Accessibility links

Ауғанстандағы жағдай АҚШ, Қытай, Ресейдің Орталық Азиядағы рөлін өзгерте ме?


"Талибан" өкілі Кабулдегі елшіліктердің көбі орналасқан "жасыл аймаққа" кірер жолда көліктерді тексеріп жатыр. 22 тамыз 2021 жыл.
"Талибан" өкілі Кабулдегі елшіліктердің көбі орналасқан "жасыл аймаққа" кірер жолда көліктерді тексеріп жатыр. 22 тамыз 2021 жыл.

Ауғанстанда "Талибан" қозғалысының (Қазақстанда тыйым салынған) билікке келуі Орталық Азияның Ресеймен, Қытай және АҚШ-пен қарым-қатынасына әсер ететіні туралы алыпқашпа әңгіме көп. Кей сарапшылар аймақта Ресейдің немесе Қытайдың ықпалы күшейіп, АҚШ беделі әлсірей береді дейді. Бірақ іс-жүзінде Орталық Азияның ірі державалармен байланысы мүлдем өзгермеуі де ықтимал.

Кей сарапшылар АҚШ әскерінің Ауғанстаннан толық кетуі Вашингтонның Орталық Азиядағы беделіне нұқсан келтіріп, аймақтағы бес постсоветтік елмен байланысын бәсеңдететінін айтады.

Бірақ Орталық Азия елдерінің үкіметі АҚШ-тың Ауғанстанда 20 жыл жүргізген әскери операцияларының аймақ үшін қаншалық маңызды болғанын ұмытпайды. Америка әскерінің Ауғанстанда болуынан дәл Орталық Азия секілді пайда көрген ел жоқ.

1990 жылдары "Талибан" қозғалысы Орталық Азия шекарасына жеткенде, Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан билігінің үрейі қашты. Тек бейтарап саясат ұстанған Түркіменстан ғана тәліптермен түсінісе алды.

2001 жылдың соңында АҚШ пен НАТО Ауғанстанда әскери операция бастағанда Орталық Азия шекарасындағы қауіп сейілді. Ауғанстанның солтүстік бөлігі 2013 жылға дейін бейбіт аудан болды. Сол жылдары АҚШ пен НАТО, Ауғанстан үкіметі әскерінің Орталық Азияны Ауғанстандағы тұрақсыздықтан қорғауы аймақтың дамуына жол ашты.

"Талибанның" жылдам билікке келуі күтпеген жағдай болғанымен, Батыс әскерінің ауған жерінен кететіні 10 жыл бұрын белгілі болды. Мұны АҚШ-тың сол кездегі президенті Барак Обама айтқан еді. Яғни Орталық Азия билігі АҚШ әскерінің Ауғанстаннан кететінін білді және оларда дайындалуға10 жыл уақыт болды.

2001-2021 жылдар аралығында АҚШ Орталық Азияға әскери жаттығу, қаржыландыру, шекарадағы қауіпсіздікке қажет құралмен жабдықтау, әскери көлік құралдарын беру арқылы Ауғанстаннан төнген қауіпті анықтап, онымен күресу әлеуетін арттыруға көмектесті.

АҚШ Орталық Азияға көмектесті, көмектесіп келеді де. Жуырда аймақтағы кей елге Covid вакцинасын жіберді. Кей елдермен мүмкіндігінше сауда қатынасын жүргізіп, олардың Дүниежүзілік сауда ұйымы (ДСҰ) секілді халықаралық ұйымдарға қосылу талабын қолдады.

АҚШ сондай-ақ Ресей мен Қытайға қарымта күш болып, Орталық Азия елдерінің Мәскеу мен Пекиннің ықпалына түсіп қалуын тежейді.

РЕСЕЙ

Кей сарапшылар АҚШ пен НАТО әскері Ауғанстаннан кеткен соң, Ресейдің Орталық Азиядағы ықпалы арта түсетінін айтады.

Бірақ Ресей Орталық Азиядағы қауіпсіздік мәселесіне бұрыннан араласады және бұл Қырғызстан, Тәжікстан және Өзбекстан елдерінде АҚШ пен НАТО базалары пайда болғанға дейін басталған.

Ресейдің 201-дивизиясы Тәжікстанға 1940 жылы кірген. 2012 жылғы келісім бойынша, дивизия ондағы мерзімі 2042 жылға дейін ұзартылды.

АҚШ әскері Қырғызстанға кірген соң, Ресей 2003 жылы Қырғызстанның Кант қаласында әскери база ашты. 2012 жылғы келісім бойынша, Ресей әскері сол жерде кемінде 2027 жылға дейін қалып, содан кейін келісімшартты тағы бес жылға ұзарта алады.

Канттағы базаны Ресей жетекшілік ететін Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы басқарады. Ұйымға Ресей, Армения, Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан және Тәжікстан кіреді. Бірақ техника мен әскердің бәрі Ресейден келеді.

Әзірге Ресей Қырғызстан мен Тәжікстандағы ықпалын арттыруды көздейтіні көрінбейді, Орталық Азиядағы басқа елдерде база салуға ұмтылатыны да байқалмайды.

Жуырда Ресей Ауғанстан шекарасы маңында Тәжікстанмен, Өзбекстанмен әскери жаттығу өткізді. Ал 24 тамызда Қырғызстанда ҰҚШҰ-ға мүше елдер жаттығу өткізе бастады.

Ресей танктері ауған-тәжік шекарасында әскери жаттығудың алдында. 20 шілде 2021 жыл
Ресей танктері ауған-тәжік шекарасында әскери жаттығудың алдында. 20 шілде 2021 жыл

Бірақ 1990 жылдардың соңында да Ресей тура солай істеп, АҚШ әскері Ауғанстанда болған жылдары Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан елдерімен әскери жаттығу өткізген. 2016 жылы Шавкат Мирзияев Өзбекстан президенті болған соң, Мәскеу Өзбекстанмен де әскери жатығу өткізуді қайта қолға алды.

Әрине, Мәскеу Орталық Азиияға Ауғанстаннан төнген қауіпті пайдаланып, бұл елдер Батыстан немесе Қытайдан алыстап, Ресейге жақындайтындай етіп ықпалын арттыра алады.

Ресей Өзбекстанды Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымына мүше болуға көндіре де алады. Ташкент бұл ұйымға 1992-1999 және 2006-2012 жылдары мүше болып, одан екі рет шығып кеткен. Тіпті, Ресей өз ықпалын пайдаланып Түркіменстанды оқшау өмірден де алып шыға алады. Кейінгі жылдары бұл процесс басталып та кеткендей.

Бірақ кейінгі кездері Мәскеу Ауғанстандағы жағдай туралы екіұшты ақпарат таратып жатыр.

Мәселен, Ресейдің ресми өкілдері қазір "Талибанның" қаупін азайтып көрсетіп отыр. Кейбірі Ауғанстан үкіметіне қарағанда "Талибанмен" әріптестік орнату оңайырақ болады дейді. Бірақ Мәскеу кейінгі 25 жылда керісінше сөйлеген.

Ресейдегі ресми тұлғалар Ауғанстандағы ауған емес исламистік топтардан қауіп төніп жатыр деп мәлімдеді. Олар айтқан исламистік топтарға көбіне Орталық Азия азаматтары кіреді. Бұл топтар аймаққа кіріп, тұрақсыздық орнатуы мүмкін.

Орталық Азия елдерінің үкіметі мұнымен келісуі ықтимал. Бірақ солай болған күннің өзінде Ресей оларға қаншалық көмектесе алады?

Егер экстремистік топтар шекараны жаппай кесіп өтпесе, Орталық Азия тұрғындарына Ресейден көмек аз.

Орталық Азияға кіріп лаңкестік жасамақ болған экстремистер немесе жеке топтар тойтарыс беруге келіңкіремей, сол елдің ішкі қаупіне айналады.

Қорғаныс туралы екіжақты немесе көпжақты келісімшарттар ішкі немесе сыртқы қауіпке негізделген. Бірақ серіктестер жеке елге ішкі қауіп төнгенде көмек көрсетуге міндетті емес. Бұған дейін Орталық Азияда ешкім олай істемеді.

ҚЫТАЙ

Пекин АҚШ әскерінің Ауғанстаннан кетуін Орталық Азиядағы ықпалын арттыруға пайдалады деп болжағандар да болды. Бірақ Қытай аймаққа көбіне экономикалық тұрғыда ықпал етеді. Қытай қауіпсіздік проблемалары өз еліне өтіп кетпеуі үшін Орталық Азияға қауіпсіздік проблемаларымен күресуге көмектесуі ықтимал.

Қытай Орталық Азияға қару сатады. Екіжақты немесе Шанхай ынтымақтастық ұйымы аясында әскери жаттығулар өткізеді. Бұл ұйымға Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан, Ресей, Пәкістан, Үндістан кіреді.

Пекин Тәжікстанның шығыс бөлігінде кішігірім әскери база ашқан. База Қытайдың таулы аймағымен шекарасын күзетеді.

Кей сарапшылар Ауғанстаннан келгендер Орталық Азияда тұрақсыздық орнатса, Қытай көмекке әскер жіберуі мүмкін дейді. Бірақ олай болуы екіталай.

Азаматтарының көбі мұсылман саналатын елдерге Қытай әскерінің кіруі қауіпсіздік проблемаларын тереңдетуі мүмкін. Орталық Азия елдері тап болуы мүмкін бұл проблема жиһадшыларға тиімді болады.

Пекиннің ұйғыр, қазақ, қырғыз секілді мұсылман азаматтарға қарсы науқаны Қытайдың беделіне нұқсан келтіріп, көбін ашуландырды.

Кейінгі 25 жылда Қытай қуатты әскер құрғанымен, коммунистер билікке келгелі сенім ұялатқан емес.

Қытай әскері 1950 жылдардын басында Кореяға, 1969 жылы Совет одағымен болған Уссури өзенінің бойындағы шайқасқа, 1979 жылы Вьетнамға кіргенде көп шығынға батты. Содан бері 40 жылдан асты, Пекин осы уақытта әскерін шетелге соғысуға жібермеді.

2016 жылы Оңтүстік Суданда Қытайдың екі әскери қызметкері мерт болды. Бұл Қытай қоғамын дүрліктірді. Егер осындай жағдай қайталанып, ондаған сарбазы қаза табар болса, мұны Қытай қоғамы үшін түсіндіру Пекинге қиынға соқпақ.

Пекин 20 жылда Орталық Азияға көп инвестиция құйып, мұнай, табиғи газ, уран, темір сияқты шикізаттар алды. Бұл аймақтағы билікке де пайдалы болып, сол елдің азаматтары Қытай жобларына жұмысқа тұрды.

Бірақ Қытайдың Орталық Азиядағы жобалары аяқталып қалды. Бұл жобаларға мұнай-газ құбырын салу, теміржол және автожол құрылысы, мұнай өңдеу зауыттары секілді инфрақұрылым кіреді.

Қытай Орталық Азияға инвестиция салып, табиғи байлықты игеруді жалғастыра береді. Бірақ Пекин 10-20 жыл бұрынғыдай ақша жұмсамайды. Қытайдан қарыз алған Орталық Азия үкіметтері де жуырда қарызын төлеуі тиіс. Нәтижесінде бұл елдердің көбі қарызын төлейтін қаржы таппай қиындыққа тап болуы мүмкін.

Орталық Азияда Қытайға деген өшпенділік күшейіп барады, азаматтар арасында "билік Пекинге сатылып кетті" деген көңіл-күй бар.

ОРТАЛЫҚ АЗИЯҒА КӨМЕК ҚАЖЕТ ПЕ?

Жақын айларда Орталық Азия елдері Ауғанстаннан төнген қауіптен қорғанамыз деп шетелдік әріптестерге қатысты асығыс шешім қабылдауы мүмкін. Бірақ шын мәнінде оларға сырттан көмек соншалық қажет емес.

1990 жылдары "Талибан" Орталық Азия табалдырығын аттай бастағанда, аймақтағы бес ел де тәуелсіздігін енді алған еді. Ал Тәжікстанда азаматтық соғыс болып жатты.Ол кездері аймақтағы тұрақсыздыққа алаңдайтындай себеп бар еді.

Қазір бұл елдердің тәуелсіздік алғанына 30 жыл болды. Тәжікстанда 25 жылға созылған азаматтық соғыс та артта қалды. Орталық Азия тұрақты аймаққа айналды, елдердің өзара байланысы да тәуелсіздіктің алғашқы жылдарына қарағанда жақсырақ.

Орталық Азия елдерінің жақсы қаруланған көп әскері бар. Ауғанстанмен шекарасы да жақсы қорғалады. Аймақтағы елдер 1990 жылдардағыдан қарағанда қазір "Талибанды" жақсы таниды.

Аймақтағы елдер арасындағы ынтымақ Орталық Азия елдерінің ең мықты қорғаныс құралы бола алады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG