Азаттық: Тыңшылық жасады деген күдікпен Польшада тұтқындалған Қазақстан азаматының Украинадағы дипломатиялық корпуста істегені туралы дерек бар. Оны босатуға президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей араласуының сыры осында жатыр ма?
Димаш Әлжанов: Бұл істің қалай жарияланғанын және оның ашық айтылған ақпаратын қарасаңыз, онда бұл процесс [АҚШ президенті Дональд] Трамптың тікелей өкілі, яғни оның жеке заңгері арқылы жүргенін байқайсыз. Оны Лукашенкомен өзара іс-қимыл жасауға жіберген. Алайда бұл жерде олардың араласу спектрі өте кең.
Бұл олардың алғашқы тұтқын алмасу процесі емес. Сондықтан Қазақстан да осы процестің бір бөлігіне айналды. Яғни, Польша тарабынан ұсталған, тыңшылыққа күдікті адамдар тобына кіріп кетті. Олардың ішінде ақпараттық қызметтің бұрынғы басшысының орынбасары, Молдова КГБ-сының бұрынғы қызметкері және тағы басқалар бар. Түрлі деңгейдегі, түрлі санаттағы адамдар қамтылған.
Бұл жағдайға Польша премьер-министрінің, Польша президентінің, Румыния президентінің, Молдова президентінің және тікелей АҚШ өкілінің араласуы келіссөздердің жоғары деңгейде өткенін көрсетеді.
Осындай жағдайда Тоқаевтың қатыспауы мүмкін емес еді. Яғни, ол кемінде жанама түрде бұл процеске тартылды, қазақстандық медиа оны солай жариялады. Мұнда Қазақстан елшілігінің Украинадағы қызметкерінің босатылғанына [Александр] Лукашенко мен [Ресей президенті Владимир] Путинге белгілі бір деңгейде ықпал ету, өтініш жасау сияқты әрекеттер туралы да айтылып отыр. Сондықтан президенттің қатысуы күткен нәрсе болды. Өйткені сыртқы саясат бағытын президент анықтайды, бұл оның тікелей құзыретіне кіреді. Әсіресе, егер арнайы қызметтер араласқан болса, онда бұл құрылымдар президентке бағынады, сондықтан оның рөлі мен функциясы да міндетті түрде қарастырылады.
Тағы да атап өтейін, келіссөздер өте жоғары деңгейде жүргізілген. Польша тарабы АҚШ араағайындығымен талаптарын да қойған. Негізгі назар Андрей Почобут мәселесіне аударылған. Дегенмен бұл тізімге Қазақстан да кіріп, өз азаматын алмастырылған бес адамның құрамына қоса алған. Бұл жерде Беларусь пен Ресеймен тікелей байланыс болған.
Ал Қазақстанның бұл процеске қосқан үлесін асыра бағалаудың қажеті жоқ. Өйткені негізгі тараптар – АҚШ, Ресей, Беларусь және Польша болды, Румыния мен Молдова да белгілі бір деңгейде Қазақстан сияқты жанама түрде ғана қатысқан.
Азаттық: БАҚ-та ол азаматтың Ресей мүддесіне жұмыс істегені айтылған. Ал оны босату процесі Беларусь пен Польша арасындағы тұтқын алмасудың аясында жүзеге асып отыр. Ақорданың баспасөз хатшысының жазуына қарағанда президент Владимир Путинге, Александр Лукашенкоға алғыс айтып отыр. Осы фактілерді біріктіріп қарағанда, қандай картина шығады?
Димаш Әлжанов: Менің ойымша, бұл процесті кеңірек қарастыру керек. Естеріңізде болса, біз Ресейдің Украинаға басып кіруі және соған байланысты қақтығыс, сондай-ақ Қазақстанның ақпараттық кеңістік арқылы осы жағдайға тартылуы туралы айтқан едік. Бұл жағдайлар Қазақстанның белгілі бір процестерге араласуға мүмкіндік туғызуы мүмкін. Меніңше, бұл – соның бір белгісі.
Өйткені Польшаға қатысты, нақты айтқанда оның қалаларындағы қорғаныс кәсіпорындарымен немесе НАТО нысандарымен байланысты ақпараттар Қазақстан үшін тікелей ұлттық қауіпсіздік мүддесін білдірмейді. Сондықтан түрлі БАҚ пен ұйымдар бұл жағдайдан белгілі бір қорытындылар жасаған: яғни, Қазақстан елшілігінің қызметкері Ресей мүддесіне ақпарат беруі немесе Ресейдің пайдасына жұмыс істеуі мүмкін деген болжамдар айтылды. Алайда бұл қаншалық нақты дерекке негізделгені немесе Қазақстанның бұл іске қаншалықты қатысы барын әзірге нақты айту қиын. Өйткені бұл Қазақстанмен шекаралас ел емес және ол ел біздің ұлттық қауіпсіздікке тікелей әсер етпейді. Дегенмен мұндай жағдайлар Қазақстанның белгілі бір процестерге араласып кетуі мүмкін деген алаң тудырады.
