Әлеуметтік желіде миллиондаған оқырманы бар блогер әрі заңгер Әділетхан Молдахан 30 наурызда "көрінеу жалған ақпарат таратты" деген күдікпен ұсталып, ертесіне тергеу соты оны он күнге қамады. Ол бұған дейін әлеуметтік желіде Алматыдағы әл-Фараби даңғылында үш адамның ажалына себеп болған жол-көлік оқиғасын баяндап, пікірін жариялаған. Заңгер түнгі қалада автокөлікпен жарыс ұйымдастыруға құқық қорғау органдары қызметкерлерінің қатысы болуы мүмкін деп мәлімдеген. 7 миллион рет көрілген бір видеода бірнеше полиция қызметкеріне айыптаулар айтылды.
Молдахан – кейінгі төрт айда "көрінеу жалған ақпарат тарату" бабымен істі болып жатқан бесінші адам. Қазір журналистер Ботагөз Омарова ("Айтпа, Ботагөз" телеграм арнасы), Гүлнар Бажкенова (Orda.kz сайтының бас редакторы), Әмір Қасенов (ҚазТАГ агенттігінің редакторы) және қоғам белсендісі Санжар Боқаев (оған "аса ірі мөлшерде қаржыны алаяқтық жолмен жымқырды" деген де айып тағылған) осы баппен істі болып жатыр. Боқаевпен бірге оның видео операторы Ұлан Нүсіпқожа да Алматыдағы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің тергеу абақтысында қамауда отыр.
Ал Facebook әлеуметтік желісінде Қазақстан қоғамы жайлы сыни тұрғыда ой-пікірін жариялаған ақын Танакөз Толқынқызы өзін полицияға шақыртқанын хабарлады.
Бұған дейін журналистер "жалған ақпарат тарату" айыбымен істі болып жатқанда елдегі "Құқықтық медиа орталық" қоғамдық ұйымы елдегі сөз бостандығына қысым жасалып жатқанын мәлімдеген. Қазақстандық журналист Дина Елгезек Азаттыққа берген сұхбатында бұл жайттардың бәрі елде сөз еркіндігінің аясы тарылып бара жатқанын көрсетеді деп санайды.
Азаттық: Қазір әлеуметтік желіде пікір айтып, артық-кем сөйлеп, жауапқа тартылып жатқан адам аз емес. Қалай ойлайсыз, Қазақстанда сөз еркіндігі қалай қарай ойысып бара жатыр?
Дина Елгезек: Сөз еркіндігі – демократиялық қоғамның негізгі атрибуттарының бірі ғой. Өркениетті елдерде сөз еркіндігі құндылық деп танылса, авторитар режимдерде бұл қасқөй, тіпті жат ұғым саналады. Қасым-Жомарт Тоқаев президент болып сайланған соң Қазақстанда демократияны дамытатынын айтқан еді. Бұрын сөз бостандығы жоқ деп шулайтынбыз, ал қазір жағдай тіпті ушығып кетті. Өйткені Қазақстан авторитар режимнен диктатураға қарай ойыса бастады. Конституция бойынша референдум кезінде жай ғана бойкот жариялаған Elge Qaitaru қоғамдық қорының жетекшісі Оразалы Ержанов Қазақстан Конституциясы жобасы бойынша референдумға "ақылды бойкот" жасау жөнінде бастама көтергеннен кейін ұсталып, қамалған . түрмеге алып кетіп жатты. Үйімізге полиция келіп жатты, саяси күрескерлерді түрмеге алып кетіп жатты. Қазір Қазақстанда сөз бостандығы өте күрделі жағдайда. Бұл – өте қауіпті сигнал. Себебі билікпен диалог жүргізуге қабілетті адамдарды былай тежей берсе, әкете берсе, түрмеге қамай берсе, онда ертең билікке икемге келмейтіндер, радикалдар келуі мүмкін. Яғни, сауатты пікір айтуға хақылы адамдардың құқығы шектелген сайын басқа наразы топтар келуі мүмкін. Бұл кезде жағдай өте қатты қиын болуы мүмкін.
Азаттық: Жақында ғана болған бірнеше оқиғаны алсақ, қоғам белсендісі, блогер Санжар Боқаевты "жалған ақпарат таратты, қаражат жымқырды" деген күдікпен қамады. Журналист Ботагөз Омарова да жалған ақпарат таратты деген күдікке ілініп, үйқамаққа алынды. Ақын Танакөз Толқынқызына да желідегі даулы жазбасынан соң "ұлтаралық араздық қоздырушы" ретінде істі болу қаупі төнді. Алматыдағы жол апаты кезінде түрлі мәлімдеме жасап көзге түскен блогер Әділетхан Молдаханды да "жалған ақпарат таратты" деп жауапқа тартпақ. Мұның бәрі бас-аяғы бір-екі аптаның айналасында ғана болған оқиғалар. Бір қарағанда көп сияқты, алайда бұл "қорыққанға қос көрінеді" дегендей емес пе?
