Accessibility links

Экзит-полл 86 пайыздан жоғары. Тоқаев жазда парламет сайлауы өтетінін айтты

Дауыс беру процесі. Алматы. 15 наурыз 2026 жыл.
Дауыс беру процесі. Алматы. 15 наурыз 2026 жыл.

Қазақстанда 15 наурызда жаңа Конституция бойынша референдум өтіп, экзит-полл "дауыс берушілер жаңа жобаны қолдады" деді. Ал ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев "қазақ елі түбегейлі таңдауын жасады" деп мәлімдеді.

ЭКЗИТ-ПОЛЛ ҚОРЫТЫНДЫСЫ МЕН ЖАЗҒА ЖОСПАРЛАНҒАН САЙЛАУ

Референдумның экзит-полл қорытындысы 16 наурызға ауған түні шығып, сауалнама жүргізуге рұқсат алған үш институт дауыс берушілердің 86 пайыздан астамы жаңа Конституцияны қолдады деді.

Мәселен, Еуразиялық интеграция институты жүргізген сауалнама бойынша, дауыс берушілердің "86,7 пайызы жаңа Конституцияны қолдаған". Ал Астана "Социс-А" әлеуметтік зерттеулер институты "87,4 пайыз адам жаңа Конституция жобасын қолдады" дейді.

Биліктегі "Аманат" партиясының қоғамдық саясат институтының экзит-полл қорытындысы "88,6 пайызды құраған".

Экзит-полл қорытындысы шыққан соң Ақорда Қазақстан президенті Тоқаевтың үгіт-насихатқа атсалысқан жастармен кездескені туралы ақпарат жариялады. Тоқаев бұл кездесуде жазда парламент сайлауы өтетінін мәлімдеді.

Кейін Тоқаев экзит-полл қорытындысымен танысып, жаңа Конституция қабылданғанын мәлімдеді.

"Қазір ғана экзит-поллдың нәтижелері шықты. Соған сәйкес қазақ елі түбегейлі тарихи таңдауын жасады. Халқымызға шынайы ризашылығымды айтқым келеді. Бүгін жұртымыз дауыс беріп, Қазақстанның тарихын, тағдырын айқындады. Бұл шешім дүние жүзі тарихында мәңгі сақталады" деді ол.

Бұған қоса, Қазақстан президенті енді 15 наурыз елде Конституция күні болатынын да мәлімдеді.

Орталық референдум комиссиясы дауыс беруге құқылы 12 миллионан аса адамның 73,24 пайызы дауыс бергенін мәлімдеді. Яғни, 9,1 миллионнан аса адам бюллетень алған.

Дауыс беруге келгендердің үлесі. ОРК-ның ресми дерегі.
Дауыс беруге келгендердің үлесі. ОРК-ның ресми дерегі.

ОРК референдумның ресми қорытындысын алдағы күндері жариялайды.

БЕЛСЕНДІЛЕРДІ ҰСТАУ, БАҚЫЛАУШЫЛАР МЕН ЖУРНАЛИСТЕРГЕ КЕДЕРГІ

Референдум күні бақылаушыларға, журналистерге кедергі жасалып, белсенділер ұсталып, дауыс берушілердің есеп үшін фотоға түсуі байқалды. Алматыдағы Астана алаңында таңертеңнен күзет күшейді. Шетелде тұратын оппозиционер, "Қазақстанның демократиялық таңдау" (ҚДТ) қозғалысының жетекшісі Мұхтар Әблязов жұртты осы алаңға митингіге шақырған еді. Қазақстан ҚДТ қозғалысын "экстремистік ұйым" деп қызметіне тыйым салған, ал Еуропарламент бұл қозғалысты "бейбіт оппозициялық ұйым" дейді.

Алматыдағы осы алаңда полиция үш адам – Алмат Жұмағұлов, Оралбек Өміров және Сүйіндік Алдабергенов ұсталып, полиция бөлімшесіне жеткізілген. Олардың не үшін ұсталғаны әзірге белгісіз.

Астанада "Еркіндік қанаты" ұйымының бақылаушысы Рахат Садықов комиссия жұмысын жақыннан бақылағысы келгені үшін залдан шығарылғанын айтты. "Мұқалмас" бақылаушылары таңғы 5:40-та Астанадағы учаскеге барғанда "орын жоқ" деп кіргізбей қойғаны хабарланды.

