Accessibility links

«DAT-Xmedia» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі банкрот, ал «ДАТ» жобасы жалғаса береді


«DAT-Xmedia» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Ермұрат Бапи «Тасжарған» жабылғанымен, күзде оның мұрагері ретінде жаңа газеттің шығатынын мәлімдеді. Депутат Мадиновтың Азаттықтың сауалына жауап беруге мүмкіндігі жоқ.

«ТАСЖАРҒАННЫҢ» ОРНЫН ІЗБАСАРЫ БАСАДЫ

Тамыздың 21-і күні ҚР Жоғарғы соты «Тасжарған» газетінен парламент мүшесі Ромин Мадиновтың пайдасына 30 млн. теңге өндіру туралы Медеу аудандық сотының шешімін өзгеріссіз қалдырды.

Депутат Ромин Мадинов талап етіп отырған мөлшердегі ақшаны төлеуге газеттің меншік иесі - «DAT-Xmedia» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің мүмкіндігі жоқтығын мәлімдеген компанияның директоры Ермұрат Бапи депутаттың талабын ақылға сыймсыз деп санайды.

Журналист Ермұрат Бапи, «Тасжарған» газетінің «бас оқырманы». Алматы, сәуір, 2009 жыл.
«Мадиновтың қойып отырған талабы ешқандай қаржылық құжаттармен дәлелденбейді. Ол қандай жағдайда зардап шекті? Оның бизнестегі серіктестері кетіп қалды ма? Немесе «Нұр Отанның» атынан парламентте отырған кезде оның маңайындағы депутаттар «Тасжарғанда» шыққан жарияланымнан кейін одан теріс айналды ма? 5 соттың біреуіне ондай қағаз әкеле алған жоқ. Соңғы үмітіміз де ақталмады. Жоғарғы сот та өздерінде ерік-жігері мен билігі жоқ сот екен. Ол 30 млн-ды төлеп беретін жағдай жоқ. Екі бірдей есеп-шотымызда тұрған миллионға жуық теңгені менің ойымша олар алған. Қалғанын беретін жағдай жоқ. Сондықтан біз «Тасжарған» газетінің кәсіпорны «DAT-Xmedia» серіктестігінің банкроттығын жариялауға мәжбүр болып отырмыз», - деді Ермұрат Бапи.

Бұл мәселеге қатысты депутат Ромин Мадиновтың пікірін алуға талпынғанымызбен, онымен тілдесудің сәті түспеді. Өзін депутаттың көмекшісі ретінде таныстырған Такира Әбілқасымқызы Азаттық тілшісінің сауалына жауап беруге Мадинов мырзаның мүмкіндігі жоқ екендігін сыпайы түрде жеткізумен шектелді.

«DAT-Xmedia» компаниясының жұмысы тоқтаса да, «ДАТ» баспагерлік жобасы идеясының өшпегенін жеткізген Ермұрат Бапи «Тасжарғанның» ізбасары биылғы қыркүйек айының басында пайда болатынын айтты:

«Маған қазір «Даттың» бір топ жанашыры мен бастамашыл топ шығып, осы «Даттың» жобасын жандандырайық дегенді ұсынуда. Енді редакция жаңа кәсіпорынның басшылығымен сол газеттің мұрагерін қыркүйек айынан бастап шығарады. Ол жаңа газет, десе де бұрынғы газеттердің жалғасы екенін дәлелдейді деген сенімдемін».

Журналист Ермұрат Бапи (оң жақта) сөз бостандығына қысым жасалуына қарсылық шарасында «Тасжарған» газетінен сот арқылы 300 миллион теңге өндіріп алмақ болған парламент депутаты Ромин Мадинов бейнеленген жазу ұстап тұр. Алматы, 24 маусым 2009 жыл.
Өзін жабылған газеттің бас оқырманы ретінде атап келген Ермұрат Бапи жарық көрмек боп отырған газеттің атауын қауіпсіздік мақсатында әзірге атамай отыр. Жаңа газет мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Десе де, тәуелсіз журналист бүгінгі таңда басылымдарды тіркеуде қиындықтардың бар екенін атап өтті.