Дина Елгезек: Жоқ, "қорыққанға қос көрінеді" емес, бұл шынында да солай. Меніңше, алда билік транзиті болуы мүмкін. Оны көптеген саяси мамандар да айтып жатыр. Соның алдында қоғамды үркітіп-қорқытып ұстау үшін жасалуы мүмкін. Бірақ, қайталап айтамын, мұндай қорқыту-үркітеулер өте өкінішті жағдайлармен аяқталуы мүмкін.
Наразы көңіл күйдегі адамдар ертең алаңға шығуы мүмкін, екінші Қаңтар болуы мүмкін. Өйткені елдегі экономикалық жағдай өте қиын болып тұр. Жаңа салық кодексінің қабылдануына байланысты халықтың әлеуметтік жағдайы өте қатты ауырлап кетті. Бұл наразылықты үдете түседі. Қорыққанға қос көрінуі мүмкін шынында да. Бірақ бүгінгі жағдай өте қиын. Өйткені репрессия батырмасын басты, Қазақстанда репрессивті режим орнап жатыр.
Азаттық: Дегенмен қазір әлеуметтік желіде жүз мыңдаған, миллиондаған оқырманы бар инфлюэнсер көп. Сол кісілердің аузынан шыққан ақпарат бірден желіде тарайды, миллиондаған адам көреді. БАҚ-пен бір деңгейде олар да жылдам ақпарат таратып отыр. Кейде жалғыз болғандықтан олар да ақпаратты тексеріп үлгермей қалады. Жүз мыңдаған, миллиондаған оқырманы бар инфлюенсерлер, саясаткерлер, белсенділердің желідегі жауапкершілігі қандай болуы керек? Олар да мүмкін ақпаратты айтпас бұрын тексеріп, ықшамдап, эмоцияға берілмей дұрыстап айтуы керек шығар? Бәлкім сол жағын да реттеу керек болар?
Дина Елгезек: Әлбетте, бұл жағын реттеу керек. Дұрыс мемлекет боламыз десек әркім өзіне жауап беруі керек және ақпаратты растап барып таратуы керек. Бірақ дәл қазіргі жағдайда емес. Мысалы, пропагандистерді биліктің өзі қолданады және олар адамдарға жала жабады. Ал оларды адамдарға жала жапқаны үшін жауапқа тартпайды. Бәріне бірдей әділетті болу керек. Қазір пропагандистердің қайсысы сотталып жатыр? Қайсысы айыппұл алды? Қайсына полиция барып жатыр? Ешқайсына барып жатқан жоқ. Ал билікке кішкентай сын айтқандарды, тіпті күйініп жазған шығармашылық өкілдерін полицияға шақыртып жатыр. Бұл жақсы емес.
Азаттық: Қазақстанда қоғам өміріне, әсіресе саяси өмірге араласқысы келген адамдар қалай әрекет етуі керек? Егер шынымен қысым күшейіп, жағдай қиындап бара жатса, мүмкін қауіпсіздік үшін "екі елі ауызға төрт елі қақпақ" деп үнсіз қала беру керек пе? Ендігі қадам қандай болғаны дұрыс?
Дина Елгезек: Сын болуы керек. Мысалы, депутат Айдос Сарым халыққа, Мәжіліс депутаты Айдос Сарым "Хроника" сайтына берген сұхбатында "әлеуметтік желі – қазір қоғамның маргинальды, қалып қойған бөлігі. Қоғамдағы шынайы белсенділік танытпай, саяси өмірге араласпай тек әлеуметтік желіде отыру ештеңе шешпейді" деген еді. Оның бұл сөзі қоғамда сынға қалған. тіл тигізді. Сол кезде Айдос Сарымның суретін салып, келекелеп желіге жариялағандар бар. Сол кезде мен "бұлардың түрмелері дайын тұр, сендер қатты кетпеңдер" деп жаздым. Сол сияқты билік өкілдері болсын, басқа саяси күрескерлер болсын, бәрі мәдени диалог жүргізуге көшуі керек. Ешкімнің жеке басына, олардың адамдық құқығына бас салмау керек. Соны үйренуіміз керек. Түбінде бәрібір соған келеміз. Ол үшін билік өзінен бастауы керек, боттар жалдауды, пропаганданы тоқтатуы керек. Сонда қоғам тарапынан басқа реакция болады.