Accessibility links

Дағдарыс салдарынан үйдің бағасы түскенімен, жұрттың қолы баспанаға жетпей отыр


Алдағы 2-3 жылда сарапшылар жылжымайтын мүлік нарығында пәлендей өзгерістер бола қоймайды дейді. Сәйкесінше, Алматыда үй мен жердің бағасы қазіргі күйде қала бермек.

Қаржы дағдарысы салдарынан Қазақстанда үй мен жердің бағасы құлдырауын жалғастыруда. ҚР Статистика агенттігінің деректеріне сәйкес, елде 2009 жылдың қаңтарында алдыңғы аймен салыстырғанда жайластырылған үйлер сатылымы - 1,7 пайызға, жайластырылмаған үйлер сатылымы - 2,1 пайызға төмендеген.

Наурыз айында Алматыда қайтара сатылымдағы пәтердің шаршы метрінің орташа бағасы 1500 АҚШ долларды құрады. Десе де, бұл бағамен де тұрғындар баспанаға қол жеткізе алмай жүр. Мамандардың айтуынша, егер әрбір шаршы метр 500-600 доллар аралығында болғанда ғана тұрғындардың баспана алуына мүмкіндік ашылмақ.

Әсіресе, жаңадан шаңырақ көтерген жас отбасылар үшін баспана мәселесі ең өзекті әлеуметтік проблема күйінде қалуда.

– Отбасын жаңадан құрғанбыз. Үй жағы қиын қазір. Пәтер жалдаудамыз. Қазір қай қазақтың басында баспанасы бар дейсің?! Үй алғың-ақ келеді. Хабарландыруларды қарап отырсаңыздар 40 мың, 60 мың, 20 мың доллар деп жатады. Ал біздің алатынымыз небары 30-40 мың теңге ғана.

Баспанаға қолы жетпейтіндердің пәтер жалдау үшін баратын жері - "Жетім бұрыш". Алматы, 10 сәуір 2009 ж.
Қарап отырсақ, ондай ақша жинау үшін біз жұбайымыз екеуміз тапжылмай 40-50 жыл жұмыс істеуіміз керек екен. Тамақ, жолды, одан да басқа шығындарды есептемегенде. Жер арзандады дейді. Мен арзандағанын көріп тұрғам жоқ. Бізде қала маңынан жер алуға деген үміт те жоқ. Көктем шыққан кезде қаладан алыс жерлерді көргенбіз. 6 сотық жерді 4-6 мың доллар дейді. Қалай десең де, әзірге, жерге қолымыз жетпейді, – дейді Алматы қаласының тұрғыны Самал Бекжанқызы.

Мамандардың болжауынша, жылжымайтын мүлік нарығы мен құрылыс саласындағы дағдарыстың бітуіне әлі кемінде 2 жыл бар. Кейбір риэлторлар аталмыш нарықта бүтіндей тыныштық орнап тұрғанын айтады. Ал, үйді сату-сатып алукелісім шарттары Алматының өзінде ілуде біреу ғана кездеседі.

– Аптасына ең болмағанда, 100-200 келісім болса, онда оны нарық деп атауға болады. Ал 2-3 келісімді нарық деп қалай атайсың? Кейбір шенеуніктер, риэлторлар нарықты жандандырғысы келіп: «міне, өткен аймен салыстырғанда келісім-шарттар 20 пайызға артты» дейді. Егер де өткен айдан бері оның саны біреуге артса, онда шынында да 20 пайызға өседі. Ұсыныстың бар екені бұл жерде ешнәрсені де білдірмейді. Кез келген нәрсені де ұсынуға болады, – дейді Қазақстанның жылжымайтын мүлік федерациясының вице-президенті Александр Калинин.

Дегенмен, «Qncepto» консалтингтік компаниясының директоры Олег Алферовтың бағалауынша, халықтың бұрынғыға қарағанда жылжымайтын мүлікке қызығушылығы артып отыр.

– Өткен жылдың аяғы мен осы жылдың басында теңгенің девальвациясын күту кезеңінде жылжымайтын мүлік нарығының қатардағы қатысушыларының қызығушылығы артты. Банкте кішігірім салымы бар адамдар үшін ақшаны депозит күйінде сақтау тиімсіз бола бастады.

Сөйтіп, олар ешқашан құны жоғалмайтын активтерге назар аудара бастады. Мәселен, үйдің бағасы салыстырмалы түрде түскенмен, ол ешқашан құнын жоғалтпайды. Қазақстанның мүлік нарығында үйді сату-сатып алу келісімдер саны көбейді. Тұтынушылардың сұранысына қарамастан үйдің бағасы төмендетуін тоқтатпай отыр. Алдағы тоқсанда бұл процесс жалғаса береді, бірақ кішкене баяулайды, – дейді О.Алферов.

Алматыда қайта сатылымдағы жылжымайтын мүлік нарығында 2008 жылы үйдің бағасында 50-60 пайызға дейін құлдырау байқалған. Десе де, 2008 жылдың тамыз, қыркүйек айларында сәл болса да, баға тұрақтапты.

Қазақстанның жылжымайтын мүлік федерациясының вице-президенті Александр Калинин 2005-2007 жылдар аралығында тұрғын үйлердің бағасы тым шарықтағаннан кейін бағаның бұлайша күрт түсуі заңды деп есептейді.

– Соңғы 20-30 жылда болған ірі-ірі дағдарыстардың барлығы жылжымайтын мүлік нарығынан басталды. Себебі, бұл өте қауіпті, үлкен тәуекелмен жүретін нарық. Үйдің, жердің бағасына халықтың төлем қабілеті әсер етеді.

«Үй сатып алғым келеді» деген бір мәселе, «үйді сатып алуға мүмкіндігім жетеді» деген басқа нәрсе. 2007 жылға дейін тұрғын үйдің бағасы тым шарықтап кеткенде халықтың 85 пайызының үй сатып алуға мүмкіндігі болған жоқ.

Сонда ипотека деген мифті ойлап тапты. «Еш кепілсіз оңай ипотека алыңыздар» деп жарнамалады. Мұны ойлап тапқан – жылжымайтын мүлік нарығының негізгі ойыншылары. Қазір соның «жемісін жеп жатыр». Ал, қаржы дағдарысы бұл жағдайды тек ушықтырып жіберді, – дейді А.Калинин.

Алматыда сондай ақ, пәтерді жалға беру құны да тым жоғары. Мамандардың айтуынша, жалға алу құны отбасы бюджетінің 35 пайызынан артпауы керек.

Ал, Қазақстанда пәтерді жалдаудың орташа бағасы орташа жалақы мөлшерінен 50 пайызға артық екенін ескерсек, Қазақстан тұрғындарына айлықты пәтерге төлеп, ауамен қоректеніп жүре тұруына тура келеді дейді олар.
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

AzattyqTV

Қырғыз суретшісі

Лаймен салынған портрет

Аудиоподкаст

XS
SM
MD
LG