Accessibility links

Досқалиев тергеу абақтысына қамалды


Жақсылық Досқалиевтің денсаулық сақтау министрі кезіндегі суреті. Астана, 5 қазан 2009 жыл.
Жақсылық Досқалиевтің денсаулық сақтау министрі кезіндегі суреті. Астана, 5 қазан 2009 жыл.

Экс-министр Жақсылық Досқалиев сейсенбі күні Астана қаласының тергеу абақтысына қамалғаны туралы «Новости-Казахстан» агенттігі ақпарат таратты. Бұл туралы қаржы полициясының ресми өкілі Мұрат Жұманбай хабарлаған.


«Қазанның 12-сі күні айыпталушы Астана қаласының тергеу абақтысына көшірілді», – деген Мұрат Жұманбай.

Сол күні Астана қаласындағы Сарыарқа ауданының №2 соты бұрынғы денсаулық сақтау министрі Жақсылық Досқалиевті қамауда ұстаудың мерзімін 10 тәуліктен 2 айға дейін ұзарту туралы экономикалық және жемқорлық қылмыстарына қарсы күрес агенттігінің (қаржы полициясы) өтінішін қанағаттандырған еді.

Қаржы полициясы жемқорлық қылмысқа қатысты Жақсылық Досқалиевтің үстінен іс қозғап, қазанның 2-сі күні Астананың Сарыарқа аудандық соты Досқалиевті 10 күнге қамауға алу туралы шешім шығарғаны туралы Азаттық радиосы бұған дейін хабарлаған болатын.

Қамауға алу туралы шешім шықпай тұрып, қыркүйектің 25-сі күні қаржы полициясында өткен тергеу кезінде Жақсылық Досқалиевтің денсаулығы нашарлап ауруханаға жатқызылғаны, дәрігерлер оған «инсульт» деген диагноз қойғаны туралы ақпарат тарады. Бірақ кейін қаржы полициясы экс-министрге «жалған диагноз қойылғаны» туралы мәлімдеме жасады.

55 жастағы медицина ғылымының докторы, профессор Жақсылық Досқалиев Қазақстанның денсаулық сақтау министрі қызметіне екі рет тағайындалған еді. Алғаш рет министрлікті 2001 жылғы қазаннан басқарған ол 2004 жылғы сәуір айынан Астанадағы медицина академиясының ректоры болып жұмыс істеді.

2007 жылы тамызда президенттік «Нұр Отан» партиясының тізімі бойынша парламент мәжілісінің депутаты болып сайланды.

Ал 2008 жылы қарашаның 20-сы күні Қазақстан президенті жарлығымен денсаулық сақтау министрі болып қайта тағайындалған Жақсылық Досқалиев бұл қызметтен биыл қазан айында босатылды.
XS
SM
MD
LG