Accessibility links

Қызылжарлық кәсіпкерлер үкіметтің жеңілдетілген несиесін алуда және қайта қаржыландыруда қиындықтарға тап болды


Қабыкен Сәдуақасов, кәсіпкер. Петропавл, 23 сәуір 2009 ж.
Қабыкен Сәдуақасов, кәсіпкер. Петропавл, 23 сәуір 2009 ж.

Мемлекеттік бағдарлама бойынша шағын және орта бизнес өкілдерінің бұрын алған несиелерін қайта қаржыландыру және 12,5 пайыздық өсімақымен несиелер беру барысы жеңілдетіліп, қажетті құжаттар саны азайтылғанымен (бұрын он құжат қажет болса, қазір – екеу), енді солтүстікқазақстандық кәсіпкерлер банктердің қиындықтарына тап болып отыр.

Солтүстік Қазақстанда кәсіпкерлерге мемлекеттік бағдарлама бойынша несие берумен жеті банк айналысады. Кәсіпкерлердің сол банктерге өкпесі қара қазандай.

Облыста мемлекет кәсіпкерлерге бөлген қаржыны игеру қарқыны төмен. Осы күнге дейін ұсынылған 108 жобаның 42-сі ғана бекітілді. Солтүстікқазақстандық кәсіпкерлер, негізінен, алты сала бойынша тапсырыс беріпті. Бұл – сауда, қызмет көрсету, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, көлік және құрылыс.

Қызылжарлық кәсіпкер Қабыкен Сәдуақасов «ЦентрКредит» банкіндегі бұрын алған несиесін қайта қаржыландыра алмай жүргенін айтады. Оның сөзіне қарағанда, банк оның өтінішін қарап, қанағаттандырғанымен, бұл банктің облыстық филиалына 3-ші транш бойынша ақша бөлінбепті. Сонымен, ол өз несиесін бұрынғыдай 19 пайыздық өсіммен өтеуге мәжбүр болып отыр. «Бұл да – Үкіметтің кезекті PR акциясы, оны жзеге асырудың ешқандай тетіктері ойластырылмаған» дейді ол. Енді ол бірқатар орындарға шағымданбақшы.

Түрлі қиындықтарға тап болған кәсіпкерлердің бір шағымданатын жері – «Атамекен» одағының облыстық филиалы. Оның директоры Елена Виссарова «Азаттық» радиосына берген сұхбатында екінші деңгейдегі банктер кәсіпкерлерге жеңілдетілген несие беруге мүлдем құлықсыз екенін жеткізді:

«ЦентрКредит» банктің Петропавлдағы бөлімшесі. 23 сәуір 2009 ж.
«Кәсіпкерлердің көбі заңға шорқақ, ал заңгер мамандарды бәрі бірдей ұстамайды. Сондықтан банктерге келгенде, ондағы заңгерлер өздерінің «қатып қалған» тілмен айтқан сөзінің көбін түсінбейді. Сосын банк қызметкерлері айналдырып әкеліп, оларға 20 пайыздық өсімақымен өз кредитін алуға көндіреді. Сөйтіп, мемлекеттік бағдарлама бойынша жеңілдетілген несие алмақшы болғандарға оның осындай-осындай шарттары бар деп түсініксіз тілмен түсіндірген болады да, түптеп келгенде, өз несиелерін беруге мүдделі болып тұрады. Одан да жеңілдетілген несие алу үшін не істеу керек екендерін түсіндірсе ғой. Несие беруден бас тартқандығы туралы жауапты ауызша бере салу оларға тиімді. Өйткені ертең бізге ешкім келген жоқ деп айнып шығу үшін жақсы. Кейде кепілдікке кәсіпкерде жоқ мүлік сұрап қинайды, бар мүлкін кепілге алмайды да, «Сізге мұндай несие берілмейді, тек тұтынушы несиесін ғана ала аласыз» деп бір-ақ қағады», дейді.

«Атамекен» одағының мамандары енді кәсіпкерлерге заңгерлік көмек көрсетуге ниет білдірді.

Елена Виссарованың айтуынша, несие алушыларға қойылатын талаптар тым жоғары және екінші деңгейдегі банктердің несиеге бөлінген қаржыны игеру қарқыны төмен. «Альянс Банк» филиалының бөлім бастығы Виктор Фроловтың да пікірі осындай.

Ал «Центр Кредит» банкі филиалының директоры Жұмабек Құсайынов мұнымен келіспейді: «Кредит ала алмаған кәсіпкерлердің шағымына айтарым, біз олардың бәрінің өтінішін қанағаттандыра алмаймыз, өйткені бөлінген қаржы тым аз, барлығына бірдей жетпейді. Ал бұрынғы транштар бойынша біз өте көп қаржы игергендіктен, бізге 3-ші транш бойынша қаржы бөлінген жоқ. Егер белгіленген мерзімге дейін басқа банктердің игере алмаған қаржысын қайта бөлгенде қолымызға ақша тиетін болса, онда, әрине, тағы біраз өтінішті қанағаттандырамыз. Өйткені мемлекеттік бұл бағдарлама бізге де тиімді, себебі мемлекет бізге сол қаржыны 8 пайыздық өсіммен беріп отыр», дейді ол.

Кәсіпкерлердің өздері қаржы құрылымдары кіші-гірім шаруашылықтармен жұмыс істеуге аса құлшынбайтынын, сомасы азғантай несие бергенше, қомақты ақшаны қарызға беруге талпынатынын, кепілдікке қаладан жылжымайтын мүлік сұрап қинайтынын, несиені берген күннің өзінде, қысқа мерзімге беретінін айтады. Несиені алған күннің өзінде толып жатқан тексерістер діңкені құрытады дейді олар. «АТФ Банк» филиалының директоры Ринат Қожахметовтың айтуынша, осы жеңілдетілген несие беруде және қайта қаржыландыруда тексеріс тым көп: «Мәселен, бір кәсіпкер несиесін қайта қаржыландыру үшін қажетті құжаттарға қол қойып кеткеннен кейін-ақ, біз оны порталдағы тізімге енгіземіз. Оның қолына әлі бір тиын ақша тимесе де, келесі күні қаржы полициясының қызметкерлері оған жетіп барып, несиенің мақсатты жұмсалғанын дәлелде деп қинайды», дейді. Сондықтан кәсіпкерлер де, банкирлер де осындай тексерістердің ретке келтірілгенін қалайды.

«Даму» қорының өңірлік филиалының директоры Ирина Суворованың айтуынша, осы күнге дейін 1 миллиард 347 миллион теңгеге 42 жоба несиелендірілді. Бұл – Қазақстан бойынша бөлінген ақшаның 3,2 пайызы. Оның сөзінше, тағы 28 жоба 467 миллион теңгеге қайта қаржыландырылыпты, 25 жоба әлі қаралып жатыр.

Бөлінген қаржы маусымның 30-ына дейін толық игеріліп болуы керек.
XS
SM
MD
LG