Сондықтан Ресеймен қарым-қатынас тек сыртқы саясат немесе әскери-саяси өлшеммен ғана емес, сонымен қатар Қазақстанның ішкі қауіпсіздігі тұрғысынан да көпқырлы мәселе болып отыр. 2022 жылғы Қаңтар оқиғасы – соның бір мысалы. Сондықтан қазіргі жағдайда Қазақстанның бұл процеске қаншалықты терең тартылғанын, қаншалықты осал екенін немесе Кремль тарабынан қаншалықты пайдаланылып отырғанын нақты айту қиын.
Азаттық: Өткен аптада Германияда тағы бір Қазақстан азаматының тыңшылық жасады деген айыппен ұсталғаны белгілі болды. Ол Ресейдің арнайы қызметіне жұмыс істеген деген күдікке ілінді. Польша мен Германияда тыңшылық жасады деген айыппен Қазақстан азаматтарының ұсталуы - жекелеген жағдай ма әлде жүйелі проблема ма?
Димаш Әлжанов: Бұл екі істі әзірге бір-бірімен байланыстыруға асықпас едім. Біріншіден, сөз Германияда тұрған қазақстандық азамат туралы болып отыр, және оның қандай жағдайда әрекет еткені, арбауға тартылған-тартылмағаны белгісіз. Бізде бұл туралы нақты дерек жоқ. Сондықтан әзірге спекуляцияға сүйеніп қорытынды жасау ерте. Дегенмен Қазақстанның бұл контексте екі рет аталуы, әрине, елдің имиджі үшін аса жақсы емес.
Екінші жағынан, Қазақстан елшілігінің Украинадағы қызметкерінің тыңшылық жасауы халықаралық медиа кеңістігінде кеңінен таралмады. Яғни, елге келуі мүмкін имидждік зиян бұл жолы салыстырмалы түрде үлкен болмады. Осы тұрғыдан белгілі бір деңгейде сәттілік болды деп те айтуға келеді. Германиядағы ұсталған адамға келсек, ол Қазақстанның қатысунсыз-ақ, тікелей арбауға түсуі мүмкін. Яғни, бұл жерде мемлекеттің немесе қандай да бір құрылымның қатысы бар деп нақты айтуға негіз жоқ.
Азаттық: Польшада қазақстандық дипломаттың ұсталуынан кейін азаматтық қоғам өкілдері барлау қызметінің Ресейге тәуелділігі туралы мәселе көтерді. Сонымен қатар екіжақты әріптестік негізінде арнайы қызмет адамдарының бір бөлігі Ресейде оқып, біліктілігін арттыратыны туралы ақпарат бар. Осы тұрғыда бұл жағдай кәсіби дағдыны қалыптастырумен шектеле ме, әлде олардың саяси адалдығына да әсер етуі мүмкін бе? Жалпы, тәжірибе алмасу мен институционалдық тәуелділіктің ара-жігі қалай айқындалады?
Димаш Әлжанов: Менің ойымша, Қазақстанның қазіргі саяси режимі ұлттық қауіпсіздік концепциясы аясында Ресеймен институционалдық байланыстарды үзуді қарастырмайды. Керісінше, Ресеймен, соның ішінде оның қауіпсіздік құрылымдарымен байланыс сақталып отыр. Көптеген әскери қызметкер, кей жағдайда арнайы қызмет өкілдері де Ресейде оқудан өтіп, тәжірибе жинайтыны белгілі. Себебі Ресейдің кадрлық және институционалдық базасы Қазақстанмен салыстырғанда әлдеқайда кең. Жалпы алғанда, Қазақстан Ресейді тікелей қауіп ретінде емес, керісінше белгілі бір деңгейде серіктес ретінде қарастырады. Ол кейбір қауіптерді азайтатын, өзара әрекеттесетін серіктес ретінде қарастырылады. Бірақ бұл ұстанымның қиын жақтары да бар.
Қазақстанның қаншалықты осал екенін нақты бағалау қиын, өйткені бұл саланың маманы емеспін. Дегенмен Ресейдің Қазақстанның ұлттық қауіпсіздігіне қатер төндіруі ықтимал фактор екені және ішкі саяси процестерге ықпал етуге тырысуы мүмкін екені туралы пікірлерді елемеуге болмайды.
Негізгі сұрақ: Қазақстан бұған қарсы тұра алатындай стратегия құрып, қауіпсіздік саласында толық тәуелсіздік пен егемендікті қамтамасыз ететін бағыт таңдады ма? Бұл жағы айқын емес.
Сондықтан қазіргі жағдайды белгілі бір дәрежеде қалыптасып қалған, нақты шекарасы айқын емес құбылыс деп сипаттауға болады. Оның салдары әртүрлі болуы мүмкін. Егер Қазақстан өз қауіпсіздігін күшейтуге және егемендігін қорғауға жүйелі түрде көңіл бөлмесе немесе Ресеймен қауіпсіздік саласындағы өзара әрекеттесудің басқа балама моделін ұсынбаса, онда белгілі бір қауіп деңгейі сақталып қана қоймай, одан әрі күшеюі мүмкін.
Сондықтан Ресеймен қатынасты тек стратегиялық әріптестік ретінде ғана емес, сонымен қатар ықтимал қауіп факторлары бар күрделі байланыс ретінде де қарастырған жөн.