22 сәуірде Алматының Алмалы аудандық сотында қоғам белсендісі Оразалы Ержановтың ісі бойынша алдын ала тыңдау өтті. Бұл жөнінде журналист Вадим Борейко хабарлады.
Elge Qaitaru қоғамдық қорының жетекшісі, заңгер Оразалы Ержановқа Қылмыстық кодекстің 150-бабы бойынша (“Сайлау құқықтарын жүзеге асыруға немесе сайлау комиссияларының жұмысына кедергi жасау”) айып тағылған.
Істі судья Руслан Мұратбеков қарап жатыр.
Алдын ала тыңдау кезінде адвокат Виталий Воронов Қылмыстық-процестік кодекс баптарының бұзылуына байланысты қылмыстық істі тоқтатуды немесе оны прокурорға жіберу туралы өтініш түсірген. Алайда судья қорғау жағының өтінішін орындамаған.
Негізгі процесс 28 сәуірде сағат 15.00-де басталады.
Заңсыз алынған активтерді қайтару мәселелерімен айналысатын Elge Qaitaru қоғамдық қорының жетекшісі биыл ақпанның соңында ұсталған. Әуелі оның үйінде тінту жүргізіліп, кейін белсенді 10 күнге қамалды. Полиция "сайлау құқықтарын жүзеге асыруға кедергі келтіру фактісі бойынша" іс тергеліп жатқанын хабарлаған.
"Әлеуметтік желілерде шындыққа сәйкес келмейтін ақпарат, референдумға бойкот жариялауға шақырулар және шетелдік юрисдикцияда тіркелген байланыс нөмірлерін пайдалану арқылы азаматтарды жаңылыстыруды көздейтін өзге де мәліметтер қамтылған жарияланымдар анықталды" делінген полиция мәлімдемесінде.
Жақтастарының айтуынша, Ержановтың Facebook-тегі аккаунтынан оның Конституцияны сынаған және референдумге бойкот жариялау идеясы жазылған барлық жазбасы жоғалып кеткен.
5 наурызда Алматы соты Ержановты екі ай қамауда ұстауға санкция берген еді. Ал 16 наурызда, Конституция бойынша референдум өткен күннің ертесіне сот шешімімен ол абақтыдан үйқамаққа ауыстырылды.