Қазақстанда парламент сайлауы қайтадан толықтай партиялық тізім бойынша өткелі тұр. Билік мұның әлемде кең тараған тәжірибе екенін айтады. Кең тарағаны рас, бірақ оның Ақорда таңдаған түріне мысал табу қиын. Партиялық тізіммен сайлаудың немесе пропорциялық сайлау жүйесінің қазақстандық үлгісі қалай жұмыс істейді? Түсіндіреміз.
БІРІНШІ ЕРЕКШЕЛІК – "ЖАБЫҚ ТІЗІМ"
Қаңтар оқиғасынан кейінгі жолдауында Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пропорциялық сайлау жүйесін сынап, аралас жүйені енгізген еді.
"Партияда жоқ азаматтар Мәжіліске ғана емес, жергілікті өкілді органдарға да сайлана алмайтын болды. Мұны ашық мойындауымыз керек. Соның салдарынан халықтың сайлау науқанына қызығушылығы күрт төмендеді. Сайлауды керек қылмайтын адамдардың қатары көбейді. Олар өздерінің дауысы маңызды екеніне, ел өмірін жақсартуға ықпал ете алатынына сенбейтін болды. Ашығын айтсақ, қазір жұрт депутаттарды аса тани бермейді" деді ол 2022 жылғы 16 наурыздағы жолдауында.
Бірақ былтыр күзде ол бір палаталы парламент құру туралы бастама көтеріп, оны тек партиялық тізіммен жасақтаған жөн деді. Яғни толық пропорциялық сайлау жүйесі оралмақ.
Пропорциялық сайлау жүйесі әлемде кең тарағаны рас. Оны демократиялық елдер де қолданады. Бірақ бұл жүйенің бірнеше түрі бар және олардың әрқайсысы іштей тағы бөлінеді. Әрқайсысына үңіліп, елдегі жүйемен салыстыра қарасақ, Қазақстан қолданатын тәсілге әлемдік тәжірибеде балама тапқан қиындай түседі.
ПРОПОРЦИЯЛЫҚ САЙЛАУ ЖҮЙЕСІ ДЕГЕН НЕ?
Пропорциялық сайлау дегеніміз — депутаттық мандат партияның жиған дауысына қарай үлестіретін жүйе. Яғни белгілі бір партия сайлаушылардың қанша пайыз дауысын алса, мандаттың да сонша пайызына ие болады.
Пропорциялық сайлау жүйесінің аралас (Mixed Member Proportional), жалғыз ауыспалы дауыс беру (single transferable vote) және партиялық тізім дейтін негізгі үш түрі бар.
Бұл үшеудің ішінде ең көп тарағаны — партиялық тізім.
Ал партиялық тізіммен сайлаудың өзі "ашық" және "жабық" деп екіге бөлінеді.
"Ашық тізімде" сайлаушылар партия тізіміндегі кандидаттарға тікелей дауыс беріп, сол партия ұсынған тізімнен кім депутат болатынын анықтай алады. Ал "жабық тізімде" сайлаушылар партия тізіміне әсер ете алмайды, олар тек партияға дауыс беріп, ары қарай кімнің депутат болатынын партияның өзі шешеді.
Қазақстанда пропорциялық сайлау жүйесі алғаш іске қосылған 1999 жылдан бері "жабық тізім" тәртібі қолданылады. Бұл – бірінші ерекшелік.
АЙДОС САРЫМНЫҢ СӨЗІНЕ ФАКТЧЕК
Тоқаев былтырғы жолдауында айтқан ойын 20 қаңтарда Қызылордада өткен Ұлттық құрылтай жиынында қайталап, келесі күні конституциялық комиссия жөнінде комиссия құрды. Комиссия құрыла сала, едел-жедел 6 отырыс өткізіп, жаңа конституцияның жобасын әзірлеп үлгерді. Тоқаев айтқан толық пропорциялық жүйені комиссия мүшелері қолдады.
