Accessibility links

Хамид Карзай тәлібтерді бітімге келуге шақырды


Ауғанстан президенті Хамид Карзай Кабулда баспасөз мәслихатын өткізіп тұр. 31 қаңтар. 2010 жыл.
Ауғанстан президенті Хамид Карзай Кабулда баспасөз мәслихатын өткізіп тұр. 31 қаңтар. 2010 жыл.

Ауғанстан президенті Хамид Карзай жексенбі күні тәлібтерді қаруларын тастап, ауған заңын қабылдауға шақырды. Оның бұл мәлімдемесімен қатар көрші Пәкістанда тәлібан жетекшісі Хакимулла Мехсуд өлді деген хабар тарады. Ал тәлібтер өкілі ақпаратты теріске шығарды.

Ауған президенті Хамид Карзай елдің қауіпсіздігі мен тұрақтылығы үшін қолдан келгенін жасауға дайын екенін айтты. Ол жаңа бейбітшілік заңы аясында тәлібтерге қайрылып, оларды қаруларын тастауға шақырды. Кабулдағы баспасөз мәслихатында сөйлеген Карзай НАТО мен АҚШ бастаған халықаралық күштер елде террористер мен экстремистер жеңілгенше болады деді.

"Тәлібтер өз еліне оралып, бейбітшілік үшін жұмыс жасаса оң қабылданады. Одан кейін АҚШ пен басқа да шетелдік күштер үйлеріне қайтар еді. Біз ауғандықтар ретінде Ауғанстанның қауіпсіздігі мен бейбіт өміріне қол жеткізу үшін қолдан келгеннің бәрін жасауға тырысып жатырмыз", - деді Хамид Карзай

Карзайдың бұл мәлімдемесі осыдан бірер күн бұрын президент Карзай мен оның батыстық одақтастары Лондонда кездесіп, елдегі қаруларын тастауға дайын талибан бүлікшілерін қоғамдық шараларға тартып, олардың қақтығысын тоқтататындай толық бағдарлама жасауға келіскен соң айтылып отыр. Бұл жобаға бірінші жылы 140 миллион доллар қаржы бөлінбекші.

Тәлібтер Карзайдың бұл үндеуін қабылдамай, шетелдік әскерлер толығымен шығарылмайынша, оның үкіметі мен Ауғанстандағы жасақтарға қарсы шабуылдарын жалғастыра беруге сөз берді.

Сонымен қатар, жексенбі күні Ауғанстанның тәуелсіз адам құқықтарын қорғайтын комиссиясы өздерінің ауған үкіметі мен тәлібтер арасында нақты бір жағдайлар бойынша бейбіт келіссөздер жүргізіп жатқанын айтты.

Ол топтың өкілі Фарид Хакиммидің Азат Ауғанстан радиосына:

"Біріншіден, бейбіт келіссөздер біздің жалпы адам құқықтары, әйелдер құқы мен баспасөз еркіндігі және азаматтық қоғам орнату үшін жасап жатқан күш-жігерімізге әсер етпеуі тиіс. Екіншіден, бұл тұрғыдағы қандайда да бір келісімдер сыйлануы тиіс әрі халықаралық адам құқықтары жөніндегі талаптарға сай қабылдануы керек", - деп айтты.

Хакимми сонымен қатар бейбіт келіссөздерге қатысты қандайда бір жоспарлар ашық жасалып, соғыс қылмыстары мен адам құқын бұзушылар жазасыз қалмауы керек деді.

Лондон конференциясынан оралған соң Кабулда баспасөз мәслихатын өткізген Карзай өзінің бітімге келу ұсынысы әл-Қаида содырларына қатысты емес екенін қайталап, террористерге Ауғанстанда орын жоқ деді.

Карзай мен оның үкіметі жаңа бағдарламаға жетекші болатын бейбітшілік пен қайта құру жөніндегі Жоғары кеңес құрды.

Ауған президентінің айтуынша, үкімет сонымен қатар ақсақалдар алқасының - "лоя жырға" отырысын өткізіп, Ауғанстандағы бейбіт келешек жобаларын талқылайтын болады.

Карзай осы аптада өзінің Сауд Арабия еліне болатын сапарынан не күтетінін де айтып өтті.

"Біздің қарастырып отырған бағдарламамыз тек тәлібтермен келіссөз жүргізумен шектелмейді, оның көлемі кеңірек болады. Ауғанстандағы бейбіт ахуалды жақсарту үшін елге қолдау алу жолында біздің көршілерімізбен байланыстарды дамытуды да қарастырып отырмыз", - деді.

Бұл арада көрші Пәкістанда мемлекеттік теледидар пәкістандық тәлібтер жетекшісі Хакимулла Мехсуд қаза болып, жерленген деген хабар таратты.

Тәлібан бүлікшілерімен күресіп жүрген Пәкістан армиясы оның өлімін растай алмады. Ал тәлібтер өкілі Азам Тариқ ол ақпаратты теріске шығарды.

Associated Press ақпарат агенттігі осы өңірдің тайпа ақсақалдарының бірінің сөзін дәйекке келтірген. Ол ақсақал өзінің бейсенбі күні Оракзай аймағындағы Мамузайда Мехсудтың жерлеу рәсіміне қатысқанын айтқан.

Reuters агенттігі атын атамаған пәкістандық барлау ресмиінің сөзін келтіріп, Мехсуд қаңтардың 17-сі күні Солтүстік Вазиристанда болған АҚШ-тың зымыран соққысынан жараланып, қаза тапқан болуы мүмкін дегенін жеткізді. Мехсудтың өлімі туралы хабар қаңтардың 14-дегі әуе соққысынан кейін айтыла бастаған.

Пәкістандық тәлібтердің бұрынғы жетекшісі Байтулла Мехсуд 2009 жылдың тамызында АҚШ-тың зымыран соққысынан қаза болған.
XS
SM
MD
LG