"ПІКІР АЙТУҒА ЕКІ МИНУТ БЕРІЛЕДІ"
Алматыдағы Оқушылар сарайында Көкжайлау тау шатқалына шаңғы курортын салу жобасы бойынша қоғамдық тыңдау басталған сәтте залдағы орындар адамға толды.
Жаңа нысанның қоршаған ортаға әсеріне арналған жиын басталғаннан кейін қоғамдық тыңдаудың төрағасы Серік Әділбаев тіркелген адамдар ғана сұрақ қойып, пікір айта алатынын, әрбір адамға 2 минут берілетінін хабарлады. Экобелсенділер мұндай регламентке қарсы болды, бірақ олардың пікірі ескерілген жоқ.
Жобаға жауапты Kazakh Tourism Development өкілдері қазіргі уақытта тау курортына тым ауыр салмақ түсіп отырғанын айтты. Ресми мәлімет бойынша, жылына Қазақстанның курорттарына 5 миллион турист келеді, соның 3 миллионы – тау курорттарының үлесіне тиеді.
Жиында сөйлеген экобелсенді Анар Жандосова қоғамдық тыңдау біржақты өтіп жатқанын айтып, жобаның кемшіліктері неге айтылмайды деген сұрақ қойды. Модератор барлық азаматқа пікір айтуға мүмкіндік беріледі деп жауап қатты. Ол жиынды қайта-қайта бөле берді деп бір адамды полицияның көмегімен залдан шығарып та тастады.
Көкжайлау шатқалына салынатын шаңғы курортының табиғатқа әсері туралы құжат талқылануы керек болған жиын талқыдан гөрі жобаның таныстырылымына көбірек ұқсады. Баяндама жасаған 8 адамның бәрі жобадан қоршаған ортаға айтарлықтай зиян келмейтінін, курорт салудан қорықпау керегін дәлелдеумен болды. Басты аргумент – тау курортына, оның ішінде әсіресе Шымбұлаққа шамадан тыс салмақ түсіп жатыр.
– Жалпы 2 млн адам келеді деп айтуға болады. Курортқа орасан салмақ түсіп жатыр. Жоба бойынша сыйымдылығы 60 мыңнан аспайды. Ал кей күндері ол 15 мың адамды қабылдайды. Жұрт кезекте тұрады. Тас жол [көлікке] толы. Инфрақұрылымның шамасы жетпей жатыр, – деген уәж келтірді Kazakh tourism development басшысы Ержан Еркінбаев.
Тау курортының табиғатқа әсерін зерттеген "Қазэкология", "Қазгидрогеология" сияқты бірнеше институт өкілдерінің айтуынша, ауа, судың жағдайы кейінгі жылдарда өзгермеген. Мамандар қазіргі жағдайды 2014 жылғы ахуалмен салыстырған. Ал топырақтың құрамында ауыр металл табылғанымен, шекті мөлшерден аспаған.
– Кәріз суы су қоймаларына тіке төгілмейді. Қалалық кәріз жүйесі қарастырылған. Қалдық та жиналмайды. Яғни, жиналған қалдық уақытша орындарға орналастырылады. Сосын кесте бойынша шығарылады, – деді "Қазэкология" мекемесінің өкілі Елена Кропоткина.
Сейсенбі күні тау кластеріне байланысты осы сияқты 4 қоғамдық тыңдау өтеді деп жоспарланған. Олардың барлығына бірдей қатысу мүмкін емес, себебі кейбірі қала аумағынан тыс жерде өтеді.
Қоғамдық маңызы зор мәселе бойынша бірнеше тыңдау неге бір күнге қойылды деген Азаттық тілшісінің сұрағына қоғамдық тыңдаудың төрағасы Серік Әділбаев нақты жауап бермеді.
Көкжайлау шатқалына шаңғы курорт салу жобасы бойынша қоғамдық тыңдау өтіп жатқан Алматыдағы Оқушылар сарайы алдында медициналық жедел жәрдем және өртке қарсы күрес қызметінің арнаулы көліктері тұрды.
