қандай болатыны ешкімге белгісіз, тіпті судьяға да. Бұл туралы оның өзі мәлімдеді.
XS
SM
MD
LG