Accessibility links

Таяуда «Маңғыстаумұнайгаздың» 51 пайыз акциясын «ҚазМұнайГаз» сатып алғанан кейін, оның қалған 49 пайыз акциясына бірқатар шетелдік компаниялар да қызығушылық білдірген болатын.

Солардың ішінде дәл қазіргі уақытта бір-біріне бәсеке болып отырған екі компания бар, оның бірі ресейлік «Рость Нефть», екіншісі қытайлық CITIC Group. Индонезиялық оффшорлық компанияның ендігі қалған бөлігіне кімнің иелік ететіні әлі белгісіз. Осыдан аз уақыт бұрын «ҚазМұнайГаздың» президенті Серік Бүркітбаев «Рость Нефттің» мүмкіндігі мол екенін жасырған жоқ. Бұл соңғы кездері «Маңғыстаумұнайгаздың» төңірегіндегі айтылған ресми ақпараттар.
«Маңғыстаумұнайгаздың» басым акциясын «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының сатып алғандығы туралы ресми хабар таратылған кезде Қазақстанның кейбір тәуелсіз басылымдары бұл оқиғаны соңғы бірнеше жылда орын алған президенттің отбасындағы мәселелермен байланыстырды.
Ақпарат құралдарында жарияланған осы тектес мақалаларға тәуелсіз сарапшылар да үн қосып, индонезиялық «Central Asia Petroleum Ltd» компаниясының меншігі болып саналып келген «Маңғыстаумұнайгазда» РахатӘлиевтің де еншісі бар деп айтқан болатын. Дегенмен, қоғам ішінде бұл жөнінде жан-жақты талқыланып, «Маңғыстаумұнайгаздың» төңірегінде неше түрлі әңгімелер туындап жатса да, ресми органдардың бірде-біреуі бұл компанияның шынайы қожайындары туралы әлі ауыз ашқан жоқ.
Халықтың аузына қақпақ болу қиын. Бұлай айтып жатқан себебіміз, осы компанияны Рахат Әлиевпен байланыстырып, тәуелсіз газет беттерінде құлаш-құлаш мақалалар шығып жатқан уақытта да, қазақстандық билік бұл пікірлердің бірде-бірін жоққа шығарған жоқ.
Тек премьер-министр Кәрім Мәсімов сатып алу туралы тапсырма берді. «ҚазМұнайГаз» компаниясы оның 51 пайыз акциясын сатып алды. Одан соң ұлттық компанияның президенті Серік Бүркітбаев «Маңғыстаумұнайгаздың» басшысы етіп Ұзақбай Қарабалинды тағайындады. Ресми органдардың тарапынан айтылған ақпараттар осымен бітеді.
Бұған қоса ұзақ жылдардан бері «Маңғыстаумұнайгаздың» басшысы болып қызмет істеген Сағын Қырымқұловтың тұтқындалғаны туралы таратылған ақпараттар да шұбалаңқы, тіпті түсініксіз деп айтсақ та болады.
Кейбір Интернет сайттары бұл оқиғаны былайша жазған: «Ақтау қаласында ММГ-ның директоры Сағын Қырымқұловтың қылмыстық топ құрғаны үшін және ұзақ жылдардан бері мемлекет мүлкін тонаумен айналысып жүргені үшін жергілікті құқық қорғау органдарының тарапынан тұтқындалғаны туралы алып қашпа әңгімелер айтылуда».
Оның рас- өтірігін білу үшін Маңғыстау облысының прокуратурасына хабарласқанымызда ол жақтан жауап ала алмадық.
Ал компанияның төңірегінде айтылып жүрген әңгімелер өте көп. Оның қайсысы рас, қайсысы өтірік екенін де ажырату қиын. Интернет сайттарындағы ММГ компаниясына қатысты әңгімелердің бірі мынау:
