Accessibility links

Кәрім Мәсімов Айнұр Құрмановты босатуды бұйырды


"Нұр Отан" партиясының Алматыдағы ғимараты
"Нұр Отан" партиясының Алматыдағы ғимараты

Екінші тамыз күні Алматы қаласының әкімшілігінде Кәрім Мәсімов үлескерлермен кездесіп, олардың мәселесін шешу үшін жиналысқа қатысқан бірқатар министрліктер мен мекеме басшыларына тапсырма берді.

Дәл сол күні әкімшілік ғимаратының маңында 1-ші тамыз күні болған «Нұр Отан» партиясының қалалық филиалының алдында наразылық акциясына қатысқаны үшін тіркелмеген «Талмас» қоғамдық қозғалысының төрағасы Айнұр Құрманов пен оның көмекшісі Ризада Жақыпбек полиция қызметкерлерінің тарапынан ұсталып, Ішкі істер басқармасына жеткізілді. Сөйтіп олар премьер-министрмен кездесу мүмкіндігінен айырылды.
-Мені Алмалы ауданының İшкі істер басқармасына алып келген кейін, шамалы уақыттан соң Ризада Жақыпбекті де мен отырған жерге жеткізіп, бізге қарсы қозғалған әкімшілік істің мазмұнымен таныстырды. Сөйтсек, бірінші тамыз күні бізбен кездесіп, жап-жақсы әңгімелескен «Нұр Отан» партиясының қалалық филиалының төрағасы Тоқмұхамед Садықов прокуратураға хат жолдап, шағымданған екен.

Кәрім Мәсімовпен кездесуге қатыса алған даулы аудандардың тұрғындары ең бірінші мәселе ретінде Ризада Жақыпбек екеуіміздің тұтқындалғанымыз туралы айтыпты. Менің естуімше, сол сәтте премьер-министр қалта телефонымен Ішкі істер Министрі Бауыржан Мұхамеджановқа хабарласып, бізді босатуға бұйрық берген. Сол күні бізді жарты сағаттан соң жібере салды.

Бірінші тамыз күні болған оқиғаға байланысты біздің үстімізден қозғалған әкімшілік іс тоқтатылған жоқ. Қазір соттың шақыртуын күтіп отырмыз. Осы іс бойынша Ризада екеуімізді 15 тәуілікке қамап тастауы мүмкін екен. Ал бұл мәселенің қалай жалғасатынын уақыт көрсетеді, – деді Азаттық радиосына берген сұхбатында Айнұр Құрманов.
Айнұр Құрмановпен болған әңгімеден соң, Алмалы ауданының прокуратурасы мен Ішкі істер басқармасына хабарласқанымызда ол жақтан ешқандай жауап ала алмадық. Біріншісі баспасөз қызметіне сілтесе, екіншісі жауап бергісі келмейтінін ашық айтты.
Шаңырақ ықшам ауданындағы заңсыз құрылыстар
Ал бірінші тамыз күні даулы жер учаскелерінің иелері мен жатақханалардың тұрғындары әділдікті талап етіп, Алматыдағы «Нұр Отан» партиясының ғимаратының алдында пикет өткізген болатын. Наразылық білдіруге шыққандардан гөрі, полицейлер көп болды. Әйткенмен, Алмалы ауданының прокуроры Гүлнәр Ахмадиева жиналған жұртқа «заңсыз митинг өткізіп тұрғандарың үшін жауапқа тартыласыңдар» деп ескерткенімен, полицейлер оларға тиіспеді.
«Нұр Отан» партиясының Алматыдағы филиалының басшысы Тоқмұхамед Садықов жиналғандарды ішке шақырып, олардың мәселесін шеше алмайтынын ашық айтса да, қойылған сұрақтарға жауап берді.
Халықтың бірінші тамыз күні осындай шара өткізуінің өзіндік себебі бар. Өйткені, былтыр бірінші тамыз күні Қазақстанда мүлікті заңдастыру кезеңі аяқталған болатын. Науқан барысында мемлекеттегі біраз мүлік заңдастырылғанмен, даулы жердің иесі болып табылатын көптеген азаматтардың талаптары қанағаттандырылмады.
«Былтыр мүлікті жекешелендіру басталғанда барлығымыз енді өз баспанамызды заңдастырамыз деп ойлап едік. Бірақ, біз сияқтылар бұл науқаннан тағы да сырт қалды. Содан соң, «Нұр Отан» партиясының Алматыдағы ғимаратының алдына жиналып, өзіміздің талаптарымызды айттық. Ең болмағанда президенттік партиядан бір нәтиже болатын шығар деп ойлағанбыз. Олар бізге неше түрлі уәделерді үйіп-төгіп, «баспанамызды заңдастырып береміз» деп айтты. Өткен жылы болған сайлауда бізге уәде берген партия айқын жеңіске жетіп, парламенттегі бүкіл орынға жайғасты. Бірақ, «баяғы жартас сол жартас демекші», біздің мәселеміз шешілмеген күйі қалды.
Сол күні «Нұр Отанның» қалалық филиалының төрағасымен кездескенімізде ол кісі «ертең Алматыға Кәрім Мәсімов келіп, қалалық әкімшілікте үлескерлер мәселесі бойынша жиналыс өткізеді. Алдын-ала ешқандай тізім дайындалған жоқ, барам десеңіздер барлықтарыңыз үшін есік ашық" деп, сол жерде кез- келген сұраққа жауап алуға болатындығын түсіндірді» - деді Азаттық радиосының тілшісіне берген сұхбатында «Шаңырақ 5» ықшам ауданының тұрғыны Кенжегүл Аманбаева.
XS
SM
MD
LG