Accessibility links

Тарифтердің өсуіне жарияланған мораторийге қарамастан, оңтүстікте газдың бағасы қымбаттады


Мамырдың 15-інен бастап Оңтүстік Қазақстан облысында көгілдір отын бағасы 18 пайызға қымбаттады. Бағаның қымбаттамайтыны туралы үкіметтің уәдесіне сеніп келген қарапайым халыққа бұл қатты тиіп отыр.

Биылғы ақпан айының басында ұлттық валюта – теңгенің құнсыздануы көгілдір отын бағасының шарықтауына әкеп соқты. «ҚазТрансГаз Аймақ» акционерлік қоғамының Оңтүстік Қазақстандағы өңірлік филиалының басшылығы бағаны көтеруге байланысты ұсыныс республикалық Табиғи монополияларды қадағалау агенттігіне наурыз айының 31-і күні жолданғанын айтады.

– Бағаның өсуіне теңгенің құнсыздауы негізгі себеп болып отыр. Көгілдір отын Өзбекстаннан доллармен сатып алынатыны белгілі. Сондықтан, шетел валютасының шарықтауынан, көгілдір отын құнын көтеруге мәжбүрміз. Материалдық шығын көлемінің артуына байланысты біздің компанияның басшылығы толық негіздемелерді жинап, Астанадағы Табиғи монополияларды қадағалау агенттігіне тапсырған. Мамырдың 1-і күні олар біздің ұсынысты қолдады. Қазіргідей дағдарыс заманында бағаның өскені халыққа ауыр тиетінін түсінеміз, бірақ, өзге амал жоқ, – дейді «ҚазТрансГаз Аймақ» компаниясы филиалы директорының орынбасары Серік Байзақов.

Осылайша, 15-ші мамырдан бастап, қосымша құн салығын қоса есептегенде, осыған дейін әр мың текше метрі 16 мың 02 теңге тұрған тұрмыстық газдың бағасы 18 мың 93 теңгеге бір-ақ көтерілді. Ал өндіріс орындары үшін белгіленген тариф 19 мың теңгеден асып жығылады.

Бұған дейін елде коммуналдық тарифтердің көтерілуіне мораторий жарияланған болатын. Алайда, бұл жолы тұтынушыларға газ бағасын қымбаттату туралы компанияның ұсынысына рұқсатты Астана бергенін айтады Оңтүстік Қазақстан облыстық табиғи монополияларды реттеу агенттігі департаментінің басшылығы.

– «КазТрансГаз Аймақ» компаниясы бірнеше аумақты газбен қамтамасыз ететін болғандықтан, тікелей республикалық Агенттіктің бақылауында. Олардың қызметі мен тарифтің өзгеруін біз – жергілікті мекеме – қадағалай алмаймыз, бұл біздің құзырымызға жатпайды. Коммуналдық қызметтің өзге түрлерінен биыл тек судың бағасы ғана кестеге сәйкес 10 пайызға өсті. Басқа қызметтердің бағасы қымбаттаған жоқ, – дейді облыстық табиғи монополияларды реттеу агенттігі департаменті директорының орынбасары Шерінәлі Үсенов.

Көгілдір отынның бағасы соңғы рет осыдан 10 ай бұрын, яғни, 2008 жылдың 1 шілдесінде 30 пайызға қымбаттаған болатын. Ол кезде газшылар Өзбекстан жағының бағаны күрт қымбаттатуын желеу еткен еді.

Ал бұл жолы – ұлттық валютаның құнсыздануынан кейін АҚШ доллары бағамының өсуі сылтау болды. Бірақ, бағаның қымбаттауы қарапайым халықтың қабырғасына батып отыр.

Зейнеткер Фаина Шырбаева коммуналдық төлемдерге кірісінің ауқымды бөлігін жұмсайтынын айтады. Шымкент, 15 мамыр 2009 ж.
Зейнеткер Фаина Шырбаева кезекті қымбаттаудың өз отбасына ауыр салмақ болатынын айтады. Жеті баланың анасы бұны монополистерге тісі баспайтын биліктің жұмысының кемшілігі деп санайды.

– Әкім-қаралар қайда қарап отыр халықты қанатып қойып? Олардың барлығы қара бастарының қамымен, өз қалтасының қампиғанын ғана ойлап жүргендер ғой. Осыған жол беріп отырған мына біздің үкіметке не қайыр?! Ең әуелі халықтың қалай өмір сүріп жатқанын неге көрмейді солар? Онсыз да облысымыздағы барлық коммуналдық қызметтің бағасы бүкіл ел бойынша ең қымбат болып отыр қазір. Оңтүстіктегі арзаншылық заман артта елес болып қалды. Қазір базарға барсаң, бағадан шошисың. Құр қара нан мен қара шаймен отырмыз, – деп ашынады ақ жаулықты ана.

Иран елінен ата-бабасының кіндік қаны тамған жерге оралған Қаратамыр Мозамедазимнің де билікке деген өкпесі қара қазандай. 10 адамнан тұратын баспанасын газбен жылытатын ақсақал, ай сайын 7 мыңнан 15 мың теңгеге дейін ($1=150 теңге) қаражатты көгілдір отынға төлейді екен.

Қаратамыр Мохамедазим, Иран елінен көшіп келген оралман. Шымкент, 15 мамыр 2009 ж.
– Мен Қазақстанға оралғалы 15 жылдай уақыт болып қалыпты. Осы уақыт ішінде 5600 теңге зейнетақы алып келдім. Биыл ғана оған бар болғаны 1000 теңге қосылды. Балаларымның жұмысы жоқ. Жалдамалы күйбің-тірлікпен күн көреміз. Бұрында шет жақта жүріп 1 теңгеге нан алатын едік, енді елге келіп ақшаның құны кеткенін біліп жатырмыз. Қарттардың жағдайы тіпті құлдырап барады. Осының барлығын мемлекет басшысынан бастап, барлық билік басындағы бөркі құр шошайған әкім-қараларға жеткізіңізші, – деп өтініш білдірді Қаратамыр қария.

«ҚазТрансГаз Аймақ» компаниясы бүгінде Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл, Қызылорда, Қостанай, Ақтөбе, Маңғыстау және Батыс Қазақстан облыстарын көгілдір отынмен қамтамасыз етіп отыр.

AzattyqTV

Қырғыз суретшісі

Лаймен салынған портрет

Аудиоподкаст

XS
SM
MD
LG