Accessibility links

Түркменстан АҚШ-пен әріптестікті күшейтпекші


АҚШ Мемлекеттік хатшысы Хиллари Клинтон Түркменстан Сыртқы істер министрі Рашид Мередовпен кездесу кезінде. Вашингтон, 24 маусым, 2009
АҚШ Мемлекеттік хатшысы Хиллари Клинтон Түркменстан Сыртқы істер министрі Рашид Мередовпен кездесу кезінде. Вашингтон, 24 маусым, 2009

Түркменстан cыртқы істер министрі Рашид Мередов АҚШ-тағы 4 күндік сапарын маусымның 25-де аяқтады. Министр осы сапар барысында АҚШ әкімшілігінің жоғарғы өкілдерімен кездескен болатын. Ол сондай-ақ АҚШ-тың ірі мұнай компаниялары басшыларымен де кездеседі деп жоспарланған еді.

АҚШ-тың Еуразия энергиясы бойынша арнайы өкілі Ричард Морнингстар таяуда Ашхабадта ресми сапармен болып қайтқан еді. Оның айтуынша, Құрама Штаттар Түркменстанмен әріптестікке айрықша мән беруде.

Энергия тасымалында Ресейден мейлінше тәуелсіз болуды көздеген Түркменстан президенті Гурбангулы Бердімұхамедов түркмен газын игеруге Батыс, оның ішінде АҚШ компанияларының көптеп қатысуына қол жеткізбекші.

Хабарларға қарағанда сыртқы істер министрі Рашид Мередовтың сапары алдында оған президент арнайы тапсырмалар берген.

Сондай-ақ Мередов осы айдың басында Брюсселде болып, ЕуроОдақ пен Түркменстан арасындағы энергия әріптестігін талқылаған болатын.

Түркменстан мен АҚШ арасында қосжақты келісімшарттар бұған дейін болған емес. Келіссөздер 1991 жылдан бастап тараптар арасында бірде өрістеп, бірдеп тоқтап қалушы еді. Алайда бұрынғы президент Сапармұрат Ниязов ол келіссөздерді де 1994 жылы тоқтатып тастаған болатын.

Демек, министр Мередовтың АҚШ-қа бұл сапары Бердімұхамедовтың Вашингтонмен әріптестікті нығайтуға ұмтылысының айғағы болса керек дейді кейбір сарапшылар.

Ресми Ашхабад бұған дейін инвесторлардың біреуіне ғана айрықша ықылас танытудан қашқақтаушы еді. Сол арқылы инвесторлармен арасында тепе-теңдікті сақтай отырып, өзіне ыңғайлы жағдай жасауға тырысатындай көрінетін.

Түркменстан өз газын Батыс Еуропа мен Түркияға тікелей шығару үшін Набукко газ құбырына айрықша қызығулы.

Аталған жоба 2013 жылы іске қосылысымен, Түркменстан Набукко арқылы 10 миллиард текше метр газ айдай алады деп күтілуде.

Набукко жобасында айрықша рөлге ие Түркия мен Әзірбайжан арасында қазіргі кезде белгілі бір деңгейде теке-тірес бар.

Әзірбайжан өзінің Шах Дениз газ кенішінен 8 миллиард текше метрге жуық газ айдай аламыз деп жоспарлауда.

Морнингстардың айтуынша:
-Набукко құбырына қолдау жасалып, іс басталысымен Батысқа қарай айдалатын Түркмен газының көлемі көбейе түспекші. Мұның өзі Солтүстік Ираққа жол ашып берер еді. Шах деніз және басқа да кеніштерінде газ қоры мол деп есептейтін Әзірбайжан үкіметі үшін де бұл жоба мол мүмкіндіктер туындатар еді,- дейді Морнингстар.

Түркменстан мен Әзірбайжан Каспий теңізіндегі Кепез газ кенішіне иелікке байланысты бір-бірімен келісе алмауда.

Ортақ іске кедергіні болдырмас үшін Морнингстардың айтуынша, ол қос ел арасында саяси-іскер келісімшартқа қол жеткізген жөн. Ол келісімшартты жасауға шекаралық дау-дамайлардың араластырылмағаны абзал дейді елші.

Вашингтондағы кездесу барысында "Министр Мередовпен Түркменстандағы адам хұқының сақталу жайы туралы сауалдар талқыланды ма?" деген сауалға елші Морнингстар жауап бере қоймады.
XS
SM
MD
LG