Астанада полиция Жас сайлаушылар лигасының бақылаушысын ұстап әкетіп, ҚДТ қозғалысына қатысы бар-жоғын тексерген.

Астанада Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев дауыс беретін учаскеде Азаттық тілшісі Жолдас Өрісбай, журналист Сәния Тойкен және Inforumburo.kz тілшісін ұстап әкетіп, үш сағаттан соң босатты.

Ал Тоқаев дауыс беріп болған соң журналистер сұрағына жауап беріп, "жаңа Конституция еліміздің аумақтық тұтастығын, тәуелсіздігін және егемендігін бекемдейді" деді. Ол Конституция жобасын дайындауға "белсенді қатысқанын, кіріспесінің тұжырымдамасы мен басқа да ережелерді жеке өзі ұсынғанын" айтты.

Бұған қоса, Тоқаев президент сайлауы өз уақытында, 2029 жылы өтетінін мәлімдеп, елде қос билік болғанына да тоқталды.

"Жалпы, кез келген елде, соның ішінде Қазақстанда қос билік болмауға тиіс. Кезінде мұндай жүйені біз де бастан өткердік, бірақ баянсыз болды. Төрт жыл бұрын еліміздің ішкі тұрақтылығына қауіп төнді. Бұл Қазақстанға да, басқа мемлекеттерге де үлкен сабақ болды деп ойлаймын" деді ол Ирандағы ахуалға қатысты сұраққа жауап бергенде.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев дауыс берген сәт. Астана. 15 наурыз 2026 жыл.
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев дауыс берген сәт. Астана. 15 наурыз 2026 жыл.

Елде учаскеге келген жұрттың көбі дауыс беру жәшігінің маңында суретке түсіп жатты. Алматыдағы учаскенің бірінде дауыс беруші Азаттық тілшісіне "жұмысқа есеп беру үшін фотоға түскенін" айтты. Осы қаладағы сайлауды бақылап жүрген журналист Ардақ Бөкеева "әрбір бесінші адам жұмыстан талап етіп жатыр деп, жәшік жанында суретке түсіруді сұрайды" дейді. Алматыдағы №622 учаскеде екі адам "дауыс береміз" деп келіп, "тіркелмегенсіз" деген соң "өтірік қағаз беріңізші, суретке түсіп алайын" деді. Бірақ екі адам қағаз берілмесе де, жәшік жанына суретке түсті.

Билік бұл науқанға 20,8 миллиард теңге (42 миллион долларға жуық) жұмсады.

НАЗАРБАЕВ ҚАЛАЙ ДАУЫС БЕРДІ?

Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаев Астанадағы учаскелердің біріне келіп дауыс берді. Ол бюллетень алар кезде комиссия мүшелеріне "мені танисыздар ма әлде құжатымды берейін бе?" деп қалжыңдады. Дауыс беріп болған соң журналистер одан сұхбат алуға тырысқанымен, Назарбаев тілшілерге бір қарап кетіп қалды. Журналистер одан "сіздің Конституцияңызды қайта жазып жатыр. Бұған не дейсіз" деп сұраған.

Артынша Назарбаевтың пікірі ресми сайтында жарияланып, ол "өз уақытында Қасым-Жомарт Тоқаевқа таңдау жасағанын және таңдауы ешқашан өзгермейтінін" айтты.

Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаев "Астана Опера" театрындағы 228-сайлау учаскесінде дауыс берді.
Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаев "Астана Опера" театрындағы 228-сайлау учаскесінде дауыс берді.

"Қазір Қазақстанды одан әрі нығайтып, оның беделін көтеру қажет. Бұл бағытта аз жұмыс істеліп жатқан жоқ, соның ішінде мен қолдап отырған бүгінгі референдумның да маңызы зор" деді ол.

Назарбаев елді отыз жыл басқарғанда да Конституция бірнеше рет өзгеріп, сол арқылы ол билігін күшейткен. Назарбаев 2019 жылы президенттіктен кетіп, орнына Тоқаевты ұсынған. Бірақ ол Конституциядағы "Елбасы" статусы арқылы билікке ықпалын сақтап қалған. Сол тұста елде қос билік жайлы айтылған еді. 2022 жылғы Қаңтар қырғынынан соң Назарбаевтың билікке ықпалы азайып, "елбасы" статусы жойылды.