"Қазіргі уақытта таза партиялық-пропорциялық дейтін сайлау жүйесі Еуропаның Бельгия, Испания, Финляндия, Швейцария, Болгария, Швеция, Норвегия, Нидерланд сияқты елдерінде қолданылады. Бұдан бөлек, Аргентина, Бразилия, Боливия, Эквадор, Израиль, Индонезия және тағы басқа елдердің парламенттері осы жүйемен жасақталады. Сенсеңіздер болады, бұл елдердің сайлаушылары, заң шығарушылары, заңгерлері бұл жүйе азаматтарының сайлауға және сайлануға деген құқығын бұзады деп санамайды. Бұл — қалыпты әрі салауатты халықаралық тәжірибе" деді комиссия мүшесі әрі мәжіліс депутаты Айдос Сарым 29 қаңтар күні.
Депутат айтқан елдер шынында да пропорциялық жүйеге сүйенеді. Бірақ мына бір маңызды жайтқа мән берген дұрыс. Осы елдердің ішінде тек Испания, Норвегия, Аргентина, Боливия, Эквадор және Израиль ғана Қазақстан сияқты "жабық тізім" жүйесін таңдаған. Ал Бельгия, Финляндия, Болгария, Швеция, Нидерланд, Бразилия және Индонезия ашық жүйеге басымдық берген. Германия мен Швейцария аралас жүйені қолданады.
ЕКІНШІ ЕРЕКШЕЛІК – БҮКІЛ ЕЛДІ БІР ОКРУГ ДЕП ТАНУ
Ашық деректерде "жабық тізімді" қырықтан астам ел қолданатыны айтылады. Бірақ олардың көбінде сайлау кезінде бірнеше округ болады. Яғни аймақтарға бөлінеді. Партиялар әрбір округте әртүрлі тізім ұсына алады. Осылайша аймақтар таңдауы көбірек ескеріледі. Ал Қазақстанда партиялық тізім бойынша сайлауда әлмисақтан бүкіл республика — бір округ деп қабылданады. Партиялар бүкіл елге бір ғана тізім ұсынады.
"Жабық тізімді" қолданатын елдердің ішінде көпокругті тәртіпті қолданатындар көп. Мұны корпорациялық басқару және әйел құқығы сарапшысы Аида Әлжанова Испания мысалында тарқатып көрді.
"Испания — дәл осындай модельге мысал. Олар парламентті жабық тізіммен жасақтағанымен, сайлау кезінде елді провинциялық округтерге бөледі. Яғни Испанияға сілтеп бірыңғай ұлттық тізімді сату — мотоциклді көрсетіп, велосипедті жарнамалағанға тең: екеуінде де доңғалақ бар, бірақ бір ньюанс бар дегендей. Аргентина да мысал емес. Аумағы бойынша сәйкес келер, бірақ ол жақта федерациялық құрылыс, онда бірыңғай тізіммен парламент жасақталмайды. Сол себепті жеке территориялық тізімді қолданады. Негізі, оны бізде де қолдануға болады", – деді ол Facebook-те. Демократия деңгейі жоғары елдерде көбіне ашық немесе жартылай ашық тізімдері бар пропорционалды жүйе әрі көпмандатты аумақтық округтер пайдаланылады.
Әлжанованың сөзінше, "мұндай құрылым партияларды астанада ғана "өмір сүрмеуге", өңірлерде де жұмыс істеуге, аймақтармен, "шалғай өңірлермен" байланыста болуға, жергілікті адамдарды жұмылдырып, сенім жолында бәсекеге түсуге мәжбүрлейді және тек орталықтың ғана емес әртүрлі аумақтардың мүддесін шынайы түрде танытуға мүмкіндік береді".
"Басқа амал жоқ, демократия деген сол — халықпен жиі әрі жақын араласуың керек" дейді ол.
ҮШІНШІ ЕРЕКШЕЛІК – МАНДАТ БӨЛУ КЕЗЕГІН ЖАРИЯЛАУ
Бүкіл елді бір округ деп жариялайтын тәжірибе Қазақстанмен бірге Израиль және Молдова сияқты саусақпен санарлық елдерден байқалады. Бірақ Қазақстанның бұл екі елден де ерекшелігі бар.
Еуропа кеңесі жанындағы Венеция комиссиясы мен Еуропа қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы жанындағы Демократиялық институттар және адам құқықтары бюросы (ДИАҚБ) осы "жабық тізімге" бір талап қояды.
