Accessibility links

2009 жыл журналистер үшін жойқын қаза жылы болды


Қырғызстанда қастандықпен өлтірілген журналистер – Әлішер Саипов пен Геннадий Павлюк. Бос тұрған сурет орнында «Келесі кім?» деп жазылған. Бішкек, 26 желтоқсан 2009 жыл.
Қырғызстанда қастандықпен өлтірілген журналистер – Әлішер Саипов пен Геннадий Павлюк. Бос тұрған сурет орнында «Келесі кім?» деп жазылған. Бішкек, 26 желтоқсан 2009 жыл.

Халықаралық журналистер федерациясы 2009 жылы кәсіби қызметін орындау барысында көз жұмған журналистердің саны 139-ға жеткенін хабарлады. Қаралы тізімнің ішінде Алматыда қаза болған қырғыз журналисі Геннадий Павлюк те бар.


Халықаралық журналистер федерациясы (ХЖФ) ақпанның 1-күні жариялаған баяндамасын 2009 жылы кәсіби қызметін атқару кезінде қаза болған бұқаралық ақпарат құралдарының қызметкерлері мен журналистерге арнады.

«Бұл 2009 жылы қаза болған журналистердің тізімі келтірілген баяндама ғана емес, бұл қауіп-қатердің көптігінің кесірінен төрткүл дүниеде әріптестеріміздің өлімі азаймай отырғандығының көрінісі», – деп мәлімдеді ХЖФ бас хатшысы Эйдан Уайт.

Халықаралық ұйымның мәліметі бойынша, өткен жылы әлемнің 27 мемлекетінде 139 журналист өзінің кәсіби қызметіне байланысты көз жұмған. Ол елдердің арасында Қазақстан да аталған.

ҚАЗАҚСТАН ҚАРАЛЫ ТІЗІМДЕ

«Қырғызстанның белгілі оппозициялық журналисі Геннадий Павлюк Қазақстанда Алматы қаласындағы ғимараттың алтыншы қабатынан лақтырып жібергеннен кейін қайтыс болды. Оның қолы мен аяғы байлаулы болды», – деп жазылған баяндамада.

2009 жылы 16 желтоқсанда қырғыз журналисі Геннадий Павлюк Алматы қаласындағы тұрғын үйлердің бірінің 6-шы қабатынан жұмбақ
Қырғыз журналисті Геннадий Павлюк аяқ-қолы байланған күйде осы үйдің подъезінің күнқағарында табылған. Алматы, 21 желтоқсан 2009 жыл.
жағдайда құлап, сол ауыр жарақаттан есін жимаған күйі 22-желтоқсанда Алматы ауруханасында көз жұмды. Қазақ полициясы кісі өлтіру фактісі бойынша қылмыстық іс қозғады.

«Бұл – саяси кісі өлтіру дегім келеді. Ол біреудің жолына «бөгет» болған», – деп мәлімдеді ЕҚЫҰ төрағасының жеке өкілі Әділ Ахметов Венада, Қазақстанның ЕҚЫҰ-на төрағалық ету салтанаты кезінде.

Халықаралық адам құқығын қорғаушы ұйымдар қылмыстық оқиғаны қатты сынға алып, қаскүнемдерді табуды және тиісті жазасын беруді Қазақстан және Қырғызстан билігінен талап етті. Қылмыстық іс әлі ашылған жоқ. Қазақстанның ішкі істер министрлігі Геннадий Павлюктің өліміне қатысты тергеудің мән-жайын ашып айтпай отыр.

«Қазіргі таңда ішкі істер министрлігі тергеу ісі жүріп жатуына байланысты, жасалған қылмыстың мән-жайын, сондай-ақ күдіктілер туралы мәлімет бере алмайды», – деп хабарлады Қазақстан ішкі істер министрлігінің баспасөз хатшысы Қуанышбек Жұманов.

«Журналистің өлімі үшін жаза қолданбау және зорлық-зомбылыққа саяси сынның жоқтығы халықаралық жанжал туғызады, бірақ ол барлық уақытта өз деңгейінде ескеріле бермейді. Ал ескеріле қалған жағдайда, бірқатар мемлекеттер иығын қусырып, шет айналады», – деп жазды Эйдан Уайт ұйым баяндамасында.

ҚАЗАҚ ЖУРНАЛИСІ САЯТ ШҮЛЕМБАЕВТЫҢ ЕСІМІ ТІЗІМГЕ ЕНБЕДІ

Геннадий Павлюктің денесі Қырғызстандағы Ыстықкөл облысының Қара-Ой ауылына 24 желтоқсанда жерленді. Сол күннің ертесінде
Stan.kz бейнепорталының қаза болған журналисі Саят Шүлембаев.
Алматыда тағы бір журналистің өлімі тіркелді.

stan.kz ақпараттық бейнепорталының қазақстандық журналисі Саят Шүлембаев Алматыда өлтірілді. Онымен бірге журналист жалдап тұрып жатқан пәтердің қожайынын да белгісіз қаскүнемдер өлтіріп кетті.

