Табиғат көріністерін суретке салғанды, тауға шыққанды ұнататын ол өзін "қалалық бақсы" деп атайды. Алматының тау бөктеріндегі көрікті Көкжайлау шатқалын қорғауды өзінің басты мақсаттарының бірі деп білетін экобелсенді әрі суретші Салтанат Тәшімова бұл істе қоғамдық акциялармен қатар тылсым ғұрыптарға да жүгінеді. Ол Азаттық Азияға берген сұхбатында билік туризм мен экономиканы дамытуға серпін береді деп отырған тау шаңғысы курортының құрылысына неліктен қарсы екенін айтып берді.
Қазанның шуақты күні. Біз Салтанат Тәшімовамен бірге Көкжайлауға көтеріліп келеміз. 2012 жылдан бері тауға шығуды әдетке қылған ол содан бері экобелсенділікпен айналысады.
Төңірек сары, жасыл және қызыл күрең жапыраққа толы.
– Біз Көкжайлауға баратын жолда тұрмыз. Осы жерден ерекше қорғалатын аумақ – Іле Алатауы ұлттық паркі басталады, – деді Салтанат өзін жолбасшыдай сезініп.
Көп ұзамай бұл маңай құрылыс алаңына айналуы мүмкін. Ел билігі мұнда тау курорты салынады деп мәлімдеген.
Almaty SuperSki курортын Көкжайлау шатқалында, Құмбел шыңы мен Үш ағайынды биігінің маңында салу жоспарланып отыр. Жоба бойынша курорт шамамен мың гектар аумақты алмақ. Мұнда 60 шақырымға жуық тау шаңғысы жолын төсеу көзделген. Туристерді тауға шығаратын 16 аспалы жол орнатылмақ. Курорт 2028 жылдың аяғында ашылады деп жоспарланған. Билік қазір жұмыс істеп тұрған Медеу мен Шымбұлақ бағыттары "көбейіп жатқан туристер легіне төтеп бере алмай қалғанын" алға тартып, осы салынатын құрылыс "Алматының туристік әлеуетін іске асырады" деп отыр. Сондай-ақ туризмге тартылған инвестиция есебінен жаңа жұмыс орындары ашылып, халықтың әл-ауқаты артады деп уәде берген.
"Мақтан тұтып, қорғаудың орнына құртуға дайын отырмыз"
Көкжайлау шатқалына дейін ұзындығы 6 шақырымдық автокөлік жолын салу үшін көпжылдық ағаштарды кесу жоспарланған. Салтанат біз жоғары өрлеп бара жатқан соқпақтың бойындағы қызыл белгі соғылған ағаш діңдерін көрсетіп:
– Міне, осылар! Кесілетін ағаштар! Қызыл белгілері бар. Бұларды отайды, – деді.
Билік өкілдері Қызыл кітапқа енген ағаштар емес, адам қолымен отырғызылған ағаштар ғана кесілетінін айтып ақталады. Алайда экобелсенді бұл уәждің де "бірағы" барын айтады.
– Олар үстірт жайлы айтып отыр. Ол жерге расында да ағаш отырғызылған. Бірақ не үшін отырғызылды? Ол маңда қар көшкіні жүретін. Қарды ұстап тұру үшін егілген. Тау шаңғышысы, ғалым [Владимир] Вуколов 1970-жылдары Көкжайлауда қар астында қалған адамдардың сүйегін өз қолымен қазып алғанын айтқан еді. Сондайдың алдын алу үшін қарағай егілген. Ал қазір тау шаңғысы жолдарын салу үшін үстірттегі ағашты да, баурайдағына да кесетін болса, мұның аяғы адам өліміне әкелуі мүмкін. Ол жақта қар көшкіні үнемі болады.
Билік қар көшкінінен және топырақ-лай көшкіндерінен қорғанудың инженерлік шешімдері әзірленіп жатыр деп мәлімдеген. Әзірге егжей-тегжейі айтылмады.
Біз ары қарай жүрдік. Салтанат Оксфорд университеті ғалымдары жүргізген ДНҚ-зерттеулеріне сәйкес, барлық алма ағаштарының шыққан тегі саналатын жабайы Сиверс алмасы туралы әңгімеледі.
– Билік оталғандардың өтеміне ағаш отырғызуға, кесілген бір ағаштың орнына 10 жаңа көшет егуге уәде беріп отыр ғой. Бұған не дейсіз? – деп сұрадым.
– Бұл – ақылға қонбайтын нәрсе! Біріншіден, таулы жерде өскен ешбір ағаш басқа жерге жерсінбейді. Бұл жерде топырақ, жәндіктер мен құстар – табиғат жаратқан аса нәзік үйлесім тапқан. Сол тізбектегі тіпті жалғыз ағашқа балта тиген күннің өзінде табиғаттың тепе-теңдігі бұзылады. Ал олар болса үш мыңға жуық ағашты отамақшы. Бұл – сорақы қылмыс! – деп жауап берді Салтанат.
Біз шыршалар өсіп тұрған маңға жақындадық.
– Көкжайлауда Сиверс алмасы өседі. Бұл – біздің брендіміз, – деді Салтанат ағаштар жақты нұсқап. – Біз оны мақтан тұтып, көзіміздің қарашығындай сақтауымыз керек. Бірақ біз оны құртуға дайын отырмыз. Әзірге [үкіметтің ағаш кесу туралы] қаулысы шыққан жоқ. Гендердің "будандасқаны" туралы сараптама қорытындысын күтіп отырған болар.
Экология министрлігі Қызыл кітапқа енген 472 ағаш будандасу салдарынан "эталондық сипаты мен генетикалық кодынан айырылғанын" мәлімдеген. Бұған қоса, шенеуніктердің айтуынша, осы ағаштардың 70 пайызы зиянкестер мен аурулардан зардап шеккен және ұлттық парк аумағының небәрі 0,1 пайызын алып жатыр.
Салтанат Көкжайлау шатқалы мен оның маңайын мекендейтін түз жануарларының тағдырына да алаңдайды.
– Түлкіні Esentai Mall [сауда орталығы] маңынан көрген, – деп ол жақында әлеуметтік желілерде кең тараған видеоны еске алды. – Тауға қарай ентелеп бара жатқан урбанизациядан қазірдің өзінде жануарлар зардап шегіп жатыр. Олардың барар жер, басар тауы қалмады, тіршілік ететін аумағын тартып алып жатыр. Егер Пионер, Құмбел, Үш ағайынды [шыңдарына] аспалы жол салынатын болса, бұл ілбістердің мекенін басып алу деген сөз. Олар не Қырғызстанға ауып кетеді, немесе қырылып қалады – бұл жақта браконьер де көп.
Жол бойында ағаштарға салынған қызыл түсті белгілер тағы кездесті: олар негізінен адам өтетін соқпақ жақтан көрінбейтіндей етіп, ағаштың артқы жағынан қойылған, яғни ағашты айналып өтпесеңіз, көзге түспейді.
– Бұл белгілерді жазда байқадық, – деді Салтанат. – Мұны көргенде еріксіз көзіме жас алдым. Қазір де жаныма батады. Ойлап қараңызшы, мына жердің бәрі тақыр-таза болып қалады! Бұл ағаштар жүздеген жыл бойы өсті ғой! Ал әкімнің студенттермен бірге отырғызған анау көшеттері дәл осындай күйге жетуі үшін тағы жүздеген жыл керек! Оның үстіне, суғарылмаса олар қалай өседі? Жүздеп қурап қалып жатыр.
"Табиғат кешірмейді"
Үкімет курорт құрылысын демалушыларға қолайлы жағдай жасау – заманауи әжетханалар мен тынығатын орындар салу сияқты қажеттіліктермен түсіндіреді.
– Мен экотуризмді қолдаймын. Ал экотуризм дегеніміз – ештеңе салмау, тіпті салынған күннің өзінде ағаштар мен топырақ қабатына зиян тигізбейтін жеңіл құрылыстар тұрғызу, – деп түсіндірді Салтанат Тәшімова өз ұстанымын. – Туристер бұл жерге адам аяғы баспағандай әсер қалдыратын, қол тимеген тұмса табиғаттың сұлулығын тамашалауға келеді. Ал олар нағыз экотуризмді дамытудың орнына, бұл аумақты кең көлік жолы мен аспалы жолы бар кезекті қалалық саябаққа айналдырмақшы.
Жанымыздан аяң жүріске арналған скандинавиялық таяқ ұстаған егде жастағы ерлі-зайыпты өтіп бара жатқан еді, Салтанат олармен амандасты:
– Сәлеметсіздер ме! Неше жастасыздар?
– Мен 66-дамын, – деді әйел.
– Екеуміздің жасымызды қосқанда 130-ға келеміз, – деді ер адам.
– Қараңызшы: сергек, денсаулығы жақсы, жігерлі адамдар! Бізге нақ осындай экотуризм керек емес пе! – деді Салтанат.
– Биліктің Көкжайлауда курорт салу жоспарынан хабардарсыздар ма? Бұған қалай қарайсыздар? – деп ерлі-зайыптыға сұрақ қойдым.
– Балаларымыз бен немерелерімізді әсем табиғаттан, таза ауадан айырып тастай ма деп жан-жүрегіміз ауырады, – деп жауап қатты әйел. – Табиғат қақ жүрегіне, сұлулығына бұлай қол сұққанды кешірмейді деп ойлаймын. Ғасырлар бойы тұрған ағаштар ғой, бұларды біз еккен жоқпыз, сондықтан болашақ ұрпақ алдында табиғатқа бұлай айуандықпен қарауға еш қақымыз жоқ.
Салтанат табиғат туралы ой-пікірін бөліскен әйелді құшақтағысы келіп, одан рұқсат сұрады. Ол келісім беріп, екеуі құшақтасып, қоштасты.
Салтанат балалары кішкентай кезінде оларды ертіп алып, Көкжайлауға жиі шыққанын айтып берді.
– Егер Қазақстанның осы інжу-маржанын жойып жіберуге жол беретін болсақ, қазір екі айға толған немеремнің алдында ұятты боламын. Біз мұны қорғап қала алмаймыз ба, ол мына қол тимеген сұлу, әсем желекті ешқашан көре алмай, тұмса табиғаттың тылсым сырын сезіне алмай қала ма деп қатты қорқамын.
Арнасы тар, суы таяз Бұлақ өзенінен өттік. Салтанат ауыр техниканың тура суды таптап өтіп, оны ластайтынын айтты.
Салтанат қазылған жерді көрсетіп:
– Жер қазу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Шамасы, бұл жерге қонақүй я мейрамхана салатын шығар. Қаншама топырақты шығарып тастағанын қараңызшы, қазаншұңқыр қазып жатыр, – деді.
Әсем табиғат аясында тұрған бір қабатты ғимарат көзге түсті. Бұл – 2019 жылы курорт жобасына арнап салына бастаған қосалқы станция.
– Осы жерде біз қол ұстасып тұрып, Stop деген жазу құрастырып акция өткізіп едік, – деп еске алды Салтанат.
Билік Көкжайлауда курорт салу жоспарын 2018 жылы жариялаған. 2019 жылы Қазақстан президенті құрылысқа тыйым салды. Тәшімова жұртшылық президенттің сол жарлығының күші жойылғанын көрмегенін, алайда таудағы құрылыс "қазірдің өзінде жүріп жатқанын" айтты.
Билік Көкжайлауда Қызыл кітапқа енген ағаштар кесілмейді деп жұртты сендіруге тырысады. Бірақ экобелсенділер, соның ішінде Тәшімова да мұны қулыққа балайды.