"Еуропа кеңесі жанындағы Венеция комиссиясы мен Еуропа қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы жанындағы Демократиялық институттар және адам құқықтары бюросы саяси партиялар мен коалицияларды тізімдегі кандидаттарының ретін сайлауға дейін анықтап, жариялауға міндеттейтіндей етіп заңнаманы түзетуді ұсынады" деді ДИАҚБ мен Венеция комиссиясы 2011 жылғы есебінде (Сербиядағы сайлау жөнінде).
Яғни партиялар мандат бөлу кезегін сайлауға дейін анықтап, жариялауы керек. Қазақстан сайлау туралы заңы бойынша, партиялар мандат бөлу кезегін жасайды және оны орталық сайлау комиссиясына сайлаудан кейін 10 күннен кешіктірмей өткізе алады. Яғни партиялар бұл тізімді сайлаудан кейін әзірлей алады және оны жариялауға міндетті емес.
Қазақстанда партиялар кандидаттар тізімін жариялайды. Бірақ ол жай ғана тізім. Нақты сол депутаттар парламенттен мандат алады дегенге партиялар кепілдік бермейді. Оны мандат бөлу тізімімен шатастыруға болмайды. Мандат бөлу кезегінде партия 10 мандат алса, тізімдегі алғашқы 10 кандидат депутат атанады. Егер біршама уақытта олардың ішіндегі біреуі депутаттықтан кетер болса, мандат әлгі тізімдегі 11-адамға бұйырады. Бәрі ашық, сайлаушылар да, кандидаттардың өздері де кімнен кейін кім келетінін біліп отырады.
2023 жылғы сайлаудың алдында Қазақстан Халық партиясы өз тізімінде 52 адамның аты-жөнін жариялады. Сайлау өтіп, партия 5 мандат алды. Бұл мандаттар тізімнің әр жерінде тұрған 5 адамға бөлінді.
Былтыр қаңтарда Гаухар Танашева депутаттық мандатынан айырылып, оның орнына партия атынан кандидаттар тізімінде болған Асылбек Нұралин депутат болды. Бірақ сайлаушылар Нұралин мандат бөлу кезегінде нешінші тұрғанын білмеді.
Тіпті партиялар мандат бөлу кезегін ОСК-ға өткізгеннен кейін де түзете алады. Бұған "Сайлау туралы" заңның 97-1-бабы 6-тармағы 3-бөлігі рұқсат береді.
Онда: "Саяси партиялар Орталық сайлау комиссиясына бұл туралы жазбаша өтініш және саяси партияның басшы органы отырысының хаттамасынан үзінді көшірме бере отырып, кандидаттардың партиялық тізімдегі кезектілігін өзгертуге құқылы" деп жазылған.
Бұл бөлік заңға 2004 жылғы сәуірде, сол жылы өткен парламенттік сайлаудың алдында енгізілген. Оған дейін заңда мұндай норма болмаған.
Сайлау жүйесі Қазақстандікіне ұқсас Израиль мен Молдова жоқ дегенде мандат бөлу тізімін жариялайды. Оның үстіне бұл екеуі парламенттік республика. Айтпақшы, толықтай пропорциялық жүйені қолданатын елдердің көбі — парламенттік республика.
ТӨРТІНШІ ЕРЕКШЕЛІК – ПАРТИЯЛЫҚ ТІЗІМ ПАРЛАМЕНТТІК РЕСПУБЛИКАҒА ТӘН
Парламенттік республикада атқарушы биліктің басшысы — премьер-министрді заң шығарушы орган сайлайды. Сол себепті мұндай елдер пропорциялық жүйеге мұқтаж. Ал Қазақстан — президенттік басқару формасындағы мемлекет. Тоқаевтың сөзіне қарағанда жақын арада бұл форма өзгере қоймайды.
"Посткеңестік елдерде парламенттік басқару жүйесі жақсы қырынан көріне алған жоқ деген пікірге келісесіз деп ойлаймын. Грузиядағы соңғы оқиғалар осы пайымға нақты дәлел бола алады" деді 2025 жылғы 3 қаңтарда "Ана тілі" газетінде жарық көрген сұхбатында.
