Accessibility links

Алматыда резонанс тудырған көлік апатына күдікті ауруханадан тергеу абақтысына ауыстырылды

Үш адамның өмірін қиған Алматыдағы жол-көлік апаты туралы видеолардан скриншот.
Үш адамның өмірін қиған Алматыдағы жол-көлік апаты туралы видеолардан скриншот.

Алматыдағы әл-Фараби даңғылы бойында үш адамның өмірін қиған резонансты жол апатына күдікті ZEEKR көлігінің жүргізушісі сейсенбі, 7 сәуір күні тергеу абақтысына ауыстырылған деп жазды ҚазТАГ. Мұны қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады. Бұған дейін жол-көлік апатынан зардап шеккен күдікті ауруханада жатқан. Тергеу соты оны қамауға алу туралы шешім шығарғаннан кейін күдікті жатқан палатаға күзет қойылған еді.

Полиция мәліметінше, күдікті сот санкциясымен қамауға алынғаннан кейін қылмыстық іс аясында одан әрі қамауда ұстау үшін тергеу абақтысына ауыстырылған. Бұл жол-көлік апаты Қазақстанда кейінгі кезде қоғамда аса үлкен резонанс тудырған оқиғалардың біріне айналды.

21 наурызда таңға жуық қатты жылдамдықпен келген ZEEKR көлігі жолдың қарсы бетіне шығып кетіп, Mercedes көлігімен бетпе-бет соқтығысқан, салдарынан екінші көліктің жүргізушісі мен екі жолаушысы сол жерде тіл тартпай кетті. Тергеу мәліметінше, күдікті апат кезінде масаң күйде болған.

Оқиға әлеуметтік желілерде қызу талқыланып, ықпалды тұлғалардың қатысы болуы ықтимал және полиция тарапынан "жауырды жаба тоқу" әрекеті болуы мүмкін деген күдіктерді күшейтті. Осыдан кейін ІІМ ішкі қауіпсіздік қызметі Алматы полициясындағы жауапты қызметкерлердің әрекетсіздігі және мемлекеттік нөмірлерді заңсыз беру ықтималдығы бойынша бөлек қылмыстық істер қозғады.

Қоғамдық қысым күшейген соң, Ішкі істер министрі Ержан Сәденов бірнеше жоғары лауазымды полиция басшысы қызметінен босатылғанын мәлімдеп, тергеу барысын жеке бақылауына алғанын айтты. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та істі объективті тергеуді қамтамасыз ету жөнінде тікелей тапсырма берген.

Бұл оқиға Алматыда қауіпті түнгі жарыстар мен масаң күйде көлік айдауға қарсы бақылауды күшейтуге түрткі болды. Кейінгі күндері полиция патрулі қала көшелерінде жасырын рейдке шығуды күшейтіп, жол ережесін бұзудың мыңдаған дерегін анықтаған деп жазды ҚазТАГ.

Әл Фараби даңғылында болған жол-көлік оқиғасын баяндап, әлеуметтік желіде пікірін жариялаған, миллиондаған оқырманы бар блогер әрі заңгер Әділетхан Молдахан 30 наурызда "көрінеу жалған ақпарат таратты" деген күдікпен ұсталып, кейін тергеу соты оны он күнге қамады. Заңгер түнгі қалада автокөлікпен жарыс ұйымдастыруға құқық қорғау органдары қызметкерлерінің қатысы болуы мүмкін деп мәлімдеген еді.

Айдар
XS
SM
MD
LG