Accessibility links

«Қазатомпромның» мердігер кәсіпорнының жұмысшылары жеті ай жалақысыз жүр


ЮКСУ кәсіпорнының жұмысшылары кеңсеге келгенімен, кіре алмады. Шымкент, 12 наурыз 2010 жыл.
ЮКСУ кәсіпорнының жұмысшылары кеңсеге келгенімен, кіре алмады. Шымкент, 12 наурыз 2010 жыл.

Былтырғы шілде айынан бері жалақы алмаған «Қазатомпром» ұлттық компаниясының Шымкенттегі мердігер кәсіпорнының жұмысшылары Оңтүстік Қазақстан облысының прокуратурасы мен Ұлттық қауіпсіздік комитетіне арыздады. Алғашқы прокурорлық тексеру шағым дәлелін тапты.


ЖАРТЫ ЖЫЛДАН АСҚАН СЕРГЕЛДЕҢ

Бес жылға жуық уақыттан бері ЮКСУ (Оңтүстік Қазақстандық құрылыс басқармасы) жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде экскаваторшы болып жұмыс істеп келген Құдайберген Жанұзақов үш айдан бері кеңсе алдын торумен күн өткізуге мәжбүр.

Қаңтар айынан бастап ақысыз демалыста жүрген ол кәсіпорыннан соңғы жалақысын 2009 жылдың маусым айында алыпты. Бала-шағасымен бірге аталмыш құрылыс кәсіпорнында жұмыс істеген азамат зейнеткерлік жасқа таяғандықтан басқа жұмыс таба алмай
ЮКСУ кәсіпорнының жұмысшысы Құдайберген Жанұзақов жеті айдан бері кәсіпорыннан тиесілі еңбекақысын ала алмай жүргенін айтады. Шымкент, 12 наурыз 2010 жыл.
жүргенін айтады.

– Жеті айдан бері көрген күніміз қараң. Жаңа жылдың алдында мені ақысыз демалысқа шығарды. Ешкім ештеңені түсіндірген жоқ. Бастықтар күнде ертеңмен тойдырып келіп, енді тіпті көзден ғайып болды. Қазір кеңседе есепшіден басқа жан қалған жоқ. Олар бізді адам құрлы көрмейді. Шыдамның да шегі бар. Немерелерімізге алатын жәрдемақымен күн көріп келеміз. Үйде газды да, жарықты да сөндіріп тастады. Үйімізді банкке кепілдікке қойып несие алып едік. Далада қалайын деп тұрмыз, – дейді Құдайберген Жанұзақов.

ЮКСУ кәсіпорнының жұмысшылары Оңтүстік Қазақстан облысындағы Созақ ауданы Тайқанұр ауылында «Қазатомпром» ұлттық компаниясының уран өндіру зауытын салумен айналысқандарын айтады. Соңғы екі айдың ішінде 70 адам ақысыз демалысқа шығарылып, жұмыссыз қалған. Қазір құрылыс толықтай тоқтап тұр дейді арызданған азаматтар.

– Біз онда қышқыл су ішіп өмір сүрдік. Өзбекстан мен Қызылордадан келгендер шөлмекпен әкелінген су ішетін. Бәріне көндік. Өткен жылы наразылық көрсеткенімізде, Созақ ауданы әкімшілігінің қызметкері келген. Кейін учаскенің бастығы Әбдірахман Ыдрысов «сендердің байкоттарың 30 мың теңгеге шешілді» деп бізді мазақ қылды. Сенген әкімшілігіміз сатылып кетіп, біздің мәселеміз шешусіз қала берді, – дейді мекемеде жүргізуші болып істеген Саидрасул Исмаилов.

Осы мәселе бойынша ЮКСУ кәсіпорнының әкімшілігінен білу мақсатымен оның кеңсесіне барған Азаттық тілшісіне есіктің ар жағында тұрған күзетшіден басқа жауап берер жан болмады.

ЖАҢА ЕНШІЛЕС КӘСІПОРЫН

Жұмысшылардың айтуынша, осыдан бір ай бұрын мекеме басшылары «Интерра» деп аталатын еншілес кәсіпорын ашқан. Ендігі кезекте түсетін қаражат осы мекеме арқылы келетінін естіп, жұмысшылар жаңа мекемеге жайғасқан бұрынғы басшыларына барған екен. Бірақ одан нәтиже шықпаған.

Арызданушылардың айтуынша, ЮКСУ кәсіпорны жұмысшыларға жеті айлық еңбекақылары үшін шамамен 70 миллион теңге берешек екен. Жұмысшылар жақын күндері құрылыс нысанын салуға тапсырыс берушіден 120 миллион теңге көлеміндегі кепілдеме қаржы осы
Абай Ырысбеков, ЮКСУ кәсіпорнының бас энергетигі. Шымкент, 12 наурыз 2010 жыл.
жаңа кәсіпорынның шотына түспек дегенді естіпті.