– Алматы тау кластерін әдейі бірнеше жоба етіп бөліп қойған. Көкжайлау – бөлек, жол – бөлек. Бірақ мұның бәрі бір ғана жоба. Халықты шатастыру үшін: "Көкжайлаудың өзінде Қызыл кітапқа енген ағаштар жоқ қой" дейді. Бірақ ондай ағаштар сол жаққа баратын жол бойында бар. Бұл – қоғамдық пікірді әдейі бұрмалау, – дейді Салтанат.
"Табиғатты қорғау – тәңірші ретіндегі миссиям"
Салтанат үстірттегі сынтасты нұсқады. Бұл – ежелгі заманда қабір басына орнатылған тас тақта.
– Археологтар бұл тасты менің көзімше тапты. Бұл жерде үйсіндердің ата-бабалары – менің де бабаларым жерленген. Аяғымыздың астында ата-бабаларымыз жатыр, енді олардың сүйегінің үстіне құрылыс салмақ па?
Біз биік төбеге шықтық. Бұл жерден қарағанда жаңағы шыршалар төменде қалып, көк түтіннің арасынан қала бұлдырап көрінеді.
Салтанат әшекейлерін тағып, бақсының киімін киді. Қолына кесе алып, оған сүт құйды.
Мұнан соң бақсылық жоралғы басталды. Ол қолындағы сүтті орман, ауа, от пен жер иелеріне арнап төрт тарапқа шашып, ақ бүркіп ырым жасады. Сосын даңғырасын күмбірлете қағып, шыр айналып бақсы ойынын бастады. Бұл қимылдарды бірнеше рет қайталады.
– Мен рухтардан Көкжайлау тауларын, ағаштары мен өзендерін сақтап, қорғап қалуға жәрдем сұрап жалбарындым, – деп түсіндірді Салтанат өзі жасаған ғұрып-жоралғының мәнін.
Ол көк аспанды – Тәңірді қастерлеген көшпенділердің ежелгі нанымы – тәңіршілдікке қалай бет бұрғанын әңгімелеп берді.
– Әжемнің әпкесі бақсы болған. Әжем бұл қасиетті қабылдағысы келмеген, бәлкім, содан да болар, үш ұлы жазатайым оқиғалардан қаза тапты: бірі тоққа түсті, екіншісін түрмеде өлтірді, үшіншісі – менің әкем, оны көлік қағып кетті. Інімді де тоқ соғып, үшінші қабаттан құлаған, әйтеуір бағымызға қарай аман қалды. Осындай да сәйкестік болады екен. Мен солай деп қабылдадым. Шығармашылықты жаным серік еттім және өзімді қалалық бақсы санаймын, өйткені бойымдағы бар қуат-жігерімді қаланы, экологияны қорғауға жұмсаймын. Тәңіршілдік дүниетанымын қабылдағанымның арқасында шығар, қазір бәрі жақсы. Мен үшін бұл дін емес, дүниетаным. Тәңіршілдіктің мәні – адам табиғаттың әміршісі емес, ол барлық тіршілік иесімен қатар тұрады. Бізді табиғат жаратқан, сондықтан өзімізді табиғаттың патшасы санап, мыңдаған жануар мен өсімдіктің тағдырын қиюға қақымыз жоқ. Табиғатты жан-тәнімізбен сезініп, оны қорғауымыз керек деген түсінікпен өмір сүремін. Ағаштарды отаудан, таулар мен өзендерді ластаудан қорғау парызым деп санаймын. Табиғатты белсенді түрде қорғау – тәңірші ретіндегі миссиям деп білемін, – деді Салтанат.
Экобелсенді табиғатпен тілдесу өзіне күш-қуат беретінін айтып, сырын бөлісті.
