Accessibility links

Facebook әлеуметтік желісін пайдаланушылар саны жарты миллиардқа жетті


Компьютер мониторындағы Facebook әлеуметтік желісінің белгі-жазуы.
Компьютер мониторындағы Facebook әлеуметтік желісінің белгі-жазуы.

Facebook әлеуметтік желісіне тіркелгендер саны осы аптада 500 миллионға жетті. Бүгінде әлемнің әрбір 14-ші тұрғыны осы желіні пайдаланады.

Facebook бар болғаны алты жылдың ішінде осыншама адамның басын қосып, тұтынушыларына достарымен, отбасымен пікір алмасуға, бұған қоса олар қызықтыратын басқа дүниелерді танып-білуге қызмет етіп жатыр.

Әуелгіде ағылшын тілінде ғана қызметін ұсынған әлеуметтік желі соңғы жылдары әлемнің басқа да тілдерінде шыға бастады.

Ағылшын тілінде сөйлемейтін бірқатар мемлекеттер үшін ол әлемдік әлеуметтік желіге қосылудың көзі болса, қасыбір елдерде Facebook бұған дейін ғаламторға шыққан әлеуметтік желілермен бәсекелес болып отыр.

Қазақстанда соңғы жылдары әлеуметтік желі тұтынушылар саны біртіндеп көбейіп келеді, бірақ пайдаланатындар саны жағынан әзірге Facebook желісі алдыңғы орынға шыға қойған жоқ. Республикада Facebook желісінің ресейлік клоны – «Вконтакте» кеңінен таралған. Қазіргі таңда бұл екеуі, сосын тағы бір ресейлік желі – «Одноклассники.ру» бұрынғы Совет одағы мемлекеттерінде басты бәсекелестерге
Интернет пайдаланушы әйел Facebook вебсайтын қарап отыр. Вашингтон, 26 қаңтар 2010 жыл.
айналды. Соңғы жылдары Facebook орыс, украин, беларус, әзірбайжан тілдерінде тарала бастады.

Ресейлік блоггер және әлеуметтік медиа сарапшы Антон Носиктің пікірінше, Facebook қазіргі таңда ең қарқынды дамып келе жатқан әлеуметтік желі саналады.

«Facebook 2009 жылы орыс тілінде тарала бастаған уақыттан бері оған миллионнан астам қолданушы жаңадан қосылды. Бүгінгі таңда Facebook даму қарқыны жоғары әлеуметтік желі деп айтуға болады», – дейді ол.

Қазір Facebook әлемде алпысқа жуық тілде тарайды, бірақ әзірге олардың қатарында қазақ тілі жоқ. Әйткенмен қазақ тілді қолданушылар әлеуметтік желі парақшасына кириллица негізіндегі қазақ әріптерімен жаза алады.

Бүгінгі күні Facebook желісінен қазақстандық танымал саясаткерлерді, эстрада және кино жұлдыздарын, бұған қоса саяси және қоғамдық ұйымдардың, медиа ресурстардың арнайы парақшаларын кездестіруге болады.

Facebook желісінде Азаттық радиосының да арнайы парақшасы бар. 2009 жылы іске қосылған бұл парақаша арқылы Азаттық радиосының мақалалары, фото және бейне материалдарын оқып, қарауға болады.

Қазіргі таңда Азаттық радиосының түрлі әлеуметтік желілердегі достары төрт мыңға жуықтады.
XS
SM
MD
LG