Accessibility links

"Қара түнек басқандай". Спортшы ауған қыз үмітін тәліптер үзгенін айтады


Велосипед мінген ауғанстандық қыздар. Көрнекі сурет.
Велосипед мінген ауғанстандық қыздар. Көрнекі сурет.

24 жастағы ауған әйел он жасар бала кезінде әкесі жетектеп спорт үйірмесіне алып барғалы бері жеңіл атлетикамен шұғылданған. Ол Азаттыққа берген сұхбатында Ауғанстанда билікке келген "Талибан" қозғалысы елдегі әйелдердің спортпен айналысуына рұқсат береді деген үміті өшіп бара жатқанын айтады.

24 жастағы кәсіби спортшы – Кабулда жеңіл атлетикадан өткен жарыс жеңімпазы. Ол ауған спортшылары елдегі және шетелдегі жарыстарға тұла-бойын толық жауып тұратын киім киіп шығатынын, бұл тәліптер сөз қылғандай емес, яғни ислам шартын бұзбайтынын айтады.

Жеке басы мен үй-ішінің қауіпсіздігі үшін аты-жөнін атамауды өтінген спортшы осы аптада "Талибан" қозғалысы (Қазақстанда және басқа елдерде тыйым салынған) өкілінің әйелдерге "кейбір спорт түрімен шұғылдануға" болмайтынын айтқан мәлімдемесіне қарсы уәж ретінде Азаттыққа осылай деді.

– Жаттығу мен жарыста басымызға орамал тағып жүрдік, үстімізге жеңі ұзын (киім), ұзын спорт шалбарын, оның сыртынан белдемше кидік, – дейді жеңіл атлет.

Ол командаластары да, өзі де жаттығу мен жарыс кезінде денесін жауып тұратын киіммен жүретінін айтады.

– Ешбір жарыста, әлемнің ешбір елінде басымдағы орамалды шешкен жоқпын. Шетелдік ұйымдастырушылар біздің киімге ешқашан қарсы шықпай, таңдауымызды құрметтейтін, – деді ол Азаттыққа.

Олимпиада жарысына қатысып жатқан Ауғанстан атлеті. Токио, 30 шілде 2021 жыл.
Олимпиада жарысына қатысып жатқан Ауғанстан атлеті. Токио, 30 шілде 2021 жыл.

"ТАЛИБАН" ҮКІМЕТІ НЕ ДЕЙДІ?

Қыркүйектің басында "Талибан" қозғалысы жаңа үкімет құрамын жариялады. Бірақ жаңа үкіметтің әйелдер спортына қатысты қандай саясат ұстанатыны белгісіз болып келген.

14 қыркүйекте тәліптер билігінің спорт жөніндегі өкілі Башир Ахмад Рустамзай "Талибан" бұл мәселені әлі қарастырып жатқанын мәлімдеді.

Бірақ тәліптердің мәдениет комиссиясы басшысының орынбасары Ахмадулла Уасиқ ауған әйелдеріне спортпен шұғылдануға тыйым салынуы мүмкін екенін айтты. Ол мұның себебін "жарысқа қатысқан әйел ашық-шашық киіммен жүреді" деп түсіндірді.

– Крикет пен басқа да спорт түрінде әйелдер ислам талабына сай киінбейді, денесі көрініп жүреді. Ислам мұндайға жол бермейді, – деді Уасиқ.

Тәліптердің спорт және дене тәрбиесін басқаратын өкілі Башир Ахмад Рустамзай (ортада). Кабул, 14 қыркүйек 2021 жыл.
Тәліптердің спорт және дене тәрбиесін басқаратын өкілі Башир Ахмад Рустамзай (ортада). Кабул, 14 қыркүйек 2021 жыл.

Оның бұл мәлімдемесі тәліптердің исламның әйелге қатысты кей нормасын әсіре консервативті тұрғыдан түсіндіретінін көрсетеді. Мысалы, әйел жақын туысы емес ер адамның көзінше немесе көпшіліктің алдында бұлжытпай сақтауға міндетті шектеулер бар.

