Accessibility links

Бас санитар дәрігер Алматыда індет бәсеңдейді деп болжайды


 Алматы көшесінде кетіп бара жатқан курьер. 4 қаңтар, 2021 жыл.
Алматы көшесінде кетіп бара жатқан курьер. 4 қаңтар, 2021 жыл.

27 қаңтардағы брифингте Алматының бас санитар дәрігері Жандарбек Бекшин қалада эпидемия өршіп тұрғанын айтты. Жыл басынан бері Қазақстанның ең ірі қаласында инфекция жұқтырған 3 мыңнан астам адам тіркелген, ал былтырғы тоғыз айда барлығы 18,5 мыңдай адам коронавирусқа шалдыққан.

— Соңғы төрт күнде жағдай нашарлап кетті, күніне 120-140 жағдай тіркеліп жатыр. Қаңтардың өткен күндерінде коронавирус инфекциясымен 3 026 адам, "пневмониямен" 237 адам тіркелді, бұл бізді алаңдатады, әрине. Жаңа жыл қарсаңында, одан кейін және "ескі жаңа жылда" жұрт эпидемияға қарсы режимді бұзғандықтан, Алматы [эпидемия ахуалын бағалаудың] "қызыл аймағына" өтті, — деді Бекшин.

Бас санитар дәрігердің айтуынша, Алматыда індеттің шарықтау шегі былтыр шілде айында болған. Ол тұста 6 мыңдай адам дерт жұқтырған, қыркүйекке қарай індет бәсеңдеп, коронавируспен 165 адам тіркелген. Алайда, қазаннан бастап ауырғандар қайта өсе бастады.

— "Қызыл аймақта" ұзақ болмаспыз. Меніңше, қала "сары аймаққа" қайтып келеді. Ұзақ мерзімге болжам жасай алмаймын, — деді Жандарбек Бекшин.

Оның айтуынша, індет басталғалы Алматыда коронавирус жұқтырған 21 547 адам, соған ұқсас "пневмонияға" шалдыққан 1 662 адам тіркелген.

Мұның алдында Қазақстанның денсаулық сақтау министрлігі карантин ережелерін сақтап, вакцинацияны жоспармен жүргізген жағдайда Covid жұқтырудың шарықтау шегі наурызда болады деп болжаған.

Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметі бойынша, 2020 жылдың наурыз айынан бері елде коронавирус жұқтырған 181 117 адам тіркелген, бұған қоса тамыздан бергі санақ бойынша, 47 575 адам "симптомдары коронавирусқа ұқсайтын пневмониямен" ауырған. Сол кезден бері коронавирус салдарынан 2 510 адам, соған ұқсас "пневмониядан" 559 адам көз жұмған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG