Accessibility links

Ауған саяси сахнасына әйелдер қозғалысы шықты


Ауғандық құқық қорғаушы Фаузия Куфи журналистерге сұхбат беріп отыр. Кабул, 3 мамыр 2012 жыл.
Ауғандық құқық қорғаушы Фаузия Куфи журналистерге сұхбат беріп отыр. Кабул, 3 мамыр 2012 жыл.

Ауғанстанда әйелдердің саяси қозғалысы құрылды. Кейбір сарапшылар «қозғалысты қолдап отырған ықпалды ер адамдар ұйымды өз мүддесіне пайдаланбақ» дейді.

Ауғанстанда 2014 жылы президент сайлауы өтеді. Осы науқан қарсаңында - өткен аптада құрылған, қолдаушылары көп әйелдер қозғалысы «Өзгеріс толқыны» (Mawj-e-Tahawal) деп аталады. Мұндай әйелдер ұйымының құрылғанын естіген ауғанстандық құқық қорғаушылар қуанып қалды.

«ЕЛДІ ҚАРАҢҒЫЛЫҚТАН ШЫҒАРАМЫН»

«Өзгеріс толқынын» танымал құқық қорғаушы адвокат әйел Фаузия Куфи басқарады. Ұйым «ауған әйелдерінің бұған дейін жеткен болмашы жетістіктерін одан ары дамытатын, әйелдердің қоғамдық өмірге араласуына жол ашатын маңызды фактор» ретінде санала бастады.

Алайда ұйымның осы аталған істерге бастамашы болатынына күмән келтірушілер де бар. Олар әуелі бұл қозғалыстың Ауғанстандағы президент сайлауына кандидаттарды тіркеу науқаны басталған тұста аяқ астынан пайда болғанынан күдіктенеді, ұйымды шетелде және ел ішінде сайлаушылар қолдауына ие болу үшін ықпалды ер адамдар құрып отыр деп болжайды.

Фаузия Куфи «Өзгеріс толқыны» ұйымының тұсаукесер жиынында сөйлеп тұр. Кабул, 26 қыркүйек 2013 жыл.
Фаузия Куфи «Өзгеріс толқыны» ұйымының тұсаукесер жиынында сөйлеп тұр. Кабул, 26 қыркүйек 2013 жыл.
​«Өзгеріс толқыны» ұйымы қыркүйектің 26-сы күні Кабул қаласында тіркеліп, халыққа салтанатты түрде таныстырылды. Сол кезде Куфи жүздеген қолдаушылары алдында сөйлеп, «Ауғанстанды қараңғылықтан шығарып, елге өзгеріс әкелемін» деп уәде етті. Екі баланың анасы, 38 жастағы Фаузия Куфи:

- Қазір билікте отырған адамдар бізді сайлауға қатыстырмай билеп-төстегісі келеді. Біз әйел құқықтарын шектеуге қарсы күресеміз және әйелдердің сайлауға қатысуын қолға аламыз, - деді.

«ҚЫЗ-КЕЛІНШЕКТЕРГЕ ЖОЛ АШЫЛАДЫ»

Құқық қорғаушы Әмина Зиа Масуд (оның әкесі Ахмад Зиа Масуд - Ауғанстанның бұрынғы вице-президенті және президенттікке кандидат, оған қоса тәжіктің танымал командирі Ахмад Шах Масудтың туысы) «әйелдер қозғалысының құрылуы қыз-келіншектерді жігерлендіргенін» айтады.

- Меніңше Куфидің осындай ұйым құруы мен президент сайлауына қатысуға ұмтылуы саясатпен айналысқысы келетін қыз-келіншектерге жол ашады. Бұл - өте маңызды бастама, - дейді.

Ауған әйелдері Кабулдағы неке сарайында Фаузия Куфидің сөзін тыңдап тұр. 26 қыркүйек 2013 жыл.
Ауған әйелдері Кабулдағы неке сарайында Фаузия Куфидің сөзін тыңдап тұр. 26 қыркүйек 2013 жыл.
​Ауғанстан заңы бойынша, сайлауға қатысатын кандидаттың жасы қырықтан төмен болмауы керек. 38 жастағы Куфиге осы заң кедергі келтіреді.

Фаузия Куфи - Ауғанстандағы парламент спикерінің орынбасары болған тұңғыш әйел. Ол әйел құқықтары үшін күресіп келеді.

Куфи – «Талибан» қозғалысының билікке оралуына ашық қарсы шыққан тұлға. Елдегі коррупцияны да сынайды. Осы әрекеттері үшін оған талай рет қоқан-лоқы да жасалған.

«ӘЙЕЛДЕРДІҢ ДАУЫСЫН АЛУ ТӘСІЛІ»

Фаузия Куфидің танымалдығы «Өзгеріс толқыны» ұйымының беделін көтереді. Алайда қозғалыс келешегіне күмәнмен қараушылар «Ұйымды ықпалды ер адамдар құрып отыр. Олар әйелдер қозғалысын өз мүддесіне пайдаланып, әйелдер мен жастардың даусын алмақшы, халықаралық дәрежеде де мәртебелерін көтергісі келеді» деп алаңдайды.

Кабулдағы стратегиялық зерттеу орталығының директоры Уәлиулла Рахманидің айтуынша, «Куфи елдің солтүстік аймақтарынан шыққан ықпалды саясаткерлермен тығыз байланыс орнатқан. Олардың арасында Ахмад Зиа Масуд, 2009 жылғы президент сайлауына қатысқан Абдулла Абдулла, бұрынғы парламент спикері Юнус Кануни бар».

Ауғанстандағы танымал оппозициялық саясаткер Ахмад Зиа Масуд. Кабул, 8 қараша 2012 жыл.
Ауғанстандағы танымал оппозициялық саясаткер Ахмад Зиа Масуд. Кабул, 8 қараша 2012 жыл.
Фаузия Куфи де Ауғанстанның солтүстігіндегі Қытай, Тәжікстан, Пәкістан мемлекеттерімен шектесетін кедей әрі шалғай аймақ - Бадахшан провинциясынан шыққан.

Рахманидің айтуынша, «Ауғанстандағы кейбір саяси тұлғалар әйелдер қозғалысын қалай пайдаланатыны жөнінде жоспарлар құрып қойған».

- Фаузия Куфи - ықпалды әрі танымал тұлға. Егер Куфи Ахмад Зиа Масуд мырзаны қолдап жатса, онда әйел құқықтарын қорғайтын бұл қозғалыстың жақтаушылары да Зиа Масудты қолдап шығады. Бұл шетелдіктер алдында «Ауғанстанда әйел құқықтары мәселесі ескеріледі, билік мәселеге назар аударып келеді» дегенді білдіреді, - дейді ол.

Сайлауға қатысатын танымал тұлғалардың бірі Ахмад Зиа Масуд «Өзгеріс толқыны» қозғалысының ашылу салтанатында Фаузия Куфиді мақтап, «Ауғанстан қоғамында көптеген өзгерістер жасау қажеттігін» айтты.

- Өкінішке қарай, біз әлі ірі әлеуметтік-саяси өзгерістер жасай алған жоқпыз. Этникалық проблемалар әлі бар. Елдегі саяси жағдай тайпалық және этникалық жанжалдармен шиеленісіп тұр, - деді Зиа Масуд.

Фруж Бежанның мақаласын ағылшын тілінен аударған - Сағынай Кәрім.
XS
SM
MD
LG