Артынша-ақ бейнепортал редакциясы Саят Шүлембаевтың өлімі оның кәсіби қызметіне байланысты емес деп мәлімдеді. Қазақстан полицейлері де кісі өлімі фактісіне қатысты осындай болжам келтірді.

Алайда, 2010 жылы қаңтардың 18-күні, екі кісі Саят Шүлембаевтың өліміне қатысты қылмыстық істі пайдаланып, stan.kz редакциясына заңсыз тексеру жүргізгеннен кейін, оның әріптестері Саяттың құпия өліміне қатысты күдік туғандығын мәлімдеді.

«Редакция Саяттың өлімін оның кәсіби қызметіне қатыстыруға бейім емес, бірақ осы жағдайлардан соң бізде күдік пайда болды», – деп мәлімдеді stan.kz интернет-бейнепорталының бас продюсері Александр Габченко.

Бірақ, Саят Шүлембаевтың есімі ХЖФ баяндамасында кәсіби қызметіне байланысты қаза болған журналистер тізімінде де, оқыс оқиғадан қайтыс болған журналистер тізімінде де жоқ.

Айта кетерлік жайт, екінші келтірілген тізімде Азат Еуропа/Азаттық радиосының иран қызметі – Фарда радиосының екі тілшісінің есімдері бар. Амир Заманифар және Роза Хассанзаде Ажири 2009 жылы 29-қыркүйекте Прага маңында жол апатынан қаза болды.

РЕСЕЙ, ҚЫРҒЫЗСТАН ЖӘНЕ ӘЛЕМ

ХЖФ баяндамасындағы тізімге бұрынғы совет елдерінен, Қазақстаннан бөлек, Қырғызстан мен Ресей енді.

2009 жылы 4-қарашада Бішкекте қырғыз тілінде тарайтын «Жылан» газетінің бас редакторы Сейітбек Мұратәлиевтің өлі денесі табылды.
Филиппин полицейі қылмыс болған жерді зерттеуде. Адамдарды ұрлап әкетіп, атып тастаған қаскүнемдердің қолынан қаза тапқан 57 кісінің арасында журналистер мен саясаткерлер де болған. Ампатуан, 24 қараша 2009 жыл.
58 жастағы журналисті өз үйінде пышақтап кеткен. Марқұм басқарған газет қылмыстық тақырыпқа арналған-ды.

Баяндама мәліметі бойынша, Ресейде бір жылдың ішінде алты журналист өзінің кәсіби қызметін атқару барысында қаза болған. Олар: «Новая газета» тілшісі Анастасия Бабурова, журналист және адам құқығын қорғаушы Наталья Эстемирова, «Коррупция и преступность» журналының бас редакторы Вячеслав Ярошенко, Риа 51 ақпарат агенттігінің редакторы Шафик Амраков, «Хахикат» газетінің бас редакторының орынбасары Абдулмалик Ахмедилов, Каскад индепендент ТВ құрылтайшысы Ольга Котовская.

Баяндамада алты журналистің де тапсырыспен өлтірілгендігі, сондай-ақ «сыбайласқан жемқорлық тақырыбын қозғау Ресейде журналистер үшін қауіп болып отырғандығы атап көрсетілген.

Бұдан бөлек ХЖД Филиппин, Мексика, Сомали елдерінде өткен жылы журналистер өлімі жиі тіркелгендігін атап көрсетті. Баяндаманың үлкен тарауы 2009 жылы 23 қарашада 30 филиппиндік журналистің бір уақытта айуандықпен өлтірілгендігі туралы қайғылы оқиғаға арналды.

«Журналистер қылмыскерлердің, діни экстремистердің, саяси қарақшылықтың, ессіз қолбасшылықтың қарамағындағы сарбаздардың қолдарынан өліп жатыр. Олардың барлығының әрекеті бір: лас құпияларын қоғамнан жасырғысы келеді. Осындай қауіп-қатерге қарамастан журналистер шындықты жеткізуге тырысады. Журналистер қорғанышқа зәру, бірақ оларға қорған болушылар аз», – деп жазды Эйдан Уайт.

Халықаралық журналистер федерациясы БАҚ кәсіби жұмысшыларының әлемдегі ең ірі ұйымы. 1926 жылы құрылған ұйым әлемнің 100-ден астам елінің 500 мыңға жуық журналистерін біріктіреді.
XS
SM
MD
LG