«Бізде өзімізде тіркелген газеттер бар. Бірақ сонда да қосымша 8 газетті тіркеуге бердік. Бірінші «Феникс» газетін тіркеуге бердік. «Ондай газет бар» деп тіркемей қойды. Онан кейін «А», «Б», «В», «Г», «Д», «К» «Т» деген 8 газетке тапсырыс бердік. «Ондай газеттер де бар» деген сылтаумен тіркемей жатыр. Тіркеуге ұсынып отырған азаматтар оппозициялық қозғалыстың азаматтары болғандықтан, олар мұны біліп отырған шығар», - деп топшылайды журналист Ермұрат Бапи.

«ТАСЖАРҒАННЫҢ ҮНІН ӨШІРУГЕ БҰЙРЫҚ АСТАНАДАН БЕРІЛДІ»

Алматы қалалық сотының шешімін өзгеріссіз қалдыру туралы Жоғарғы Соттың шешімі дәл бейсенбі күні шығады деп ешкім де күтпеген. Тұтқиылдан шыққан шешім газет редакциясының соңғы үмітін мүлде жоққа шығарады.

«Тәуелсіз газет болғаннан кейін, Қазақстан билігінің халықаралық ұйымның алдында кішкене болса да ұяттары оянып, осы газеттің тағдырына алаңдаушылық білдірер, мүмкін, сомасын қысқартып, басқадай шешім шығарар деген үмітіміз болған еді. Сол үмітіміз
Бақытгүл Мәкімбай, «Тасжарған» газетінің бас редакторы. Алматы, сәуір, 2008 жыл.
ақталмады. Алдыңғы шешім сол күйінде қалды. Тіпті соны Жоғарғы Сот қарамапты да. Медеу аудандық сотының шешімі қайта қарауға жатпайды деп сол күйінде қалдырған», - деді жабылған газеттің бас редакторы Бақытгүл Мәкімбай жұма күні Азаттық радиосына.

Алматы қалалық соты «Тасжарған» газетінен 30 млн теңге өндіру туралы шешімін шығарғалы бері газетке тыным болмапты («сот орындаушысының талаптарын қасақана орындамағаны үшін» Ермұрат Бапидың 5 тәулікке қамалуы, сот шешімін орындамағаны үшін Медеу аудандық ішкі істер бөлімінің іс қозғауы, т.б). Тіпті сол үшін газет сәуір айынан бері жұмысын уақытша тоқтатқан. Бақытгүл Мәкімбай газеттің жұмысына «нүкте қою» Астанадағы жоғары биліктің тапсырмасымен жасалғанына сенімді.

«Бұл «Тасжарған» газетінің жабылуына Ромин Мадиновты желеу қылып ұстап, Ақордадан, президент әкімшілігінен берілген тапсырыс қой. Қайдағы бір қарапайым азаматтың шағым-арызын 30 млн-ға бағалап. Әу баста 300 млн деген. Мысалы, көшеде жүрген үй сыпырушысы немесе көлік жүргізушісі 30 млн-ға өзінің құнын бағаламас еді. Қоғам адамдарды аластап жатыр. Мадинов депутат ретінде ғана 30 млн бере алады, ал қарапайым адам беріп көрсін, бере алмайды. Олардың құны жоқ. Бұл жердегі баға мемлекет билігінің адамдарды алалауының, тәуелсіз газетті жабудың, соған жасаған қастандығының белгісі», - дейді Бақытгүл Мәкімбай.

Қазақстандағы алғашқы оппозициялық басылым – «ДАТ» газетінің алғашқы саны 1998 жылы сәуірдің 16-күні жарық көрді. Сол жылы жабылған бұл газеттің орнын жарты жылдан соң «СолДАТ» газеті басты. Сот шешімімен ол да жабылған соң Қазақстанда әр жылдары, «ДАТ» баспагерлік жобасы аясында «Сегодня-Бүгін», «ДАТ-Ақбота», «ДАТ-Колесо», «ДАТ-Иртыш», «Жұма-Таймс», «Айна-плюс» және «Тасжарған» газеттері жарық көрді.
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

XS
SM
MD
LG