Accessibility links

Дағдарыс студенттер оқуына қалай әсер етеді?


Алматыдағы Қазақ Ұлттық Университетінде білім алатын Назым, бүгінгі күнде жұмыс іздеп жүргендігін айтады. Оның басты себебі – оқуының ақшасын дер кезінде төлеу қажет.

- Біз, мысалы, осыдан үш жыл бұрын оқуға түскенде 215 мың тенге төлегенбіз. Ол кезде ата-анамызға ол ақшаны төлеу аса қиын емес болатын. Ал қазір уақыт өте келе біртіндеп біздің жағдайымыз қиындап келеді.Сондықтан біз, яғни, мен және менің құрбыларым, барлығымыз жұмыс істеп ата-анамызға көмектесеміз.


Назым кез-келген жұмыс істеймін деген ниетіне қарамастан, екі айдан бері жұмыссыз жүрген көрінеді.


- Қазіргі кезде бізге, жастарға жақсы орындарда жұмыс істеу қиындау болып кетті. Жақсы айлығы бар жер табылмайды. Тек біз емес, ата-анамыздың өздері де айлықтарын ала алмай отыр. Егер біз биыл осындай ақшаны төлеуге қиналып жатсақ, келесі жылдары оқуымызды бітіреміз бе, бітірмейміз бе екіталай.


Елдегі сарапшы мамандардың сөзіне жүгінсек, экономикалық дағдарыстың шарықтау шегі алдағы 2009-2010-шы жылдарға келмек. Экономика және бюджеттік жоспарлау министрі Бақыт Сұлтановтың мәлімдеуінше, әлемдік нарықтағы мұнайдың 1 баррелінің бағасы 25 доллар күйінде ұзақ сақталатын болса, ел бюджетіне 150 млрд теңгеден астам қаржы түспей қалуы мүмкін. Ал бұл дегеніңіз алдағы жылы бюджеттің біршама қысқаруына алып келмек. Алайда, экономист Рахман Алшановтың пайымдауынша, бюджетті жоспарлауда артық ақша деген болмау қажет. Егерде ешқандай ысырап жасамасақ алдағы дағдарыстан зардап шекпей өтуіміз мүмкін.


- Өткен жылы 84 млрд. теңге игерілмей қалған. Оның алдында да солай болды, қаншама қаржы текке кетті. Сондықтан бюджеттің қысқаруы өзіміздің шығындармен пара-пар. Егер шығындар жібермейтін болсақ, дұрыс пайдаланатын болсақ, онда 150 млрд-ыңыз түкке тұрмайды деп айтуға болады.


Осы орайда маман, бүгінде дамуды тоқтата тұрып, қолдағы барды сақтап қалуды ойластыру қажет деген пікір айтты.


- Мұнайды жай сала ретінде қарауымыз керек те, үлкен-үлкен ірі жобаларды көруіміз керек. Мүмкін ертеңге қалдыруымыз керек шығар. Сондықтан күнделікті экономиканы өсіреміз, дамытамыз дегенді қойып, қазір шыдау керек. Қазір экономикамыз қалай шыдайды, жұмыс қалай болуы мүмкін, елдің әлеуметтік жағдайы қалай болуы мүмкін? Сондықтан бүгінгі таңда 2009-2010-шы жылдың көрсеткіштері басқаша болу керек те, біз басқаша есептеуіміз керек. Бүгінде даму емес, бүгінде аман қалуды қолға алу керек.


Ал, «Азат» партиясы төрағасының орынбасары Петр Своиктің сөзіне қарағанда, экономикалық дағдарыс ең алдымен қоғамдағы ең «нәзік салаларға» әсер етпек.


- 150 млрд. теңге шамамен алғанда, бюджеттің 15 пайызын құрайды. Бір қарағанда ол айтарлықтай көп емес те болар. Алайда ол ақша белгілі бір салаларға керек. Менің ойымша, бұл қысқарту ең алдымен қоғамдағы көмекке зәру - медицина, білім және зейнетақы салаларына өз зиянын тигізбек


Мұнай дағдарысының тарихына көз жүгіртетін болсақ, 1973 жылы мұнай өндіруші мемлекеттер, негізінен араб елдері, Палестинадағы соғысқа байланысты мұнай беруді тоқтатқан болатын. Сол кезде мұнай саласында дағдарыс орын алып, мұнай бағасының баррелі 5 долларға жетер-жетпес болған еді. Одан кейін 1978-ші жылы 15 долларға, ал 80-ші жылдары 37 долларға көтерілді. Алайда Ирандағы революция салдарынан баға тағы да құлдырап, мұнайдың бағасы 14 долларға түскен еді.

Дегенмен, үстіміздегі жылдың жазында мұнайдың бір баррелінің бағасы 147 доллар болып, өзінің рекордтық көрсеткішіне жеткен болатын. Ал желтоқсанның 18-індегі көрсеткіш бойынша бұл баға 46 долларды құрап отыр. «ҚазМұнайГаз» ұлттық мұнай компаниясының президенті Қайыргелді Қабылдиннің мәлімдеуі бойынша, әлемде мұнай бағасының құлауына байланысты, алдағы 2009-шы жылы мұнайдан түсетін таза пайда 3-4 есеге азаюы ықтимал. Биылғы жылы таза пайданың құны 390 млрд. теңгені құраса, келер жылы бұл көрсеткіш 90 млрд теңгені құрауы мүмкін.

XS
SM
MD
LG