ТОҚАЕВ НЕГЕ АЙНЫДЫ?
Азаттық редакциясы атауы Құрылтай болып өзгергелі тұрған мәжіліс депутаттарымен Қазақстандағы сайлау жүйесінің ерекшеліктері жайлы сөйлесіп көрді. Әуелі, депутат Айдос Сарымнан Тоқаевтың өз шешімінен неге айнығанын сұрадық.
– Енді ол тек қана Тоқаевтың ғана шешімі емес қой. Енді біздің көріп отырғанымыз қазір бізге мықты қоғамдық институттар керек. Біз енді ұзақ жылдар бойы негізінен президенттік билікті күшейтіп келдік. Ал енді болашағымызды ойлайтын болсақ, бізге қоғамды біріктіретін, қоғамды топтастыратын мықты саяси партиялар керек. Кем дегенде үш-төрт партия болатын болса, республикалық дәрежеде де, аймақта да, ауданда да идея бәсекелестігі, адам бәсекелестігі деген мәселе күшейеді, – дейді ол.
Депутаттың сөзінше, Қазақстан қоғамы "ашық тізімге" өтуге дайын емес.
– Енді, біз енді көрші елдердікін де, басқанікін де көріп отырмыз. Оған да қоғамның белгілі бір дәрежедегі көз ашықтығы, дайындығы, сұранысы қажет сияқты. Сондықтан қазір мысалы үшін жабық тізіммен бастап, қоғам мысалы үшін өскен, дамыған сайын партияда жоқ азаматтардың көбісі осы партияларға жақындай бастаған кезде, ондай да жолды қарастыруға болады, – дейді мәжіліс депутаты.
AMANAT партиясының тізімі бойынша сайланған депутат Айдос Сарым мандат бөлу кезегін мәселесінде "партияларға ырық беру керек" деп санайды.
– Партия дегеніміз ол тек қана жүз адамды топтастырып, тізімді ұсындық деген сөз емес қой. Ішінде де әңгіме болуы керек. Жалпы оның мәдениеті бар. Саясатта көп жүрген адам ретінде айтайын, Германияда саяси блок, сайлау блогы деген бар. Үкімет қалыптастыратын. Солардың сайлаудан кейін жасалатын коалициялық шарты болады. Кейбір шарттары 1000 бетке дейін кетеді. Сонда бәрін тәптіштеп жазады және ол жарияланған құжат. Сондай мәдениетке жетсек, ол да болады. Қазір бізде ол жоқ. Шынын айту керек, біз енді ғана қадам басып келе жатқан елміз ғой, – дейді ол.
"ПОПУЛИЗМ МЕН ПРОФЕССИОНАЛИЗМ"
Мәжілістегі "Ақ жол" фракциясының жетекшісі Азат Перуашевтың пікірі Айдос Сарымның сөзіне үндес. Ол бұрыннан пропорциялық жүйені, соның ішінде "жабық тізімді" қолдайтынын айтты.
– Партияға өзіне ыңғайлы кандидаттарды сайлауға мүмкіндік беруіміз керек. Біз түрлі саланың адамдарын парламентке әкеліп, үйлестірілген жұмыс жүргізуге тырысып отырмыз. Сөзге шешен емес, көзге түспейтін, бірақ өте мықты кәсіби мамандар болса, парламент ішінде олар да керек қой. Бұл жерде популизм мен профессионализм арасында баланс іздеген жөн, – дейді ол.
Перуашев та партияларды мандат бөлу кезегін жариялауға міндеттемеу қажетін айтады. Оның сөзінше, бұл – партия жұмысына шектеу.
– Партия сайлауға қатысатын кезде сайлаушылар жеке адамдар үшін емес, олар партияның бағдарламасы үшін дауыс береді. Ал партияның бағдарламасы бұл жеке адамның меншігі емес, бұл – бүкіл партияның меншігі. Сондықтан мандатты тарату мәселесі түгелімен партиясының қолында болуға тиіс, – дейді "Ақ жол" партиясының төрағасы.
"СЫРТҚЫ САЯСИ ЖАҒДАЙ ЖӘНЕ СЕПАРАТИЗМ ҚАУПІ"
Алматыдағы бірмандатты округтан сайланған депутат Ермұрат Бапи толық партиялық тізімге оралуды шегіну деп атап, мұны әлемдегі саяси ахуалдың өзгеруімен байланыстырады және Тоқаев ұсынған реформаны қолдап отыр.
– Мажоритарлық сайлау болса, сырттың араласуы мүмкін. Мәселен, сыртқы күштер солтүстік облыстардан түскен бір депутатты қаржыландыруы мүмкін. Оны сепараттық пиғылдарға итермелеуі мүмкін. Жеке мандатпен түскендер аумақтық сепаратизм тұрғысында мәселе көтеруі ықтимал. Ал партияда ондай болуы мүмкін емес. Сондықтан, қазіргі ортамерзімді уақытта, өтпелі кезеңде бізге осы қажет. Әрине, бірмандатты округтан сайланған депутат ретінде бір қадам шегінгенімізге өкінемін. Бірақ бұл тоқтап қалған дүние емес, болашақта сыртқы қауіп сейілген кезде оған қайтып ораламыз деп ойлаймын, – дейді ол.
"АШЫҚ ТІЗІМДІ" ҚОЛДАЙТЫН ДЕПУТАТ
Абай облысындағы бірмандатты округтан сайланған депутат Нұртай Сабильянов мандат бөлу кезегін жария етуді қолдайтынын айтады.
– Партиялық тізімнің ашықтығын, кім депутат болатынын алдын-ала анықтап алуды қолдаймын. Партиялық тізімді бекіткен кезде жариялылық болуы керек, оны бұқаралық ақпарат құралдарында жариялап, орын алған жағдайда соның ішінде кім бірінші кезекте депутат болатынын жұрт білуге тиіс. Кезек-кезегімен қою керек қой, – дейді ол.
Сабильянов бұған дейін де бірталай шақырылымның депутаты болған. Оның кейбірінде сол кездегі "Нұр Отан" (қазіргі AMANAT) партиясының тізімімен өткен. Қазір ол да – Перуашев пен Сарым секілді конституциялық комиссияның мүшесі. Оның айтуынша, конституцияның өзінде пропорциялық сайлау жүйесі ғана аталмақ, оның ішіндегі түрлері одан кейін қабылданатын конституциялық заңдарда пысықталмақ. Сол кезде "ашық тізім" және "жабық тізім" деген мәселені қозғауға болады дейді ол.
ПАРТИЯЛЫҚ ИНСТИТУТ ҚАЛЫПТАСТЫ МА?
Азаттық бұл мақалада пропорциялық сайлау жүйесінің ішіндегі түрлерін, оның Қазақстандағы үлгісін талдап отыр. Бірақ қоғамда қазіргі саяси тәртіпте партиялық тізім адамдардың сайлануға деген құқығын бұзады деген пікір бар. Аралас не мажоритарлы сайлау әдісі керей дейді олар.
"Бірпалаталы парламентті партиялық тізім арқылы жасақтайтын пропорциялық модель азаматтардың пассивті сайлау құқығын (сайлану) шектейді, өйткені партияға мүше емес адамдар, өзін өзі ұсынушылар енді өздігіне түсе алмайды. Бұл сондай-ақ азаматтардың өз өкілдерін сайлауға деген белсенді құқығын да шектейді. Себебі сайлаушы ұсынылған партиялардың ешқайсысын қолдамаса, саяси баламаның жоқтығы оның ерік білдіру құқығын шектейді" деп жазды саясаттанушы Досым Сәтпаев Facebook-те.
Қазақстан билігі пропорциялық жүйе алғаш енгізілгелі бері бұл тәртіп партиялық институтты дамытатынын айтып келеді. Бірақ елде партия тіркей алмай отырғанын айтып шағынатындар көп. Мәселен, "Алға, Қазақстан", "Қазақстанның демократиялық партиясы", "Ел тірегі", "Атажұрт" бастамашыл топтары қажет құжаттарды жинап, әділет министрлігіне бірталай өтініш берсе де, министрлік құжатта кемшілік барын айтып, тіркеуден бас тартып келеді. Белсенді топтар билік айтқан уәждерді орынсыз санап, әкімшілік кедергілер тап болып отырғанын айтады.
Қазақстанға түрлі сайлау науқандарына қатысқан қоғам белсендісі Дос Көшім елде партиялық институт қалыптаспағанын айтады.
– Себебі, бізде президенттің және биліктің бағытын қолдайтын партиялар ғана тіркеледі. Сондықтан мұны көппартиялық жүйе деп айтуға аузым бармайды. Оппозициялық бағыттағы партиялардың ешқайсысын не тіркетпейді, не жолатпайды. Сондай бөгет жасап қойған. Сондықтан бұл партиялардың бағыты да бір, алға қойған мақсаттары да бір, – дейді ол. – Байқайсыздар ма, саяси партиялардың рөлі тек сайлау кезінде ғана көрінеді. Халықаралық ұйымдарға бізде демократияның бір институты бар, көппартиялық жүйе бар деп айту үшін. Мен мұны демократияның декорациясы деймін.
Қаңтар оқиғасынан кейін билік саяси партия тіркеуді жеңілдететінін мәлімдеп, тіркеуге қажет мүше санын 20 мыңнан 5 мыңға (2020 жылы бұл меже 40 мыңнан 20 мыңға азайтылған), өңірлердегі өкілдер санын 600-ден 200-ге, бастамашыл топтағы адамдардың ең төменгі санын 1000-нан 700-ге түсірді.
Оппозициялық топтар партия тіркей алмай отырғанына шағынғанда, билік әдетте осы уәжді айтады.
Дос Көшім партия тіркеуге қажет мүшелер санын 5 мыңға дейін түсіргені құптарлық дейді. Бірақ ол құрылтай қажет адамдар саны дәл сол деңгейде азайту қажет екенін айтады.
– Ең қызығы, 40 мыңнан 5 мыңға түсірді. Сегіз есе төмендетті. Бірақ қараңыздар, бұрын республикалық партия тіркеу үшін құрылтайға 1000 адам керектұғын. Ал қазір 700 адам деп отыр. Демек мүшелер санын 40 мыңнан сегіз есе түсіре, құрылтай жасайтын адамдар санын да сегіз есе түсіруі қажет қой. Сонда 200 адам болуға тиіс. Көптеген облыстарда 700 адам сыятын үй де жоқ, ғимарат та жоқ. Қысқасы, бір жағынан рұқсат берді, екінші жағынан тағы да қиындатып қойды, – дейді ол тіпті бұл шарт орындалған күннің өзінде билік қолайсыз партияны тіркемеу үшін өзге сылтау таба алатынын айтып.
"ҚАҢТАРДА ХАЛЫҚТЫ ҚОЛДАЙТЫН ПАРТИЯ БОЛМАДЫ"
Азаттық елдегі сайлау жүйесін “Қазақстандағы парламентаризмді дамыту қорының” президенті Зәуреш Батталовамен де талқылады. Ол Қазақстан үшін пропорциялық сайлау жүйесінің тиімділігі төмен екенін, мұндай тәртіп партиялық бәсеке бар елдерде ғана ақталатынын айтады.
– Қазақстанда мұндай алғышарт толық қалыптаспаған. Сайлаушылар тек партиялық брендке ғана дауыс береді, олар парламенттің нақты құрамына ықпал ете алмайды. Сайлану құқығы іс жүзінде партия басшылығының шешіміне тәуелді. Сондықтан, формалды түрде таңдау бар, бірақ оның мазмұны өте шектеулі, – дейді ол.
Азаттық: Қазақстан билігі пропорциялық жүйенің "ашық тізім" дейтін түрін қарастырды ма? Неліктен қабылдамады?