«Тоқсаныншы жылдардың ортасында Қазақстанның үкіметі ММГ компаниясының банкрот алдында тұрғандығын хабарлап, оны сату туралы шешім шығарды. Сол уақытта британдық Виргин аралында тіркелген индонезиялық «Central Asia Petroleum Ltd» компаниясының жолы болып, ММГ-ның барлық акциясын сатып алды. Бір қызығы, «Маңғыстаумұнайгазға» сол кезде американдық «Амоко» компаниясы қызығушылық танытып, оны сатып алуға 4 миллиард доллар ұсынса да, Қазақстан үкіметі «индонезиялықтардың» көңілін қалдырмады. Сөйтіп банкроттың алдында тұр деп жарияланған компанияны бар болғаны 240 миллион долларға сатты.
Қазақстандық қоғамда "Маңғыстаумұнайгазды" Рахат Әлиевтің атымен байланыстыратындар аз емес
Қазақстан үкіметінің «Маңғыстаумұнайгазға» деген көзқарасының жылы болғаны соншалық, оның «индонезиялық» қожайындары барлық заңдар мен ережелерді бұзып, салықтың көлемін азайту үшін қарамағындағы мердігерлердің басын біріктіріп, бір ғана еншілес кәсіпорынға айналдырса да, оларды ешкім астан-кестеңін шығарып тексерген жоқ. Сөйтіп ұзақ жылдар бойы олар төлеген салықтың көлемі өте аз болды.
ММГ қожайындары өздеріне қызмет көрсеткен кейбір компаниялардың ақшасын да төлемей қоятын. Бұл компаниямен соттасқандар да ешқандай нәтижеге қолжеткізе алмай, ақыр соңында барлығы бос әурешілікпен аяқталып жүрді.
Ал «Маңғыстаумұнайгазды» тексергісі келгендердің көбісі қызметінен айрылды. Мәселен, тоқсаныншы жылдардың соңында Маңғыстау облысының ішкі істер басқармасының бастығы генерал Досқалиев компанияның төңірегінде болып жатқан былық-шылықтарды тексергені үшін бірден қызметінен айырылды. Сонымен қатар, ол жөнінде «Новое поколение» газеті мен кейбір телеарналарда жағымсыз ақпарттар айтылды.
Сол сияқты 2002 жылы Мемлекеттік кіріс министрі болған Зейнолла Кәкімжанов та компанияның салық төлеудегі шикіліктерін айтқаны үшін қызметінен айырылып, ол да генерал Досқалиев сияқты «Новое поколение» газетінің тарапынан ауыр сынға ұшырады.
Индонезиялық компанияның қожайындары Павлодардың мұнай өңдеу зауыты мен «Нұрбанкке» ғана иелік етіп қоймай, Қазақстанның заңдарына қайшы болғанына қарамастан, «Новое дело» газетімен бірге КТК телеарнасын да сатып алды».
Мұның барлығы қаншалықты шындыққа жақын екені белгісіз. Тәуелсіз ақпарат құралдарында айтылып жүрген осы сияқты әңгімелер өтірік болса, «Маңғыстаумұнайгаз» компаниясының өкілдері не себепті оларды сот алдында жауапқа тартпай, үнсіз отыр?
Ал «Альтернатива» зерттеу орталығының директоры Андрей Чеботарев "Азаттық" тілшісіне берген сұхбатында: «Маңғыстаумұнайгаздың» бұрынғы күйеу балаға қатысы бар екенін жоққа шығаруға болмайды. Алайда, кезінде осы компанияда Рахаттың ғана емес, Тимур Құлыбаевтың да еншісі бар екені талай жазылды»,- деп айтқан болатын.
«Маңғыстаумұнайгаздың мұнай шығару саласындағы ең ірі компаниялардың бірі ретінде есептелетінін ескерсек, осы уақытқа дейін оның сыртқа шикізат экспорттаудан түскен қаржысының басым бөлігі бюджетті айналып, жекелеген адамдардың қалтасын қалыңдатып отырды», - деді сарапшы Досым Сәтпаев Азаттық радиосына берген сұхбатында.
Алтынбек Сәрсенбайұлы атындағы қордың президенті Айдос Сарым "Азаттық" тілшісіне берген сұхбатында «Маңғыстаумұнайгаздың» төңірегіндегі айтылып жүрген әңгімелер туралы өз пікірін былайша білдірді:

AzattyqTV

XS
SM
MD
LG