Accessibility links

Алматыда өртенген базар саудагерлері наразылық танытты


Өртеніп жатқан «Құлагер» базары алдына қойылған полиция тосқауылы. Алматы, 17 қараша 2013 жыл.

«Құлагер» базарындағы өрттен зардап шеккен жеке кәсіпкерлер бүгін базар қасындағы жолды жаппақ болды. Наразы жұрт «Алматы әкімі келсін» деген талап қойды. Бірақ оларды тыңдауға аудан әкімі келді.

18 қарашада Алматыда 200-ге тарта жеке кәсіпкер «Құлагер» базарының қасынан өтетін автокөлік жолын жабуға әрекет жасады. Бірақ олардың алдын бөгеген полиция мен арнайы жасақ сарбаздары жолға ешкімді жібермеді.

Жексенбі күні «Құлагер» базарында болған өрттен зардап шеккен кәсіпкерлер осы жерге Алматы қаласының әкімі Ахметжан Есімовтің келуін талап етіп, «әкім келмейінше тарқамайтындарын» мәлімдеді.

Арада біраз уақыт өткенде наразы жұртқа Алматы қаласы Алатау ауданының әкімі Бағдат Мәнізоров келді. Ол жиналғандарға өз араларынан бірнеше адам ұсынып, комиссия құруды ұсынды.

«Ол адамдар сіздердің өкілдеріңіз ретінде өрттің шығу себептерін тексеруге бақылаушы ретінде қатыса алады» деді әкім.

Сонымен бірге Мәнізоров кәсіпкерлерге жексенбі күні өртеніп кеткен тауарлары мен банктен алған несиелері туралы жазбаша толық ақпарат әзірлеп, оны дөңгелек столда талқылау жөнінде ұсыныс айтты. «Қолдан келгенше көмек жасауға тырысамыз» деді әкім.

Бірақ шенеуніктің бұл сөзін жиналғандар күмәнмен қабылдады.

«Несиемізді қайтаруға қалай көмектеспек? Одан да әкімдік бізге сауда орнымызды қайтадан қалпына келтіруге жәрдем берсін» деп талап етті кәсіпкерлер.

Бірақ әкім ондай талапқа дәл қазір жауап бере алмайтынын айтты. Бұдан соң Мәнізоров кетіп қалды. Саудагерлер өрттен қалған заттарын жинастыруға кірісті.

17 қарашада Алматыда жұрт «Барахолка» атап кеткен бірнеше үлкен базар орналасқан аудандағы «Құлагер» базарында таңға жуық өрт шыққан еді.

Төтенше жағдайлар қызметінің мәліметі бойынша, өрттен базардың 4 мың шаршы метрге жуық аумағы жанған. Бұл соңғы екі айдың ішінде Алматының «Барахолка» базарында осымен екінші үлкен өрт болып отыр. Бұның алдында, 13 қыркүйек күні «Олжа», «Аян», «Керемет», «Алатау» базарлары өртенген еді. Зардап шеккен жеті адамға дәрігерлік көмек көрсетілген. Төтенше жағдайлар қызметінің дерегі бойынша, өрт аумағы 5,4 мың шаршы метр болған.

«Барахолкадағы» жиын туралы видео, 18 қараша 2013 жыл:

"Барахолкадағы" жиын
please wait
Embed

No media source currently available

0:00 0:02:07 0:00
  • 16x9 Image

    Руслан МЕДЕЛБЕК

    Азаттықтың Прагадағы кеңсесінде қазақ тілінде редактор. Қазақ ұлттық университеті журналистика факультетін "Халықаралық журналистика" мамандығы бойынша тәмамдаған.

    Халықаралық спорт журналистері қауымдастығы мен Халықаралық олимпиада комитетінің репортері. Сочи, Рио, Пхенчхан олимпиада ойындарынан, Джакартада өткен Азия ойындарынан тікелей хабар таратты.

    Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуге болады.

XS
SM
MD
LG