Accessibility links

Алсу Құрмашеваның қамаудағы 100 күні. Ресей түрмесінде жатқан Азаттық тілшісінің хаттары


Алсу Құрмашева Қазан сотында. 2023 жыл.
Алсу Құрмашева Қазан сотында. 2023 жыл.

25 қаңтарда Азаттықтың Татар-Башқұрт қызметінің журналисі Алсу Құрмашеваның қамауда отырғанына 100 күн толды. Idel.Реалии сайты журналистің түрмеден жазған хаттарына сүйеніп, оның Қазандағы тергеу изоляторында жаңа жылды қалай қарсы алғанын әңгімелейді.

"ӨЗІҢ ЖӘНЕ БАСҚАЛАР ҮШІН ЕСІК АШУҒА ҚОРЫҚПА!"

– Бүгін тура 3 ай болды. Бәрі өзгерді. Мен өзгердім, сіздер өзгердіңіздер, сіздерден келетін хаттар өзгерді. Ұзақ үзілістен кейін мереке күндері жазылған ондаған хат алдым. Хаттар байыппен жазылған, маған қорқыныштарыңызды сеніп тапсырыпсыздар. Басқалар мерекеден қалған оливьесін тауысып жатқанда, сіздер қолды бір сілтемей, ой бөлістіңіздер. Бұл мен үшін сондай құнды, – деп жазады Алсу 18 қаңтардағы хатында.

Бұл күні Алсу Құрмашеваның қамауда отырғанына 3 ай толған еді. Ал 25 қаңтарда – 100 күн болды.

18 қаңтарда Алсу өз сезімдері, 2023 жылы мамырдағы Қазанға сапары туралы хат жазды. Ол хатын көп адам (арасында бейтаныс адамдар да бар) өзінен кеңес сұрайтынын айтудан бастайды.

– Ата-аналар балаларына қандай білім саласын таңдау керегін, татар жігітке ғашық қыз жақсы көретін адамының ата-анасына қалай ұнауға болатынын сұрайды. Кеңес беруге құқылымын деп ойламаймын, бірақ маған сенім артқандарыңыз үшін алғыс білдіремін. Кезінде маған да біреу білім және мәдениет саласына, өмірге есік ашты. Басында ата-анам, кейін жасы үлкен достарым мен әріптестерім көмектесті. Кейін өзім басқаларға жөн сілтейтін адамға айналдым. Бірінші балаларым мен жақындарыма, кейін көмек пен қолдауға мұқтаж басқа адамдарға жол көрсете бастадым. Бірақ ол кезде бұл ісімнің маңызын түсінген жоқпын. Қазір біреуге жол көрсету – үлкен жауапкершілік екенін білемін, – дейді Алсу.

Алсудың айтуынша, өзіне сенімді, мықты адамдар ғана басқаларға жол ашып, жөн сілтей алады. Ал бұл биікке жете алмағандар басқалардың қанатын қайыруға бейім келеді дейді ол.

– Батылдығыма, "осындай уақытта" үйге оралғаныма тәнті боласыздар. Біз қазір өмір сүріп жатырмыз, басқа уақытымыз болмайды. "Уақыт" болар, бірақ көмекке мұқтаж жақындарымыз қасымызда болмауы мүмкін. Өмірімнің түрмеде өткен 3 айын ешкім қайтармайды. Өз отбасым, кішкентай балаларым мен қарт анам үшін жауаптымын. Менің, сіздің өміріңізде 2024 жылдың 18 қаңтары сияқты күн болмайды. Бүгін не істедік? Кімге есік аштық? Ертең басқа күн, бәрі басқаша болады. Бүгін үстелде сіздер жіберген, ашық есік пен терезе бейнеленген хаттар жатыр. Сіздер – мықтысыздар, өздеріңізге сенесіздер. Өз сұрақтарыңызға дұрыс жауап табасыздар. Өзіңіз бен басқалар үшін есік ашуға қорықпаңыз! Сіздерге алғысым шексіз! Алсу.

ТЕРГЕУ ИЗОЛЯТОРЫНДА ӨТКЕН ЖАҢА ЖЫЛ

Тергеу изоляторындағы жаңа жыл – қиын кезең. Біріншіден, хаттарды оқып, тексеретін цензорлар демалысқа кетеді.

Алсу бұған дейін өзіне хат жазған адамдардан мерекеге қалай дайындалып жатқанын сұрап, шырша мен жаңа жылдық безендірудің суреттерін жіберуді өтінген ("Зонателеком" сервисінде мұндай мүмкіндік бар).

– Шыршалар үшін рақмет! Суреттер қиялдауға жететін сапада болды. Суреттерді таныдым, оның үстіне, шыршаның шын өмірдегі түрі мен иісін білемін ғой, – деп жазды Алсу 18 желтоқсанда.

Осыдан бірнеше күн бұрын Алcу достарына "Алла бұйырса, бәріңе вегетариандық оливье жасап беремін" деп уәде берген еді.

Жаңа жыл қарсаңында достары Алсуға қызыл уылдырық жібергісі келген. Тергеу изоляторының онлайн дүкенінде қызыл уылдырық бар екен. Бірақ әп-сәтте сайтта тұрған жалғыз банка сатылып кеткен. Достары бұл оқиғаны да хатқа қосқан.

Алсу Құрмашева.
Алсу Құрмашева.

– Хаттарың мен сәлемдемелеріңді алдым! Көп рақмет! Сондай жылы. Бәрін жақсы көремін. Соя соусы басқа өмір бар екенін есіме салады, ол үшін жеке рақмет! Уылдырық бар! – деп жазды Алсу.

Кейін қаңтардың ортасында цензорлар жұмысқа шыққан соң, Алсу 31 желтоқсаннан 1 қаңтарға қараған түнді "ұйқылы ояу" өткізгенін, "Три орешка для Золушки", "Граф Монте-Кристо" сияқты ескі советтік мультфильмдердің жаңа нұсқасын, Муз-ТВ арнасын қарап үлгергенін айтты.

– Екі күннен бері ақ-қара түсті теледидарды түрлі-түсті етіп өзгерте алмай отырмын. Тым болмаса, осыған көндігуге тура келетін сияқты. Басқа ештеңеге көнбеймін. Хабибтің "Ягода малинка" әнін қандай теледидардан тыңдасаң да, бірдей әсер қалдырады екен. Көршім оянып, "Сағат әлі 4 пе?" деп сұрады. "Жоқ, жаным, ендігі 4 болды!". Қазір кешкі ас уақыты басталады, сүзбе мен сүт қосылған шай ішемін, – дейді Алсу "демалыстағы" уақыты қалай өтіп жатқанын әңгімелеп.

"БҰЛ СҰРАҚТЫ БАСҚАЛАРҒА ҚОЙЫҢЫЗ"

Кейінгі 2 апта ауыр өткен: Алсудың жақындары оның сырқаттанып қалғанын қаңтардың ортасында бір-ақ білген. Бір жақсысы, көп ұзамай Алсудың жағдайы түзелген.

– Тамағымды тексеріп, тыңдап көріңізші.

– Не үшін?

– Тамағым қатты ауырып, кеудем сырылдап тұр.

– Тексергеннен пайда жоқ, сізге бәрібір көмектесе алмаймын.

– ???

– Менде дәрі-дәрмек жоқ.

– Парацетамол да жоқ па?

– Ол да жоқ.

– Сонда да қарап, тамағым қалай болып тұрғанын айтыңызшы. Өзім-ақ көрер едім, камерада айна жоқ.

Дәрігер науқастың тамағын тексереді.

– Сондай жаман емес. Тұзды сумен шайыңыз.

– Рақмет, – дейді Алсу көзімен алғыс білдіріп. – Онда неге "бәрі бар" деп, сырттан дәрі-дәрмек жіберуге рұқсат бермейсіз?

– Бұл сұрақты басқаларға қойыңыз. Мен жай ғана фельдшермін. Міне, но-шпадан бірнеше таблетка ғана қалды. Ішесіз бе?

– Ішемін!

Алсу 8 қаңтарда жазған хатында дәрігермен болған диалогын осылай баяндайды. Журналист ертеңіне хатқа "Денім сау!" деген сөйлем қосқан.

– Екі апта қиын болды (Алсудың жақындары мен достары оның уақытша үстелі мен тоңазытқышы жоқ, жағдайы нашар камераға түскенін біледі – Idel.Реалии). Сөзбен айтып жеткізе алмаймын. Қазір сәл жақсы болып қалды. Бір қызығы, қалыпты өмірде адам инфекция немесе суық тию белгілері байқалса, көп дәрі ішіп, тамағын, ішек-құрылысын шайып, жанталасып кетеді. Ал мұнда емделетін ештеңе жоқ, ғайыптан жазылып кетесің. Бәрі ауырады, ешкімнің шаруасы жоқ, – дейді Алсу 5 қаңтар күнгі хатында.

"ЗҰЛЫМДЫҚТЫҢ АРТЫНДА ҚАНШАМА МЕЙІРІМ ЖАТЫР"

– Cендерде бәрі жақсы екенін оқығанда, қабырғалар жылжып, камерам кеңейіп кеткендей болады. Бүгін сондай әдемі жазылған, қатардағы саяси тұтқынға емес, дәл маған арналған хаттар алдым. Питер, Челябинск, Ставропольден жазыпты. Бірінші рет Қазаннан хат келді. Алғашқы хат! Ресей мен әлемнің түкпір-түкпірінен хат келгенде, Қазаннан ешкім жазбағаны қатты көзге түседі, – дейді Алсу жаңа жыл алдындағы хатында.

Бірнеше күннен кейін журналист хатын былай жалғайды:

– Айтпақшы, бүгін Қазаннан тағы 2 хат келді. Біреуін (авторды) танимын, екіншісі – бейтаныс адам. Кеше Ресейдің оңтүстігінде тұратын қыздан тамаша хат алдым. Ол бірнеше апта бұрын Қазанда болыпты, достары осында тұрады екен. "Қазан ұнады" дейді, жылына бірнеше рет келетін көрінеді. Мен туралы достарынан естіпті. Ресми ақпарат құралдары жазғаннан да көп білетін сияқты. "Билетімді ауыстырып, кетіп қалғым келді", "Сүйікті қаламда мұндай жағдай болады деп ойламадым" дейді. Кейін поезда отырып, маған ұзақ хат жазыпты. Осындай жақсы хикаялар болып тұрады, зұлымдықтың ар жағында қаншама мейірім жатыр.

Алсу Құрмашева Қазан сотында. 2023 жыл.
Алсу Құрмашева Қазан сотында. 2023 жыл.

Алсу Прага, Париж, Австрия, Германия мен АҚШ-тан көп хат алады.

– Сондай жылы. Ғажайып. Хаттар бір ай жол жүріп, соңында жетті! – дейді ол.

13 қаңтарда Алсу жақындарынан хат алғанын қуана хабарлайды.

– Демек хаттар легі қалыпқа келе бастады. Хат алмаған кезде қиын болды. <...> Шын мәнінде бәрі ақырын, бірақ адам төзгісіз қалыпқа түсіп бара жатыр. <...> "Қайдан күш алып жатырмын" дейсіңдер ме? Күшімді сарқымауға тырысамын, – деп жазады журналист.

2023 жылы мамырдың ортасында Алсу Құрмашева отбасылық жағдайына байланысты туған қаласы Қазанға барған. 2 маусымда күш құрылымдары Қазан әуежайынан Прагаға ұшып бара жатқан журналисті ұстап, қолындағы АҚШ пен Ресей төлқұжатын тартып алған (Алсуда қос азаматтық бар). Бірнеше күннен кейін журналиске қарсы "Екінші азаматтық жайлы құзырлы органдарға хабар бермеу" айыбымен (Ресей Федерациясы Қылмыстық кодексінің 330-бабы, 2-бөлімі) қылмыстық іс қозғалды. Журналистен қаладан шықпау туралы қолхат алып, босатқан. Тергеу бірнеше айға созылған. Қазанда Қазан қаласының соты Құрмашеваны кінәлі деп тауып, 10 мың рубль көлемінде айыппұл салды.

Сот үкімі шыққаннан кейін бір аптадан соң, "билік өкілдеріне барып, өзін "шетелдік агент" деп тіркеу туралы өтініш берген жоқ" (Ресей Федерациясы Қылмыстық кодексінің 330.1-бабы 3-бөлімі) деген айыппен Алсу тағы да ұсталды. Екі айдан кейін журналиске қарсы "Ресей әскері туралы жалған ақпарат таратты" деген жаңа іс қозғалды. Бұған журналистің Idel.Реалии редакциясы жариялаған "Соғысқа жол жоқ! Украинаға қарсы соғысты сынайтын 40 ресейліктің хикаясы" атты кітабы себеп болған.

18 желтоқсанда Еуроодақтың шетелдік істер және қауіпсіздік саясаты бойынша жоғарғы өкілі Жозеп Боррель Ресей билігін Алсу Құрмашеваны дереу босатуға шақырды.

– Ресей билігі журналистер қауіпсіздігі мен сөз бостандығы құқығын қорғап, оларды қудалауды тоқтатуы керек, – деді ол.

Бүкіл әлемдегі ондаған құқық қорғау ұйымы мен батыс елдерінің саясаткерлері Алсуды қолдады. Бұл қолдау халықаралық құрылымдармен ғана шектелмей, 10 желтоқсанда Қазанда журналистердің үстінен қозғалған ауыр және аса ауыр қылмыстарға қарсы пикет өтті. Акцияға қатысқан екі азамат, оның ішінде әлеуметтанушы Искандер Ясавеев Алсу Құрмашева туралы плакат ұстап шықты. Атқарушы комитет өкілі мен экстремизмге қарсы күрес орталығының қызметкері наразыларға ескерту жасап, плакатты жинауға шақырды. Наразылар келісті. Билік өкілдерінің пікірінше, Алсу Құрмашева жайлы плакат акция тақырыбына сай келмейді.

18 қаңтарда АҚШ мемлекеттік департаментінің ресми өкілі Мэттью Миллер Америка билігі Алсу Құрмашеваның ісіне баса назар аударып отыр деп мәлімдеді. Сыртқы саяси ведомство әлі күнге журналист заңсыз ұсталды деп мойындаған жоқ. Миллердің сөзінше, бұл тиісті шаралар жүріп жатқан жоқ дегенді білдірмейді.

Миллердің мәлімдемесінен кейін, 21 қаңтарда Нью-Йорктегі Таймс-скверде "Код 58" жобасы аясында ресейлік саяси тұтқындардың, оның ішінде Алсу Құрмашеваның портреті көрсетілді. Бұл инсталляция ресейлік оппозициялық саясаткер Алексей Навальныйдың қамауда отырғанына 3 жыл толуына орай ұйымдастырылды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG