Адвокат пен құқық қорғаушылар Қазақстан Мансур Мовлаевты Ресейге беруге шақ тұр дейді

Мансур Мовлаевтың сот кезіндегі суреті
Мансур Мовлаевтың сот кезіндегі суреті

Қазақстан қазір Алматыда экстрадициялық қамауда отырған шешен белсендісі Мансур Мовлаевты Ресейге беруге дайындалып жатыр. Мұны Кремльдің Украинаға ашқан басқыншылық соғысына және жүргізіп отырған саясатына қарсы тұру үшін құрылған "Ресейдің соғысқа қарсы комитеті" бірлестігі хабарлады.

Өз қызметінде құқық қорғаумен де айналысатын қордың мәліметінше, 24 қарашада "Мансур Мовлаевқа сәлемдеме беру үшін тергеу абақтысына барған адамға белсендіні Петропавлға этаппен жөнелткелі жатқанын, ол жақта оны Ресейге беретінін айтқан".

Мовлаевты экстрадициялауға дайындап жатқан болуы мүмкін деген ақпаратқа байланысты оның адвокаты Елена Жигалёнок Азаттық Азия сайтына түсініктеме берді. Ол бұған дейін БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі комитетінің талаптарын сақтау және Мовлаевты кепілмен экстрадициялық қамаудан босату жайлы Бас прокуратураға сауал жолдаған.

"Оған апарған сәлемдемені ол этаппен Петропавлға кетті деп қабылдамай қойған. Бірақ олай емес екен. Мән-жайды анықтауға барғанда оның этаппен жөнелтілетіндер тізіміне енгізілгенін естіген. Әзірге әкеткен жоқ", – деді адвокат.

Жигалёноктың сөзінше, қазір Мовлаев Алматыдағы тергеу изоляторында отыр.

"Біз Бас прокурордың орынбасары Жұмағалидың Мансурды беру туралы қаулысына шағымдану жөніндегі іс жүргізуді қайта бастауды сұрап Жоғарғы сотқа өтініш жаздық. Әлі жауап берген жоқ. Алайда Бас прокуратурадағылар өтінішті қайта қарамайтынын, бұған дейін Жоғарғы сот [Мовлаевты Ресейге] беру туралы қаулының заңды екені жөнінде шешім қабылдап қойғанын айтты", – деп хабарлады Жигалёнок.

Азаттық Азия Мансур Мовлаевтың жағдайы бойынша Бас прокуратураға ресми сауал жолдады. Осы жаңалық жарияланған сәтке дейін одан жауап келген жоқ.

Шешен белсендісі Мансур Мовлаев 2025 жылдың мамыр айынан бері Алматыда экстрадициялық қамауда отыр, Мәскеу оны беруді талап етіп отыр. Құқық қорғаушылардың дерегінше, Мовлаев өз отанында қудалауға, азаптауға ұшыраған. Ол Қырғызстанға кетіп қалған. 2023 жылы Қырғызстан билігі оны шекараны заңсыз кесіп өткені үшін алты айға соттап, жазасын өтеп шыққаннан кейіннен елден шығарылсын деген қаулы қабылдаған. Қырғызстаннан Қазақстанға келген Мовлаев мұнда бір жылдан астам уақыт басқа атпен өмір сүрген.

Отанында оған бопсалау айыбы тағылған. Адвокаттар ол іс 2022 жылы, Мовлаевты ұрлап әкетіп, азаптап, телефонын тартып алған кезде ойдан құрастырылған деп мәлімдеді.

Қазақстандағы изоляторда отырған кезде Мовлаев пана сұрап өтініш берген. 2025 жылдың аяғында өтінішіне жауап алды: Астана оны критерийлерге сай келмейді деп тапты.

2026 жылдың қаңтарында Бас прокуратура Мовлаевты экстрадициялауды сұраған Ресейдің өтінішін қанағаттандырды. Алайда ақпанда БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі комитеті экстрадицияны тоқтата тұруға негіз ретінде шұғыл қамтамасыз ету шараларын қолдана отырып, Қазақстанға Мовлаевты Ресейге беруге тыйым салды.

Көп ұзамай Қазақстанның Жоғарғы соты экстрадициялау процесін уақытша тоқтатты. 12 айлық экстрадициялық қамау мерзімі аяқталса да Мовлаев қамауда қалды.

Қыркүйек айында кассация алқасы Мовлаевтың паналатуды сұраған өтініші қанағаттандырылмайтыны туралы шешімді күшінде қалдырды. Сот ұйғарымы шыққан соң бес күннен кейін Мансур Мовлаев өзіне қол салуға әрекет жасады.

Қазан айында Қазақстанның Бас прокуратурасы шешен белсендісі Мансур Мовлаевты Ресейге беруге кедергі болатын "құқықтық негіз жоқ" деп мәлімдеді. Адвокаттар Бас прокуратураның жауабында БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі комитетінің қамтамасыз ету шаралары туралы шешімі "ұсыныс сипатында" деп аталғанына алаңдаушылық білдірді, ал құқық қорғаушылар ол шаралар экстрадицияны тоқтата тұруға негіз болатынын айтады.

Қазір Алматының тергеу изоляторында экстрадициялық қамауда отырған ресейлік белсенді Юлия Емельянованың басындағы жағдай да осыған ұқсас. Ресейлік оппозициялық саясаткер Алексей Навальныйдың Петербургтегі штабының бұрынғы қызметкері 2025 жылдың тамыз айында Алматы әуежайында – Грузиядан Вьетнамға Қазақстан арқылы ұшып бара жатқан жолда ұсталған. Қазақстан билігі оны Ресейдің сұрауы бойынша ұстап, қамаған.

Қыркүйектің аяғында 150-ден астам құқық қорғаушы Астананы Мовлаев пен Емельянованы Ресейге бермеуге үндеді. Қазақстан билігі бұл мәлімдемеге ешқандай реакция білдірген жоқ.

​
XS
SM
MD
LG