11 ақпанда Алматыда саясаткер Алтынбек Сәрсенбайұлын еске алу шарасы өтті. Шараны отбасы ұйымдастырды. Оған саясаткердің әріптестері, достары мен қоғам қайраткерлері, белсенділер қатысты.
2006 жылғы 11 ақпанда хабар-ошарсыз кеткен Алтынбек Сәрсенбайұлы, көмекшісі Бауыржан Байбосын мен жүргізушісі Василий Журавлев екі күннен кейін Алматы маңындағы таудан табылған. Үшеуі де атып өлтірілгені анықталды. Бұл қылмыстың төңірегінде жауапсыз сұрақ әлі көп.
Қастандыққа тапсырыс беруші ретінде әуелі сенат аппаратын басқарған Ержан Өтембаев айыпты деп танылды. Кейін бұл қылмыс экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың бұрынғы күйеубаласы, марқұм Рахат Әлиев пен ҰҚК-нің экс-төрағасы Әлнұр Мұсаевқа таңылды.
Сәрсенбі, 11 ақпанда шара кезінде заңгер Маржан Аспандиярова Алтынбек Сәрсенбайұлы мен оның серіктерінің өлімін әділ тергеу туралы бас прокуратура мен Жоғарғы сотқа жолдаған хатын оқып берді.
Алтынбек Сәрсенбайұлы 1993-2001 жылдар аралығында қоғамдық келісім және ақпарат министрлігін басқарған. Кейін Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы, Қазақстанның Ресейдегі елшісі болды. 2003 жылы оппозицияға өтіп, билікті сынады.
(Толықтырылады)