– Жаңа фирмаға басшы болған біздің бастық Әбдірахман Ыдрысов ЮКСУ қарызының маған қатысы жоқ деді. Ал бас директор Игорь Томастың қарасын көрмегелі көп болды. «Қазатомпром» төлеп жатыр деп естиміз. Онда ақша қайда? Аузын ашқандар жұмыстан қуылды. Халық айтуға қорқады. 2 айдан бері қол жайып жүрміз. Қара нанға зар болдық. Қазір жақыныңның өзі қарыз бермейді. Ағайынның жаназасына да ақша болмай бара алмай масқара болдық. Жолкүре таппай қалдық. Бос уәдеден шаршадық. Ендігі үмітіміз прокуратурада. Біз сотқа шағымдануға дейін барамыз, – дейді кәсіпорынның бас энергетигі Абай Ырысбеков.

ЮКСУ кәсіпорнынан алашағы бар жұмысшылар наурыздың 9-ы күні 60 адамның қолы қойылған арызды облыстық прокуратураға, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша департаментіне қалдырғандарын айтады. Ендігі кезекте жұмысшылар ел президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың атына да ашық хат жолдамақ.

ПРОКУРАТУРАНЫҢ ЖАУАБЫ

Жұмысшылардың жеті айдан бері жалақы төленбегендігін облыстық прокуратура да растап отыр. Прокуратураның тексеру жұмыстары соңғы жарты жылдың ішінде салық және өзгедей төлемдерді бұл кәсіпорынның төлемей келгенін анықтаған.

– Екі күн бұрын басталған тексерудің алғашқы нәтижесі бұл жайттың дәлелін тауып отыр. Шынында да ЮКСУ кәсіпорны 6 айда кіріс салығы мен зейнетақы қорына қаржы аудармаған. Біз «Қазатомпромға» бұл мекемеге бөлінетін қаржы жағдайы мен жалпы қарым-қатынасын анықтау үшін сұраныс жібердік. Әзірге «Қазатомпром» компаниясы Шымкенттік құрылыс кәсіпорнына ақшаны бөлгені не бөлмегені белгісіз. Егер шын мәнінде кәсіпорын басшылары ақшалары болып тұрып жалақы бермегені дәлелденсе, онда заң бойынша жұмысшыларға тиесілі ақшаны өтеп береміз деп уәде беремін, – деді Азаттық радиосына берген сұқбатында Оңтүстік Қазақстан облыстық прокуратурасының әлеуметтік және экономикалық саладағы заңдылықтарды қадағалау басқармасының бастығы Оразалы Әбдіраманов.

Прокуратураның мәліметінше, ЮКСУ кәсіпорнының бас директоры әрі құрылтайшысы Ресей азаматы Игорь Константинович Томас қазір Қазақстанда жоқ. Тексеруге келген прокуратура өкілдеріне кәсіпорын есепшісі басшының наурыз айының 15-нен кейін келетінін айтыпты.

Сондай-ақ прокуратура арыз иелері айтып отырған әлгі жаңадан ашылған еншілес кәсіпорын туралы мәліметтерді де тексеруде.
Оразалы Әбдіраманов, Оңтүстік Қазақстан облыстық прокуратурасының әлеуметтік және экономикалық саладағы заңдылықтарды қадағалау басқармасының бастығы. Шымкент, 12 наурыз 2010 жыл.


– Біз тексеруді толық жүргізіп, шағымда айтылған жайттар нақты айғақ-дерекпен расталатын болса, бұл іс бойынша қылмыстық іс қозғауға дейін барамыз. Кәсіпорынның жұмысшыларға қанша қарызы бар екені де анықталып жатыр. Жалпы, еңбек заңдылығының бұзылуы әсіресе қазіргі дағдарыс кезінде кеңінен белең алып отыр, – дейді облыстық прокуратураның басқарма бастығы Оразалы Әбдіраманов.

Ресми деректер бойынша, биылғы жыл басынан осы кезге дейінгі уақыт кезеңінде Оңтүстік Қазақстан облыстық прокуратурасына шағымданған әртүрлі мекемелерде қызмет атқаратын 3 мыңға жуық азаматтың жалпы жиыны 95 миллион 500 мың теңге көлемінде еңбекақысы өтелген екен.

Жқмысшылар уран өндіру зауытының құрылысымен айналысатын кәсіпорындағы тоқырау «Қазатомпром» ұлттық компаниясының бұрынғы басшысы Мұхтар Жәкішевтің тұтқындалуынан соң басталғанын айтады.

2009 жылы мамыр айында Ұлттық қауіпсіздік комитеті қамауға алған Мұхтар Жәкішевке қарсы қозғалған қылмыстық істі қараған Астананың Сарыарқа аудандық соты өткен аптаның соңында Мұхтар Жәкішевті 14 жылға, ал оның күзетшісі Талғат Қыстаубаевты 5 жылға бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарған болатын.
XS
SM
MD
LG