Accessibility links

Түркменстанда фермерлер социализм мұрасының қарсылығына тап болып отыр


Мал базарына ешкілерін сатуға әкелген түркмен шопаны. Ашғабат, 6 шілде 2008 жыл.
Мал базарына ешкілерін сатуға әкелген түркмен шопаны. Ашғабат, 6 шілде 2008 жыл.

Түркменстанның ауыл шаруашылығы саласы социализм кезеңіндегі қалпынан көп өзгере қойған жоқ. Жекешелендіру туралы уәде айтылғанымен, фермерлік шаруашылықтар ескі заманнан қалған кедергілерге кезігуде.


ҚИЯНДА ҚАЛҒАНДАР

Түркменстандағы жұмыс күшінің жартысы айналысатын ауыл шаруашылығы ел экономикасының маңызды бөлігі боп табылады. Бірақ фермерлер екі жүйенің – коммунистік ұжымдық ауыл шаруашылығы мен болашақ жекешелендіру уәдесінің – ортасында қалып отыр. Олар бұл екі жүйеден де пайда көрмейтіндерін айтуда.

Түркменстанның бай аймағында тұратын 35 жастағы Багул ауыл шаруышылығымен айналысып, күн көреді. Үш баланың анасы отбасын асырау үшін тапқан ақшасын әрең жеткізеді.

Багул мен оның күйеуі Ағагелді елдің шығысындағы Мари өлкесінің Мургап ауылында мемлекеттен жалға алған гектар жерден пайда көріп, өмір сүреді. Мемлекет оларға жинаған астығы үшін жылына шамамен 2 мың манат, яғни 700 доллар береді.

Багул мен Ағагелді екі сиыры мен жеке бау-бақшасынан жылына қосымша 700 манат – 245 доллар ақша табады. Бірақ жеміс-жидектері мен қолдан жасалған ірімшігін қымбатырақ бағаға сату үшін Багул поезбен 820 километр жол жүріп, Каспийдегі Түркменбаши қаласына
Ашғабат базарында көкөніс пен жеміс-жидек сатып тұрған әйел. 27 шілде 2009 жыл.
баруы тиіс.

Багулдың айтуынша, олардың тапқан ақшасы отбасын асырау үшін жеткілікті емес. Атын атамауымызды өтінген Багул: «Барлық балаларымыз мектепке барады, оларға киім мен басқа да күнделікті қажетті нәрселерді алып беруіміз керек. Бір отбасы айына 225 манатқа – 80 долларға не істей алады?» – дейді.

БИЛІКТІҢ ӨКТЕМДІГІ

Дүниежүзілік банктің мәліметінше, Түркменстан экономикасының маңызды бөлігі деп есептелетін ауыл шаруашылығы елдің ішкі жалпы өнімінің 22 пайызын құрайды және жұмыс күшінің жартысынан көбін қамтиды. Бірақ совет дәуіріндегі ұжымдық ауыл шаруашылығы жүйесінен жекешелендіру әдісіне көшуге тырысып жатқан Түркменстанда Багул сияқты кішігірім фермерлер қиыншылықтарға тап болып отыр.

1991 жылы тәуелсіздік алғаннан кейін Түркменстан жаңа «диқандар шаруашылығы» табын құра бастады. 1996-97 жылдары бұрынғы ұжымдық мемлекеттік фермалар «диқандар бірлестігіне» айналды.

Жерді жалға алатындарға жеңілдіктер ретінде бұрынғы президент Сапармұрат Ниязов оларды 10 жылға салықтан босатуды ұсынды. Өз кезегінде шаруа қожалықтары жеке бюджетіне қол жеткізіп, тәуелсіз болуы тиіс еді. 2006 жылдың аяғында Ниязовтың өлімінен кейін билікке келген президент Гурбангұлы Бердымұхаммедов кезінде әлгі жеңілдіктер берілмейтін болды.

Багулдың айтуынша, сөз болып отырған жеңілдіктер өнімділік деңгейін өсіре алмаған. Сонымен қатар соңғы жылдары фермерлердің табыс салығы 12 пайызға көтерілген.

Бұған қоса кішігірім фермерлер тағы бірқатар қиындықтарға тап болып отырғандарын айтады. Жеке агротехника сатып алуға мүмкіндігі жоқ фермерлер оны мемлекеттен немесе жеке меншік иесінен жалға алуы тиіс.

«Агрегатпен жерді әзірлеу үшін фермерлер бер гектарға 20 манат (7 доллар), жерді тыңайту үшін 10 манат, дән егу үшін 10 манат, оны өсіру үшін 15 манат төлеуі тиіс. Егер сіз мұны төлемесеңіз, агротехниканы алмайсыз. Алайда біз салық төлеуге міндеттіміз», – дейді Багул.

ҚОРҒАНСЫЗДАР

Түркменстан Конституциясы жеке жер міншігі құқығын мойындайды бірақ іс жүзінде жер сатылмайды, сыйлыққа берілмейді,
Ашғабат маңындағы елдімекендердің бірінде. 8 қараша 2009 жыл.
айырбасталмайды.

Жергілікті сарапшы Аманмұрат Бугаевтың айтуынша, бұл да үкіметтің ауыл шаруашылығын жекешелендіру әдісіне көшіру әрекеттеріндегі кемшіліктерді көрсетеді.

«Билік орындары фермерлерге жерді бір жылға жалға береді. Фермерлер оған өз мүлігі ретінде қарамайды себебі олар келесі жылы осы жерді жалдай ала ма жоқ па – оны білмейді», – дейді Бугаев.

Табиғи газға бай Түркменстан көгілдір отынын Ресей, Қытай, Иран елдеріне экспорттайды. Бірақ диқандар бізге бұдан пайда жоқ дейді.

Фермерлер мемлекеттен техникалық және қаржылай қолдау көрсетілсе екен деген тілектерін жеткізді.
XS
SM
MD
LG