Accessibility links

"Гендерлік зомбылық". Қызды сүндетке отырғызғандарды жауапқа тартуды сұрайды


ЮНИСЕФ дерегінше, дүниежүзінде 31 елде 200 миллионға жуық қыз-келіншек денесіне зақым келтіретін сүндетке отырғызылған.
ЮНИСЕФ дерегінше, дүниежүзінде 31 елде 200 миллионға жуық қыз-келіншек денесіне зақым келтіретін сүндетке отырғызылған.

Ресейдің Солтүстік Кавказ аймағындағы Ингушетияда белсенділер тергеу органдарынан тоғыз жасар қызды сүндетке отырғызған клиниканы тексеруді сұрады. Құқық қорғаушылар бұл Ресейдің кей өңірлерде әлі күнге тыйылмаған ескі дәстүрге байланысты алғашқы ресми тергеу болатынын айтады.

Құлындаған дауысы құраққа жетіп шырылдап, қарсыласып баққан қыздың аяқ-қолын өгей шешесі мен клиника қызметкері тырп еткізбей ұстап тұрды. Тоғыз жасар баланың дене мүшесіне зақым келтіретін "сүндетке отырғызу операциясын" Ингушетияның әкімшілік орталығы Магас қаласындағы клиникада 2019 жылдың маусымында жасады. Қыздың анасы арыз жазды. "Операция" жасаған балалар гинекологына қарсы қазір тергеу жүріп жатыр.

Белсенділер Тергеу комитетінен істі мұқият тексеруді сұрап отыр. Заңгерлер егер қылмыстық іс қозғалса, Ресейде прецедентке айналады дейді.

"Сүндетке отырғызу адам денесін зақымдап, әйелдің психологиялық, жыныстық және бала көтеру қабілетіне теріс әсер етеді, салдары ұзаққа созылады. Ол - гендерлік зорлықтың бір түрі", - дейді "Правовая инициатива" ("Құқықтық бастама") қоғамдық ұйымының заңгері Татьяна Саввина.

"Правовая инициатива" қоғамдық ұйымының заңгері Татьяна Саввина.
"Правовая инициатива" қоғамдық ұйымының заңгері Татьяна Саввина.

Мамырдың 18-іне Саввина Азаттықтың Солтүстік Кавказ қызметіне Магастағы "Айболит" клиникасында жасалған операцияның жай-жапсарын тексеруді сұраған құқық қорғау тобының өтінішін Тергеу комитетінің жергілікті бөлімшесі қарап жатқанын хабарлады.

Белсенділер Тергеу комитетінің "Айболит" клиникасының іс-әрекетіне байланысты тергеу ісін бастағанын қалайды. Олар клиниканың бірнеше қылмысқа (арасында зорлық және кәмелетке толмағандардың денсаулығына зиян келтіру де бар) қатысы болуы мүмкін деген күдікпен қылмыстық іс қозғалуы тиіс деп санайды.

Тергеу комитеті әзірге белсенділердің арызы бойынша ешқандай мәлімдеме жасаған жоқ.

Осы клиникадағы бала гинекологы Изаня Нальгиеваның үстінен қозғалған іс сотқа жеткен. Оған қыздың ата-анасының жазбаша рұқсатын алмай операция жасаған деген айып тағылды. Өткен жылғы желтоқсанда басталған сот процесі Ресейде коронавирус инфекциясына байланысты шектеулер енгізілгеннен кейін тоқтап тұр.

Ресейде адамның дене мүшесіне зақым келтіретін қыз баланы сүндетке отырғызуға заң жүзінде тыйым салынбаған. 1991 жылы Совет одағы тарағаннан кейін мұндай операция жиі жасалатын болған, кейінгі жылдары тұрғындарын негізінен ислам дінін ұстанатын Солтүстік Кавказ аймағында кең тарай бастады. 2016 жылы дайындалған есепте мұндай операциялар Ингушетиядан шығысқа қарай жатқан Дағыстанның шалғайдағы ауылдарында жасалғаны айтылған.

