Accessibility links

Қазақстан футбол құрамасының бас бапкері Бернд Шторк қызметінен кетті


Футболдан Қазақстан ұлттық құрамасының бұрынғы бас бапкері Бернд Шторк. Алматы, 15 қазан 2010 жыл.
Футболдан Қазақстан ұлттық құрамасының бұрынғы бас бапкері Бернд Шторк. Алматы, 15 қазан 2010 жыл.

Футболдан Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Бернд Шторк жұмыстан босатылды. Жұма күні Қазақстан футбол федерациясы Шторктың келісім шарты мерзімінен бұрын тоқтатылғанын мәлімдеді.


Футболдан «Еуро - 2012» іріктеу турнирінде биыл төрт ойын өткізіп, бәрінде жеңіліп қалған Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Бернд Шторктың келісім шарты мерзімінен бұрын тоқтатылып, ол қызметінен босатылды. Бұл туралы қазанның 15-і күні Алматыда баспасөз мәслихатын өткізген Қазақстан футбол федерациясының басшылығы мәлімдеді.

АҚТАЛМАҒАН ҮМІТ

Жұма күні журналистерге бұл жаңалықты жеткізу үшін Қазақстан футбол федерациясы президентінің екі бірдей орынбасары – Сейілдә Байшақов пен Виктор Катков және бұрынғы бапкер Бернд Шторктың өзі де келді.

Алдымен сөз алған федерация вице-президенті Виктор Катков ұлттық құраманың бас бапкері Бернд Шторкқа іріктеу ойындарының
«Евро-2012» іріктеу турниріндегі кездесуде қазақ футболшылары Максим Азовский мен Казбек Гетериев (оң жақта) неміс құрамасының ойыншысы Мирослав Клоздан (сол жақта) допты ала алмады. Астана, 12 қазан 2010 жыл.
биылғы төрт ойынында үш ұпай алу тапсырмасы жүктелгенін, алайда оның орындалмағанын айтып өтті.

– Кеше федерацияның атқарушы комитетінің мәжілісінде бас бапкердің мәселесі қаралды. Комитет Шторк мырзаның келісім шартын ұзартпау туралы шешім қабылдады. Келісім шарттағы қаржы талабы жыл соңына дейін орындалады. Ал бүгіннен бастап біз жаңа бапкер іздеумен айналысамыз. Оны келер жылдың басында жариялаймыз, – деп хабарлады Виктор Катков.

Оның айтуынша, федерация биылғы жылға белгіленген іріктеу ойындарында соңғы матчқа дейін ұлттық құрама ұпай алып қалар деген үмітте болыпты.

– Айтсам сіздерге күлкілі көрінетін де шығар, әйткенмен біз Германиядан ұпай аламыз деп үміттенген едік. Сондықтан да біз Шторк мырзаға соңғы ойынға дейін үміт арттық, – дейді Виктор Катков.

ШАПАН ЖАУЫП ШЫҒАРЫП САЛДЫ


Бернд Шторктың осы жылдар ішінде «жаман жұмыс атқармағанын» тілге тиек еткен Виктор Катков көпшілік алдында неміс маманына
Бернд Шторк (сол жақта) пен Виктор Катков. Алматы, 15 қазан 2010 жыл.
алғыс айтып, қазақ салтымен иығына шапан жапты.

Қазақстан құрамасының бұрынғы бас бапкері Бернд Шторк та федерация шешіміне реніші жоқ екенін білдіріп, жалпы Қазақстан жұртшылығы мен федерация басшылығына ризашылығын айтты. Әзірге нақты жұмыс орнын таппаған Бернд Шторк жақын күндері Берлинге кететінін хабарлады.

– Мен отставкамен келісемін, өйткені алдыма қойылған міндет маңызды болды. Жолымыз болып бір ұпай алғанда болушы еді. Ондай мүмкіндік бізде Австриямен ойында болды да. Осы екі жарым жыл ішінде команданың ілгерілеушілігін байқадым, – деді Бернд Шторк.

ҚҰРАМАҒА ЖАҢА БАПКЕР КЕРЕК

Қазақстан футбол федерациясы басшылығы ұлттық құраманың бас бапкерлігіне кандидат ретінде кімді көздеп отырғандарын айтпады. «Қазір іздестіріп жатырмыз, жыл басында хабарлаймыз» деді.

Қазақ футболы тақырыбына жазатын журналистердің көпшілігі Қазақстанға Еуропа немесе басқа шет елдерден бапкер іздеп қажеті жоқ деп санайды. Маманды бұрынғы Совет одағы елдерінен, атап айтқанда, Ресей немесе Украинадан қарастырған жөн деп санайды «Алматы ақшамы» газетінің спорт шолушысы Ермұхамет Мәулен.

Оның пікірінше, Қазақстанға Романцев, Газзаев, Тарханов және Далматов сынды мамандар ыңғайлы әрі олар Қазақстан футболымен етене таныс. Алайда, постсоветтік елдерден маман шақыруда бұған дейін келеңсіз тәжірибенің болғанын да журналист атап өтті.

– Құрбан Бердиевтің Қазақстаннан көңілі қалған. Кезінде оны «Қайратқа» бапкерлікке алмай қойған. Қазақстан футбол федерациясының басшыларынан талай қысым көргеннан кейін Ресейге кетіп қалған. Ал қазір оның атақ-абыройы асқақ. Оның үстіне, Қазақстан футбол федерациясындағы былық-шылықты білетін адам ретінде Құрбан Бердиев келе қояды дегенге сенбеймін, – дейді спорт шолушы Ермұхамет Мәулен.

47 жастағы Бернд Шторк Қазақстанға 2008 жылдың шілдесінде келді. Сол кезде «Алматы» футбол клубы мен Қазақстан жастар құрамасын жаттықтырды. Ал 2009 жылдың қаңтарында футболдан ұлттық құраманың бас бапкері болып тағайындалды.

Осы жылдар ішінде 14 матч өткізіп, соның тек үшеуінде ғана жеңіске жеткен Қазақстан құрамасы «Еуро - 2012» іріктеу турнирінде биыл төрт ойын өткізіп, бәрінде ұтылды. Өз қақпасына он доп соққызған Қазақстан командасы бірде-бір гол соға алмады.

Қазір команда турнир кестесінде «А» тобында ең соңғы орында тұр.
XS
SM
MD
LG