– Қоғамдық жұмыстан қатты қажығанымды сезген сәттерде – полицияның, құрылыс салушылар мен шенеуніктердің қудалауы жанымды жабықтырған кездер болды – күш-қайратты Көкжайлаудан алатынмын. Осында келіп, медитация жасап санамды тыныштандыратынмын. Бүкіл жан-дүниеңді осы әлемге ақтарасың. Сөйтіп әрбір талдың, әр өсімдіктің, мына ғажайып сұлулықтың, күш пен мейірімнің бір бөлшегі екеніңді сезінесің. Міне, осы күш маған қиын сәттерде демеу болады, – деп ағынан жарылды Салтанат.
Таудан түсіп, қалаға қалаға қарай аяңдап келе жатырмыз. Салтанат өз өмірі, тәңіршілдік туралы әңгімесін жалғастырды.
– Үйде түрлі тастарым өте көп. Әр жерден тасып әкеле беремін, балаларым: "Мұнша тасты не істемекшісің?" деп кейиді. Ал мен сол жерді және сол маңның қуатын еске салатын әртүрлі жердің асыл тасын да, қарапайым тасын да ұнатамын.
Салтанаттың ұлы – музыкант, қызы – суретші. Салтанаттың өзі де көркемсурет мектебінде оқыған. 1980-жылдардан бері сурет салады. Импрессионизмге, абстракционизмге, постмодернизмге әуес болған. Қазір барлық бағытты ұштастырып жүрмін дейді өзі.
Ұлттық парктен шығаберіс жолда бізге бір үйір жылқы кездесті. Салтанат бір құлынды сипап, батып бара жатқан күнге сүйсіне қарады.
Салтанат өзі ерекше жақсы көретін ағашты көрсетті.
– Бұл – Тәңір ағашы. Мұны да кесіп, өлтіргісі келеді. Жол салу үшін. Көрдіңіз бе, мұнда да белгі тұр. Мен бұл ағаш оталмаса, аман тұрса деп тілеймін. Бұл – біздің өміріміз, аруақтармен байланысымыз, өткеніміз бен болашағымыздың арасындағы дәнекер! – деп көкейіндегі уайымын бөліскен белсенді.
Суретші осы ағашқа "Ұмай. Тәңір ағашы" атты картинасын арнаған: онда алып ағашты кескізбеу үшін қорғап, тамырларын құшақта жатқан қыз бейнеленген. Бұл туынды Салтанат Тәшімованың музейдегі жеке көрмесіне қойылған.
Музейдегі күн
Келесі күні Салтанатпен Алматыдағы өнер музейінде кездестім. Онда суретшінің жеке көрмесі өтіп жатыр екен. Автор өз картиналарын таныстырды. Олардың арасында "Тәңір ағашы" және "Алма ана – Сиверс алмасының арғы тегі" атты туындылары да бар.
– Неліктен көрмені Сиверс алмасына арнадым? – деп түсіндірді ол. – Өйткені Көкжайлауда үш мыңнан астам ағашты отау жоспарланып отыр, олардың ішінде Қызыл кітапқа енген 700-ге жуық ағаш бар. Бұл – біздің киелі мекеніміз. Сиверс алмасы – күллі адамзаттың ортақ қазынасы. Ол тек қана біздің тауларымызда өседі. Өз туындыларымда осы ағаштың сұлулығы мен киесін, оны Көкжайлауда жойып жібермек болып жатқанына күйзелетінімді жеткізгім келді. Бұл – менің жанайқайым.
Көрме залына жұрт кіре бастады. Салтанат оларға да картиналарды жазуға не түрткі болғанын баяндап, Көкжайлауда курорт салу жоспарланғанын және соған байланысты ағаштар кесілетінін айтып берді.
Салтанат ашықхаттар (открытка) да әзірлепті. "Мен және Көкжайлау ағашы" деп аталатын ашықхатта қызыл белгі соғылған ағаштың жанында тұрған қыз бейнеленген. Қыздың маңдайында да дәл ағаштағыдай қызыл белгі бар. Ол – тау үстіртінде салу жоспарланған құрылысқа бола оталуы мүмкін ағаштардың тағдыры қыл үстінде тұрғанын меңзейді.