Қазақстанның Нью-Йорктегі бас консулдығы орналасқан ғимараттың алдында акция өткізген бір топ адам қазір Алматыдағы тергеу изоляторында отырған ресейліктер Юлия Емельянова мен Мансур Мовлаевты Ресейге экстрадициялауға қарсылық білдірген. Мовлаев пен Емельянова Ресейдің сұрауы бойынша Қазақстанда ұсталғаннан кейін бір жылдан астам уақыт бойы Алматыдағы тергеу изоляторында отыр.
Нью-Йорктегі наразылық акциясын бұрын Мәскеу қаласының жергілікті басқару органы депутаты болған Сергей Власов құрған Ресейлік босқындар қоры (Russian Refugee Foundation) ұйымдастырған. Акцияға шыққандар Қазақстан билігінен белсенділерді Ресейге бермеуді және халықаралық міндеттемелерін орындауды талап еткен.
Қазақстанның дипломатиялық өкілдіктерінен ешқандай жауап болған жоқ.
Бұған дейін осыған ұқсас наразылық акциялары Еуропа, Австралия мен Арменияның кейбір қалаларында өткен деген хабар болған.
Ресей түрмесінде қаза болған белгілі оппозиционер Алексей Навальныйдың Санкт-Петербургтегі штаб-пәтерінің бұрынғы еріктісі, Emigration for Action және Just Help жобаларының белсендісі Юлия Емельянова былтыр 31 тамызда Грузиядан Вьетнамға ұшып бара жатқан жолда Алматы әуежайында ұсталып, 12 айға қамалған. Ресейде оның үстінен "такси жүргізушінің құны 12 мың рубль (143 долларға жуық) тұратын телефонын ұрлаған" деген күдікпен қылмыстық іс қозғалған. Құқық қорғаушылар ол іс ойдан құрастырылған деп есептейді. Биыл Емельянованың қамау мерзімі тағы ұзартылған. Қазақстан соттары белсендіге пана беруден бас тартып, оны экстрадициялауды мақұлдаған.
Шешен азаматы Мансур Мовлаевтың да жағдайы осыған ұқсас, ол да қазір Алматыда қамауда отыр. Мовлаевқа кез келген сәтте Ресейге экстрадициялану қаупі төніп тұр дейді құқық қорғаушылары. Ресейде өзін азаптап, көзін жоқ қылып жіберетінін айтқан ол жақында өзіне қол салуға екі рет талпынған. Оның алдында Қазақстан пана беруді сұраған Мовлаевтың өтінішін орындаудан бас тартқан.
Шешенстан басшысы Рамзан Қадыровты сынға алып, Шешенстандағы адам ұрлау және қинап-азаптау туралы мәліметтер жариялаған Мансур Мовлаевқа қарсы Ресейде іс қозғалып, "бопсалау" және "экстремизмді қаржыландыру" айыптары тағылған. Мовлаев пен оның қорғаушылары бұл айыптар ойдан құрастырылған дейді.