Қыз баланы сүндетке отырғызған кезде жыныс мүшесінің сыртқы тұсының бір бөлігін немесе тұтас кесіп алып тастайды. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДСҰ) дерегінше, сүндетке отырғызылған адамның дене мүшесінен қан кетеді, өзге де аурудың асқынуына апарып соғады. Ұйым ақпаратында мұндай операцияның қыздар мен әйелдер денсаулығына ешқандай пайда жоғы айтылған.

Қыздың әке-шешесі бірнеше жыл бұрын ажырасқан. Қыздың анасының сөзінше, 2019 жылы маусымның 21-і күні бұрынғы күйеуі келіп, ұлы мен қызын бірнеше күнге өзімен бірге алып кеткен. Келесі күні анасына ұлы телефон соғып, қызын үйге әлдебір жақтан қанға боялып, жылаған күйі алып келгенін хабарлаған. Анасының айтуынша, бұрынғы күйеуінің қазіргі әйелі тоғыз жасар қызды "Айболит" клиникасына апарған.

Қыз әжесіне операция кезінде шыңғырып жылап, босауға тырысып, бар күшін салып қарсыласқанын айтып берді. Өгей шешесі мен клиника қызметкерлері қызды жібермей ұстап, "мұндайдан бәрі өткен, сүндетке отырмасаң - өлесің" деген.

Әйелдің денесіне зақым келтіретін сүндетке отырғызу Солтүстік Кавказдың кей өңірінде кеңінен тараған.
Әйелдің денесіне зақым келтіретін сүндетке отырғызу Солтүстік Кавказдың кей өңірінде кеңінен тараған.

Қыздың анасы 2019 жылы маусымның 27-і күні өзі тұрып жатқан Шешенстанда билік орындарына арыз берді. Бала гинекологы Нальгиева әуелде операция жасағанын мойындамаған, кейінірек ол баланың денсаулығына зақым келтіргенін жоққа шығарды.

"Айболит" клиникасының директоры Беслан Матиев тағылған айыпты "сандырақ" деп атады. Ол Азаттықтың Солтүстік Кавказ қызметінің тілшісіне қыздың отбасы "клиникадан ақша алу үшін" дау шығарып отыр деп мәлімдеді. Бұған қоса ол зардап шеккен тарап ұсынған клиникада әлгіндей операция жасаудың бағасы (екі мың рубль, немесе 28 доллар) жазылған қағазды "қолдан жасалған" деп атады.

Ингушетияның бала істері жөніндегі уәкілі Зарема Чахкиева бұл іске байланысты комментарий беруін сұраған журналистердің өтінішіне жауап бермеді. Ингушетияның адам құқығы жөніндегі уәкілі Жамболат Оздоев қыздың отбасы өтініш берсе, оны қарауға әзірмін деп мәлімдеді.

Адвокаттар егер өздері берген өтініш бойынша Тергеу комитеті ресми тексеруге кірісетін болса, онда бұл Ресейде қыздарды сүндеттеуге байланысты қаралатын алғашқы іс болады дейді. Ол істе қыз баланың жыныс мүшесін зақымдаған операция жасағаны үшін емес, балаға қатыгездікпен қарау қылмысы бойынша айып тағылуы мүмкін.

Нидерландтағы SRJI құқық қорғау тобы бұрынғы Совет одағы елдеріндегі зорлық-зомбылыққа ұшыраған және гендерлік принцип бойынша жапа шеккен адамдардың құқығын қорғаумен айналысады. Ұйым 2016 жылы Дағыстанда әйелдердің жыныс мүшелеріне зақым келтірген оқиғаларды құжатқа түсіріп жазған.

Осыдан кейін көп ұзамай Дағыстанның жоғары діни басшысы қыздарды сүндетке отырғызуды қолдайтынын айтқан еді. Оның бұл сөзі қоғамда қызу пікірталас тудырды.

Солтүстік Кавказдағы негізінен мұсылмандар тұратын тағы бір аймағы Қарашай-Черкес республикасының мүфтиі Исмаил Бердыев "азғындық жайламас үшін әйелдерді сүндетке отырғызған дұрыс" деп мәлімдеген.

ЮНИСЕФ халықаралық ұйымының 2020 жылғы ақпанда жариялаған есебі бойынша, дүниежүзінде 31 елде 200 миллионға жуық қыз-келіншек денесіне зақым келтіретін сүндетке отырғызылған.


ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG