Accessibility links

«Ауғанстаннан ана тілін білмейтін қазақ таппайсыз»


Ауғанстанда тұратын этникалық қазақ Абдулрахиб Мүслімбек. Сурет оның жеке архивінен алынды.

Ауғанстанда тұратын этникалық қазақ Абдулрахиб Мүслімбек 1994 жылы Құндыз қаласында дүниеге келген. Өзі туып-өскен қаладағы жоғары оқу орынында құқықтану мамандығы бойынша 3-курста оқып жатыр. Абдулрахиб Азаттыққа Ауғанстан қазақтары жайлы айтып берді.

Азаттық: –Құндыз қаласында құқықтану мамандығы бойынша білім алып жүр екенсіз. Сізден басқа университетте оқып жүрген қазақтар бар ма?

Абдулрахиб Мүслімбек: – Әрине, бар. Мысалы менімен бірге төрт бала оқиды. Сол секілді Ауғанстанның басқа аймақтарында да оқып жүрген қазақтар бар ғой. Өйткені қазақтар тек Құндызда ғана емес. Мазари-Шариф, Кабул, Бағлан секілді қалаларда төрт үй, бес үйден бар. Біздің үйде оқып жүрген мен ғана емес. Інім университет бітірген. Қазір тағы бір інім мен қарындасым Қазақстанда, Алматыда оқып жатыр. Тағы бір қарындасым жоғарғы оқу орнын бітірген. Ол да Қазақстанда тұрады. Сонымен қатар, екі қарындасым мен екі інім әлі мектепте оқып жүр.

Азаттық: – Жоғары білім алған қазақтар Ауғанстанда мемлекеттік қызметке орналаса ала ма?

Абдулрахиб Мүслімбек: – Ол жағын қиын. Мысалы, інім жоғары білім алғанымен, мемлекеттік қызметке араласа алған жоқ. Қазір ауылдағы ақсақалдар ұйымы тақілеттес қоғамдық алқаның жетекшісі болып жүр. Бұл арнайы айлық алып істейтін қызмет емес. Ал өзім болашақта мемлекеттік қызметке аралассам деп ойлаймын.

Азаттық: – Қазақ тілінде сөйлегеніңізге қарап, жергілікті халықтың тілдік ерекшелігі әсер етпеген десем де болады. Тек сіз ғана емес, ауғанстандық қазақтардың барлығының қазақ тілінде таза сөйлейтінін аңғардым. Ана тілдеріңізді қалай таза қалпында сақтап жүрсіздер?

Абдулрахиб Мүслімбек: – Сыртта басқа тілде сөйлей береміз. Өйткені басқа қазақ жоқ сөйлесетін. Бірақ үйге келгенде тек қазақ тілінде ғана әңгімелесеміз. Ауғанстандық қазақтардың барлығы отбасында қазақша сөйлеуі керек. Бұл бізде қатаң сақталатын тәртіп. Сол себепті болар, Ауғанстаннан ана тілін білмейтін қазақ таппайсыз. Мысалы, біз бір үйдегі бір әке-шешеден тараған 11 бала - алты қыз, бес ұл тек қазақ тілінде сөйлесеміз. Ана тілімізді ұмытпауымыздың басты себебі сонда болуы керек.

Азаттық: – Ауғанстан қазақтарының негізгі кәсібі не?

Абдулрахиб Мүслімбек: – Негізгі кәсібіміз мал шаруашылығы. Мысалы бізде 2000 қой, 50-дің үстінде жылқымыз бар. Сондай-ақ, 200 гектар егістік жеріміз бар. Жерге күріш пен бидай себеміз. Жылына 50 тонна күріш пен 60 тоннадай бидай аламыз. Соларды сатуға шығарамыз. Одан бөлек, қалада азық-түлік сататын дүкеніміз бар. Көкпар аттарын ұстаймыз.

Азаттық: – Көкпарға өздеріңіз шабасыздар ма әлде аттарды жалға бересіздер ме?

Абдулрахиб Мүслімбек: – Өзіміз шабамыз. Мысалы, мен көкпар шабамын. Ауғанстанда көкпарды қазақтар мен өзбектер және тәжіктер, сосын түркімендер шабады. Ал хазарлар атқа міне алмайды. Мен Қазақстандағы шабатын көкпарды интернеттен көріп жүрмін. Маған онша ұнамады. Өйткені сіздерде арнайы шеңбер қойып, салымды соған тастайды екен. Ал бізде арнайы сызық сызып қойып, соған алып кеп тастаймыз.

Абдулрахиб Мүслімбектің жеке мұрағатынан алынған сурет.
Абдулрахиб Мүслімбектің жеке мұрағатынан алынған сурет.

Азаттық: – Ауғанстан қазақтарының көбі 1990 жылдары Қазақстанға қоныс аударды. Ал сіздердің көшпей қалуларыңызға не себеп?

Абдулрахиб Мүслімбек: – Жер және мал шаруашылығымен айналысқаннан кейін соны тастап кете алмадық. Біріншіден, бұларды сата алмадық. Екіншіден, тастап кетуге қимадық. Әкеміз үлкен адам ғой. Өзінің тірнектеп жинаған дүниесін тастап кеткісі келмейді. Әйтпесе, біз - балалары айтамыз «көшейік» деп. Оған үлкен кісі келіспейді.

Азаттық: – Ауғанстан қазақтарының арасында екі немесе үш әйел алу дәстүрі әлі бар деп естиміз. Бұл дәстүр құда түсу салтымен атқарыла ма, әлде қызға жігіттің өзі сөз сала ма?

Абдулрахиб Мүслімбек: – Құда түсіп аламыз. Мысалы жергілікті қазақтар ауғандықтарға қыз бермейді, бір-бірімен құдаласады. Қыздарын өзге ұлтқа ұзатпау үшін ескі дәстүрді ұстанады.

Азаттық: – Сұхбатыңызға рахмет!

  • 16x9 Image

    Нұртай ЛАХАНҰЛЫ

    Нұртай Лаханұлы. 1973 жылы дүниеге келген. 1998 жылы әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетінің филология факультеті бойынша тәмамдаған.  «Қазақстан-Заман» газеті мен «Қазақ радиосында» қызмет еткен. 2010 жылдан бері Азаттық радиосында  жұмыс істейді.

Пікіріңіз

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG