Accessibility links

150-ден астам құқық қорғаушы Астананы Мовлаев пен Емельянованы Ресейге бермеуге үндеді

Мансур Мовлаев (сол жақта) пен Юлия Емельянова суреттерінен коллаж
Мансур Мовлаев (сол жақта) пен Юлия Емельянова суреттерінен коллаж

"Ковчег" жобасының хабарлауынша, 150-ден астам ғалымдар, құқық қорғаушылар, журналистер мен қоғам өкілдері Қазақстан билігін ресейлік белсенділер Юлия Емельянова мен Мансур Мовлаевты Ресейге экстрадиция жасамауға үндеген.

"Ковчег" Қазақстан билігіне жазылған ашық хатты жариялады. Мәлімдемеге 155 адам мен ұйым қол қойған.

Хатқа қол қойғандар Ресейде Мовлаев пен Емельяноваға бостандығынан айырылып, қатыгездікке ұшырау, саяси себептермен қудалауға түсіп, ойдан шығарылған ауыр айыптар тағылу "қаупі жоғары" деп санайды.

"Қазақстан Республикасы Азаптауға қарсы конвенция мен Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактінің қатысушысы саналады және адамды азаптауға немесе басқа да қатыгез, адамгершілікке жатпайтын немесе қорлайтын қарым-қатынасқа немесе жазаға ұшырайтын мемлекетке беруге тыйым салатын non-refoulement ("қайтарып жібермеу") қағидатын сақтауға міндетті" деп жазылған ашық хатта.

Адам құқығын қорғаушылар Мовлаевтың отбасы бұрын еркінен тыс әкетіліп, азапталғанын, ал Мансурдың өзі қамауда отырған кезде екі рет өзіне қол жұмсауға талпынғанын атап көрсеткен. Юлия Емелььянова Ресейде ұсталған кезде бірнеше рет азаптауға душар болған, оған әжетханаға баруға рұқсат етпеген.

Қазақстан билігі әзірге бұл ашық хатқа байланысты ешқандай пікір білдірген жоқ.

Ресей түрмесінде қаза болған белгілі оппозиционер Алексей Навальныйдың Санкт-Петербургтегі штаб-пәтерінің бұрынғы еріктісі, Emigration for Action және Just Help жобаларының белсендісі Юлия Емельянова былтыр 31 тамызда Грузиядан Вьетнамға ұшып бара жатқан жолда Алматы әуежайында ұсталып, 12 айға қамалған. Ресейде оның үстінен "такси жүргізушінің құны 12 мың рубль (143 долларға жуық) тұратын телефонын ұрлаған" деген күдікпен қылмыстық іс қозғалған. Құқық қорғаушылар ол іс ойдан құрастырылған деп есептейді. Биыл Емельянованың қамау мерзімі тағы ұзартылған. Қазақстан соттары белсендіге пана беруден бас тартып, оны экстрадициялауды мақұлдаған.

Шешен азаматы Мансур Мовлаевтың да жағдайы осыған ұқсас, ол да қазір Алматыда қамауда отыр. Мовлаевқа кез келген сәтте Ресейге экстрадициялану қаупі төніп тұр дейді құқық қорғаушылары. Ресейде өзін азаптап, көзін жоқ қылып жіберетінін айтқан ол жақында өзіне қол салуға екі рет талпынған. Оның алдында Қазақстан пана беруді сұраған Мовлаевтың өтінішін орындаудан бас тартқан.

Шешенстан басшысы Рамзан Қадыровты сынға алып, Шешенстандағы адам ұрлау және қинап-азаптау туралы мәліметтер жариялаған Мансур Мовлаевқа қарсы Ресейде іс қозғалып, "бопсалау" және "экстремизмді қаржыландыру" айыптары тағылған. Мовлаев пен оның қорғаушылары бұл айыптар ойдан құрастырылған дейді.

Айдар
​
XS
SM
MD
LG