ВИЦЕ-ПРЕМЬЕРДІҢ МӘЛІМДЕМЕСІ
Сейсенбі күні Алматыда Көкжайлау шатқалында тау курортын салу жобасы бойынша қоғамдық тыңдау басталар алдында Қазақстан премьер-министрінің орынбасары, мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева таулы аумақтағы туризм инфрақұрылымының маңызы жайлы мәлімдеме жасады.
Almaty Superski шаңғы курорты жобасын қолдай сөйлеген министр Қазақстанда ішкі және сыртқы туризмнің күшейгенін, соның ішінде таудағы туризмнің экономикаға пайдасы көбірек екенін айтты.
"Бүгінде даму мен экологияны бір-біріне қарсы қою дұрыс емес. Жауапты мемлекет табиғатты қорғауды, қажетті инфрақұрылым қалыптастыруды, адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуді және азаматтарға жаңа мүмкіндік ашуды қатар алып жүруі тиіс. Almaty Superski жобасы Қазақстанның бірегей табиғи әлеуетін қоғамның, елдің және болашақ ұрпақтың игілігі үшін қауіпсіз әрі жауапты түрде пайдалана алатынын көрсететін үлгіге айналуы тиіс" деді Аида Балаева.
КӨПШІЛІК СЫНЫНА ҰШЫРАҒАН ЖОБА
Алматыдан 10 шақырым жерде орналасқан Көкжайлау шатқалында шаңғы курортын салу туралы бастама алғаш 2000-жылдардың басында көтерілген. 2008-2015 жылдары қаланы Ахметжан Есімов басқарған тұста да құрылыстың әне-міне басталатыны айтылып, келесі әкім Бауыржан Байбектің кезінде "Көкжайлау" курорты туралы әңгіме қоғамда үлкен пікірталасқа айналған.
2019 жылы сәуірде Байбектің жобаны кейінгі шегере тұру туралы ұсынысын президент Қасым-Жомарт Тоқаев қолдаған.
– Қайтадан осы мәселеге оралмау үшін нүкте қойғым келеді. Мен "Көкжайлауды" салуға тыйым саламын. Ол бізге керек емес! Мен қарсымын! – деп мәлімдеген Тоқаев 2019 жылы қазан айында Алматы өткен жиында.
Бірақ 2022 жылы президент Алматының тау туризмін дамыту туралы қайта пікір айта бастады. "Түрген ауылы мен Қаскелең қаласының арасындағы шығыс және батыс бөлік аталған аумақтар әкімшілік мәртебесіне қарамастан, кешенді түрде игерілуге тиіс" деген Тоқаев. Осы уақытта қолға алынған Алматы тау кластері жоспарына Көкжайлауда шаңғы курортын салу да қайта енгізілді.
"Жобаның мақсаты – халықаралық талаптарға сай, төрт мезгіл жұмыс істейтін заманауи туристік орталық қалыптастыру" деген бұған дейін Азаттық сауалына жауап берген Алматы әкімдігінің туризм басқармасы.
Көкжайлауда Almaty Superski шаңғы курорты жоба аясында 60 шақырым тау-шаңғы жолы, 16 аспалы жол салынбақ. Ашық деректерде Көкжайлау шатқалының аумағы 42 мың гектар деп көрсетілген. Ал курортқа осы Іле Алатау ұлттық паркі аумағындағы 1 мың гектар жер бөлініп, оның 20 гектары коммерциялық инфрақұрылымға берілмек. Kazakh Tourism Development компанияcы басшысы Ержан Еркінбаев бұған дейін берген бір сұхбатында "Көкжайлау аумағында жеке коттедждер болмайды" деп мәлімдеген.
Биыл 24 сәуірде Қазақстан премьер-министрі Олжас Бектенов Алматы тау кластері және Almaty Superski жобасы бойынша өткізген кеңесте Көкжайлауда құрылыс биыл жазда басталып кететіні айтылып, үкімет басшысы жұмысты жеделдетуді тапсырған.