ЖЫЛДАМ ҚАБЫЛДАНҒАН КОНСТИТУЦИЯ

Ал Тоқаев 2025 жылы қыркүйектегі жолдауында екі палаталы парламенттің орнына бір палаталы парламент құрылатынын жариялаған. Ол бұл өзгеріс 2026 жылы талқыланып, 2027 жылы референдумға шығарылатынын айтқан. Бірақ 2026 жылы қаңтардағы Ұлттық құрылтайда Тоқаев Конституцияға өзгеріс енгізуді талқылау үшін Конституциялық комиссия құрған. Ал комиссия 22 күннің ішінде Конституцияны толық өзгерту жайлы ұсыныс жасады. Тоқаев бұл ұсынысты қабылдап, жаңа Конституция бойынша референдум жариялады.

Жаңа Конституцияда партиялық тізіммен сайланатын бір палаталы парламент болатыны, вице-президенті лауазымы бекітілетіні, Халық кеңесі деген кеңесші орган құрылатыны айтылған. Жобада Халық кеңесінің мүшелерін президент тағайындайтыны жазылған.

Бұған қоса, Конституция жобасында президент Бас прокурорды, Конституциялық сот пен Жоғарғы сот төрағаларын, Ұлттық банк төрағасын, Ұлттық қауіпсіздік комитеті басшысын парламенттің араласуынсыз жеке дара өзі тағайындайды деп көрсетілген. Қазіргі Конституция бойынша президент бұл қызметтерге тағайындау үшін сенат келісім беруі керек.

Кейбір сыншылар заң шығарушы билік тармағы әлсіреп, президенттің құзыры одан сайын кеңейеді десе, Ақорда керісінше, тежеу және тепе-теңдік ұстау жүйесі нығайып, елдің "ұзақ мерзімді тұрақты дамуын қамтамасыз етеді" дейді.

Конституция жобасының авторлары құжат "әділетті де прогрессив Қазақстанды құруға", адам құқықтарын қорғау тәртібін нақтылауға, елдің тәуелсіздігі мен егемендігін нығайтуға әсер етеді дейді. Жобаны жақтаушылар президент өкілеті бір жылмен шектелетінін, онда күшті президент, ықпалды парламент және есеп беретін үкімет қағидасы нақтыланғанын айтады.

Жаңа Конституция жобасын сынағандар оның асығыс жасалғанын , көпшілікпен талқы жеткіліксіз болғанын айтады және жобада билік тармақтары арасындағы тепе-теңдік пен теңгерім механизмі бұрынғыдан да нашарлап, президенттің қолына көп билік берілетініне назар аударады.

Референдум қарсаңында оны сынаған адамдарды қамау оқиғалары болды. Жобаны сынаған Elge Qaitaru қорының жетекшісі Оразалы Ержанов екі айға қамауға алынды . Билік оған азаматтардың сайлау құқығын жүзеге асыруға кедергі келтіруге тырысты деген айып тақты. Бұған қоса журналист, блогерлер мен қоғам белсенділерінің Конституция жобасын сынға алған пікірлері әлеуметтік желілерден жоғалып кетіп , біразы кейін қайта қалпына келді.

Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы Демократиялық институттар және адам құқықтары бюросының (ЕҚЫҰ ДИАҚБ) Қажеттілікті бағалау миссиясы (Needs Assessment Mission) 28 ақпанда Қазақстандағы референдумге дайындық барысын сынға алған . Бюро сарапшылары референдумге дайындыққа, сайлаушылардың жан-жақты ақпарат алып, таңдау жасауына аз уақыт берілгеніне ерекше назар аударған.

ДИАҚБ сарапшылары "уақыт аз берілгендіктен", 2026 жылғы 15 наурызда өтетін дауыс беруге референдумды бақылау миссиясын емес, шағын құрамдағы референдумды бағалау миссиясын жіберу жөнінде шешім қабылдағанын хабарлаған.

Қос билік, Тоқаев пен Назарбаев, бақылаушылардың көргені — AzatNEWS l 15.03.2026
please wait

No media source currently available

0:00 0:50:25 0:00
XS
SM
MD
LG