Ауған сайлауының соңы дауға ұласып, екі кандидат та өздерін президент етіп жариялаған. Содан бері бұл ел саяси тығырыққа тіреліп тұр.
Бірақ биліктен кетіп бара жатқан президент Хамид Карзай жаңа президентті ұлықтау рәсімін қыркүйектің 2-сіне белгілеп қойды. Арнайы құрылған комиссия ел тарихындағы айтулы салтанатқа әзірлікті бастап та кетті.
Ең қызығы – кімнің президент болатыны белгісіз. Сайлау маусымның 14-і күні өткен. Бірақ 8 миллион бюллетеньді санау процесі әлі жүріп жатыр.
Президент сайлауының екінші турында бәсекеге түскен кандидаттар - Абдулла Абдулла мен Ашраф Ғани осы айдың басында араағайындардың көмегімен жасалған билікті бөлісу келісіміне де көнбей отыр.
Оқи отырыңыз: Ауғанстан парламенттік басқару жүйесіне өтпек
Екі кандидаттың айтқанынан қайтатын түрлері жоқ. Араларындағы тартыс үдеп барады. Тамыздың 27-сі алдымен Абдулла, содан кейін Ғани бюллетень санау процесін бақылаудан бас тартып, ол жұмыс біраз уақытқа тоқтап қалды. Бұл онсыз да күрделі жағдайды одан бетер ушықтырып, кикілжіңді бейбіт жолмен реттеуге деген үмітті азайтып жіберді.
ҒАНИ ЖЕҢДІ, АБДУЛЛА КЕЛІСПЕДІ
Алдын ала мәліметтерге қарағанда, сайлауда Ауғанстанның бұрынғы қаржы министрі Ашраф Ғани жеңіске жеткен. Ал бұрынғы сыртқы істер министрі Абдулла Абдулла «нәтиже бұрмаланды» деп, дауыс санау қорытындысын мойындамай отыр.
Сонымен Карзай белгілеген ұлықтау рәсіміне 6 күн қалды. Бірақ осы аралықта дауыстарды қайта санау аяқталып, арыздың бәрі қаралып, екі кандидат та соңғы нәтижемен келісіп, саяси ымыраға келеді дегенге сену қиын.
Соған қарамастан Карзай құрған комиссия салтанатты шараны ұйымдастыруға қызу кірісіп кетті. Комиссияның тамыздың 25-і күні өткен отырысынан белгілі болғандай, дайындық шаралары ерекше қарқынмен жүріп жатыр. Комиссия жұмысын Әкімшілік істері кеңсесінің басшысы Садық Модабер басқарады. Отырыстың мән-жайы осы мекеменің ресми веб-сайтында жарияланды.
САРАЙ БЕЗЕНДІРІЛІП, ШАҚЫРТУЛАР ӘЗІРЛЕНІП ЖАТЫР
Карзайдың іс басқармасы бастығының орынбасары Мохаммад Захир Гоусқа шақыру билеттерін әзірлеп, рәсім өтетін Кабулдағы Салам-Хана сарайын безендіру тапсырылған. Ал ақпарат және мәдениет министрінің орынбасары Гулам Нәби Фарахиге арнайы медиа орталық құрып, шетелден келетін мәртебелі меймандарға тәржіме жасайтын аудармашылар тобын жасақтау тапсырылды.
Кабул қалалық санитария департаментінің басшысы Нисар Ахмад Хабибиге Кабулдің халықаралық әуежайынан президент сарайына баратын жолды жаңартып, оған жол белгілерін сызу туралы нұсқау берілді. Ол осы жолдың бойына билбордтар мен Ауғанстан туларын іліп, екі жағын гүлдестемен көмкеретін болды.
Кабул халықаралық әуежайының басшысы Мохаммад Якуб Расулиге терминалды сырлап-әктеп, VIP және VVIP залдарын жаңарту тапсырылды.
Тамыздың 23-і күні президент сарайының басшылығы «ұлықтау рәсіміне толық дайын боламыз» деді.
Әу баста жаңа президент қызметіне тамыздың 2-сі күні кіріседі деп жоспарланған. Бірақ одан бері ұлықтау рәсімі екі мәрте шегерілді.
Абдулла мен Ғанидің сайлау штабтарының өкілдері тамыздың 26-сы күні президент Карзаймен кездесіп, ұлықтау шарасын өткізу күнін талқыға салды. Абдулла өкілдері рәсімді «белгіленген күні өткізу мүмкін емес» десе, Ғанидің өкілдері «шараны бұдан әрі кейінге қалдыра беруге болмайды» дейді.
Ал президенттің баспасөз хатшысы орынбасары Файед Уахидидің айтуынша, «ұлықтау өткізетін күн өзгермейді».
НАТО САММИТІНЕ ЖАҢА ПРЕЗИДЕНТ БАРУЫ ТИІС
АҚШ Ауғанстаннан жаңа президенттің НАТО саммитіне дейін қызметіне кіріскенін талап етіп келген. Қыркүйектің 4-5-і күндері Уэльсте өтетін саммитте НАТО-ға мүше елдердің басшылары әскери миссия аяқталған соң Ауғанстанға қанша қаражат бөлу қажеттігін талқылайды.
Карзайдың өзі сол басқосуға дейін билікті жаңа басшыға тапсыруға асығып отыр. Президенттің баспасөз хатшысы Аймал Файзидің айтуынша, Карзай НАТО саммитіне жаңа сайланған президент барғаны жөн деп санайды.
Соңғы кездері Карзай мен НАТО арасы нашарлап кеткен. Ауғанстанның қазіргі президенті НАТО ұйымдастырған түнгі рейдке наразы. Ол халықаралық күштердің Ауғанстан аумағында қалуын көздейтін екіжақты қауіпсіздік келісіміне де қол қоюдан бас тартқан еді.
(Фруд Бежанның мақаласын ағылшын тілінен аударған – Мұхтар Екей)