Зәуреш Батталова: Мен өзім бірнеше жыл бұрын "жабық тізімнен" "ашық тізімге" көшу керек екенін айтып, оның өте пайдалы екенін дәлелдеп жүрген адамның бірімін ғой. Кезінде бұл мәселені бірнеше рет көтергенбіз. Өкінішке қарай, саяси себептермен қабылданбады. Неге қабылданбады? "Ашық тізім" сайлаушыларға партия ішіндегі нақты кандидаттарды таңдауға мүмкіндік береді және ол кандидаттардың жеке жауапкершілігін арттыруға мүмкіндік жасайды. Сондай-ақ партия ішіндегі бәсекені күшейтуге ықпал етуші еді. Бірақ өкінішке қарай, одан бас тартты. Өйткені ол жағдайда партияны басқара алмай қалады.
Азаттық: Тоқаев аралас жүйеден не себепті бас тартты?
Зәуреш Батталова: Қазақстанда бірде-бір оппозициялық партия жоқ қой. Өзінің ұстанымы бар бір-екі партияны атауға болады. Ал негізінен олар билік партиясының көленкесі болып отыр. Ондай партияларды басқару жеңіл. Ал мажоритарлық округтан келген депутаттар халықпен тығыс байланыс орнатуға тырысады. Сол 29 адамның (2023 жылғы парламент сайлауында 29 бірмандатты округ болған – ред.) бірнешеуі өз пікірін айтып, өздерін таныта білді. Осы жағдайдан сескеніп, партиялық тізімге оралып отыр деп санаймын. Партия кандидаттарын бақылау, олармен жұмыс істеу жеңіл.
Азаттық: 2022 жылға дейін онсыз да осы пропорциялық жүйе болды ғой. Сол жылы президент Тоқаев аралас жүйені енгізді? Енді неге өз шешімінен айнып отыр деген сұрақ қой.
Зәуреш Батталова: Енді өзіңіз ойлаңызшы, 2022 жылғы Қаңтарда халықтың мүддесін қорғайтын партия табылмады ғой. Сол кезде халықты аздап тыныштандыру үшін, халық сенімін қайтару үшін мажоритарлық сайлауды енгіземіз деді. Оның өзінде толық енгізген жоқ. Ең құрмағанда 50-50 болуы керек еді (2023 жылғы сайлауда мандаттың 70 пайызы партиялық тізіммен, 30 пайызы мажоритарлық сайлаумен жасақталды – ред.). Енді сол 29 депутаттың ішіндегі бір-екі депутат дауысын шығарған еді, соны көтере алмады ғой. Сондықтан тып-тыныш пропорционалды жүйеге көшкеніміз жөн деп отыр.
Азаттық: Пропорциялық жүйенің өзінде Қазақстан оның "жабық тізім" дейтін түрін қолданады. Бірақ халықаралық ұйымдар осы "жабық тізімге" де қояды: партиялар мандат бөлу кезегін сайлауға дейін анықтап, жарияласын дейді. Қазақстан партиялар мұндай кезекті жариялауға міндетті емес. Бұл туралы пікіріңіз қандай?
Зәуреш Батталова: "Ашық тізімді" айтып отырғанымыздың себебі осы ғой. Бірақ "ашық тізім" міндетті түрде тиімді болады деп айта алмаймын. Ертең "ашық тізімді" сұрадыңдар, енгізді, бірақ демократияны көремдік деп тағы сынға ұшыраймыз ғой. Бірақ реформаны бір күні бастау керек қой.
Мысалы, Гаухар Танашева депутаттықтан не үшін кетті? Бір депутаттық сауал жасағаны кетірді. Сөйтіп орнына басқа адам келді. Негізі бұл да дұрыс әдіс емес. Халықаралық тәжірибеге сүйенсек, партия депутат болып сайланған адамды тізімнен шығара алмауы керек. Депутатты министр қызметіне шақырса және ол өзі оған келіссе, ол түсінікті. Ал депутаттық сауал үшін мандатынан айырғаны дұрыс емес. Халықаралық стандарт бойынша, мен бір партиядан депутат болып сайланып, бірақ депутаттық кезімде ол партиядан шығып, басқа партияға кетіп қалсам да, партия сол партиядан айыра алмауы керек. Бірақ мен енді сол партияға қайта кіре алмаймын, қай партияға кеттім, сол партиядан ғана келе аламын. Міне, халықаралық тәжірибе қандай?! Осы тәжірибені бізге де енгізу керек.