"ҚАРА ТҮНЕКТЕ ҚАЛҒАНДАЙМЫЗ"

Кабулдан шыққан жеңіл атлетті он жасар бала кезінде әкесі жетектеп спорт үйірмесіне алып барған. Содан бері спорт оның сүйікті ісіне айналған. Бірақ енді ол "арманы күл-парша" болып, спортқа қайта оралу туралы үміті үзіле бастағанын айтады.

– Болашағым бұлыңғыр, алдымда тек қара түнек тұрғандай. Өзімнің және отбасымның қауіпсіздігі толғандырады. Спортпен айналысуды жалғастырамын деп олардың өміріне қауіп төндіргім келмейді, – деді ол Азаттыққа 15 қыркүйекте.

Дәл сол күні Ауғанстанның БҰҰ қолдайтын үкіметі құлап, "Талибан" радикал қозғалысы ел астанасын басып алғанына тура бір ай болған еді.

Бірақ Ахмадулла Уасиқтың мәлімдемесі тәліптердің Ауғанстандағы әйел құқығы мен бостандығына деген көзқарасы жайлы жұрттың көкейіндегі күмәнді күшейте түсті. 1996-2001 жылдары Ауғанстанда билікте болған кезде "Талибан" қозғалысы әйел құқығы мен бостандығын қатты шектегені баршаға мәлім.

Фитнес орталығындағы жаттықтырушы қыз. Кабул, 2019 жылғы қазанда түсірілген фото.
Фитнес орталығындағы жаттықтырушы қыз. Кабул, 2019 жылғы қазанда түсірілген фото.

Азаттық сөйлескен спортшы елдегі жарыстардан алтын, күміс, қола жүлде алған. Қазақстанда, Иранда және басқа елдерде өткен жарыстарға Ауғанстан атынан қатысқан. Ол тәліптер Кабулды басып алардан бірнеше күн бұрын командасымен шетелден оралған еді.

– "Талибан" жұмыс істейтін әйелдердің кеңсеге оралып, жұмысын жалғастыруына мұрсат бермей отыр ғой, сондықтан олар әйелдердің стадионда топ адамның алдына шығып, өнер көрсетуіне рұқсат етпейді, – деп санайды спортшы.

"Тәліптер нақты қауіп төндірді ме?" деген сұраққа ол "Талибан" үкіметі кезінде Ауғанстанда қай салада болсын жетістікке жеткен кез келген әйелді үрей билейтінін айтты.

– Спорт және олимпиада комитетінде аты-жөнім жазылған суретім ілініп тұр. Ал онда қазір тәліп шенеуніктер отыр. Олар соңыма түсе ме деп қорқамын, – дейді ол.

Ол өзі барған клубта қазіргі заманғы құрал-жабдық болмағанына, ескі түсініктегі кей көршісінің күңкіл сөзіне қарамастан сүйікті спортымен айналысып, өзін бақытты сезінгенін айтады. Бірақ 15 тамызда Кабулды тәліптер басып алғалы бері ол үйінен шықпаған.

Ауғанстанға "Талибан" қозғалысы билік орнатқан соң ондаған кәсіби спортшы елден кетуге мәжбүр болған. Ауғанстан ұлттық футбол құрамасында ойнаған бір топ қыз жаттықтырушысы, отбасы мүшелерімен бірге осы аптада Пәкістанға кетті. Жас спортшылар тәліптер "үлкен қауіп" төндіретінін айтып, Пәкістан премьер-министрі Имран Ханнан елге кіруге рұқсат сұраған.

Тәліптер қыркүйектің басында спорт шарасын ұйымдастырды. Ауғанстанның крикет кеңесі ерлер арасында жарыс өткізіп, Кабулдың крикет стадионында көп адам жиналды. Бұл Ауғанстанда халықаралық қауымдастық мойындаған үкімет биліктен тайдырылып, "Талибан" билікке келгелі өткен алғаш спорт жарысы еді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG