Accessibility links

Әндіжандағы көзбояушылық: Мирзияев барған фабрикада қыз-келіншектер тігінші рөлін сомдаған


And Gold фабрикасында Өзбекстан президентімен тігінші ретінде сөйлесіп тұрған Нозима шындығында Әндіжан облысы Ізбасқан ауданы Бештерак махалласы кеңесінің отбасы және әйелдер мәселесі жөніндегі маманы.
And Gold фабрикасында Өзбекстан президентімен тігінші ретінде сөйлесіп тұрған Нозима шындығында Әндіжан облысы Ізбасқан ауданы Бештерак махалласы кеңесінің отбасы және әйелдер мәселесі жөніндегі маманы.

Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев Әндіжан облысына барғанда тігін-трикотаж кәсіпорнына соғып, қыз-келіншектермен сөйлескен. Бірақ ол қыз-келіншектер іс-жүзінде тігінші болмай шыққан. Сондай-ақ президент кеткеннен кейін соның алдында ғана егілген ағаштар жоғалып кеткен.

Әндіжан облысына сапарын Шавкат Мирзияев Ізбасқан ауданындағы Қоғай махалласынан бастады. Мемлекет басшысы келерден бірнеше күн бұрын бұл махаллада And Gold дейтін заманауи тігін фабрикасы іске қосылған.

Президент баспасөз қызметінің осы сапар туралы видеорепортажынан кәсіпорында бірдей киінген жүздеген қыз-келіншектің жұмыс істеп жатқаны көрінеді. Видеода Мирзияев кәсіпорынға кіріп келіп, қызғылт сары униформа киген әйелге "Көңіл-күйіңіз қалай? Шын пейілмен айтыңыз!" дейді.

"Шын пейілмен айтсам, мен Өзбекстанда тұратыныма разымын" деп жауап береді ол.

Мемлекет басшысы кәсіпорынды одан әрі аралап, өзге де адамдармен сөйлескен.

"Қуанып тұрған көздеріңізді көріп жадырап тұрмын. Істеріңіз жақсы ма? Қиын емес пе? Сіздердің көздеріңізді, сенімділік пайда болғанын көріп, разы болып тұрмын. Бұл үлкен істердің басы ғана" дейді президент қуанышын жасырмай.

Мирзияев кәсіпорын жұмысшыларымен сөйлесе келе, олардың жалақысын бірнеше есе арттыруға уәде берді.

"Міне бүгін Әндіжанға осындай кәсіпорындардың санын көбейту үшін келіп отырмын. Сіздердің жалақыларыңызды бірнеше есе арттырамыз. 1-2 миллион [сом] емес, 3-4 миллион аласыздар (1 миллион сом шамамен 95 долларға тең). Біз дұрыс жолдамыз, бағытымыз айқын!" деді Мирзияев кәсіпорын тігіншілерімен қоштаса жатып.

Ресми ақпаратқа қарағанда, And Gold тігін-трикотаж фабрикасының ғимараты құны 2,5 миллион доллар тұратын жоба аясында салынған. Кәсіпорында заманауи жабдықтар орнатылған. Толық іске қосылғанда, 1200 адам жұмыс істемек, жылдық өнімділігі 3,5 миллион трикотаж бұйымы болмақ.

Ресми дерек бойынша, қазір кәсіпорында 830 әйел жұмыс істейді. Қазірдің өзінде Қытай мен Ресейге иірімжіп жіберу туралы келісім бар.

КЕЗЕКТІ КӨЗБОЯУШЫЛЫҚ ПА?

Әндіжан тұрғындарының бірі Озодлиқ радиосына хабарласып, президент сапары кезінде Ізбасқан ауданының басшылығы көзбояушылық жасады деді. Оның сөзінше, And Gold кәсіпорнында президентпен сөйлескен қыз-келіншектер шындығында тігінші емес.

– Ізбасқан ауданы мемлекет басшысының келуіне әдемі дайындалыпты. Бірақ біз аудан әкімі С. Исмаиловтың президентті алдап кеткеніне куә болдық. Ол махалла кеңесі қызметкерлерінен And Gold тігін фабрикасының жұмысшысы рөлін сомдауды сұраған. Президент келгенде кәсіпорында болған әйелдердің тек 5 пайызы ғана осы фабрикада тігін ісін оқыған, қалған 95 пайызы – махалла басшылары, хатшылары және мамандары. Президент келердің алдында олардың бәріне бірдей киім берген" дейді тұрғын.

Мирзияев келердің алдында And Gold фабрикасына Ізбасқан ауданындағы махаллалардың кеңесінен 800 адам алдырып, оларды тігінші рөлін сомдатқан.
Мирзияев келердің алдында And Gold фабрикасына Ізбасқан ауданындағы махаллалардың кеңесінен 800 адам алдырып, оларды тігінші рөлін сомдатқан.

Ол сондай-ақ президентпен бірінші болып сөйлескен әйелді танитынын айтады.

– Президентке осы кәсіпорында жұмыс істейтін қуанышты екенін айтқан әйел іс жүзінде ол жерде жұмыс істемейді. Ол махалла комитетінде қызмет атқарады. Бұл алдау емес пе! Президент келердің алдында оны арнайы дайындап, мемлекет басшысымен кездескенде қалай сөйлеу керегін түсіндірген. Оған "Президентке проблемалар туралы айтпаңыз, тек алғыс білдіре беріңіз" деп айтқан. Өзге қыз-келіншектерге де сол тігін-трикотаж кәсіпорнында жұмыс істейтінін, сол жерден жалақы алатынын, жұмысына разы екенін айтуды бұйырған. Бұл кәсіпорын президент келерден бір күн бұрын ғана ашылған, ол әлі іске қосылған жоқ. Президент кеткен соң бұл әйелдер қалыпты жұмыс орнына оралды" дейді Әндіжан тұрғыны.

Озодлиқ тілшісі тігін фабрикасында Мирзияевпен бірінші болып сөйлескен әйелдің Нозима екенін, оның Ізбасқан ауданы Бештерак махалласы кеңесінің отбасы және әйелдер мәселесі жөніндегі маманы екенін анықтады. Нозима президент келетін күні аудан әкімдігінің бұйрығы бойынша тігін фабрикасына өз махалласынан 13 қыз апарғанын мойындады.

– Мен бұл кәсіпорынға жұмысқа жақында ғана тұрдым. Құдай бұйырса, қаптаушы болып жұмыс істеймін. Бізді бір ай сынақ мерзімімен жұмысқа алды. Кәсіпорын әкімшілігі "Сынақ мерзімінен өтсеңдер, жалақы аласыңдар" деп айтты. Сөйте тұра олар сынақ мерзімінде жалақысыз қалмайтынымызды білдірді. 700 мың сомнан 1 миллион сомға дейінгі аралықта жалақы беруге уәде берді. Мен өз махалламнан тігін ісін білетін 13 қызды әкелдім, – деді Нозима Озодлиққа.

Нозиманың сөзінше, Мирзияев келетін күні шақырылған қыздардың паспортын алып, олардың аты-жөнін тізімге кіргізген, бірақ ешқайсысымен еңбек шартын жасамаған.

Шавкат Мирзияевқа And Gold фабрикасының өнімін таныстырып жатыр.
Шавкат Мирзияевқа And Gold фабрикасының өнімін таныстырып жатыр.

Шавкат Мирзияев Әндіжан облысында 17-18 маусым күндері болған. Мемлекет басшысы кетіп қалған соң, әлеуметтік желіде президент келердің алдында ғана егілген ағаштарды қазып алып кеткені туралы ақпарат тарады.

Әндіжан облысының әкімдігі бұл ақпарат жөнінде пікір білдіруге мәжбүр болды.

"Абаттандыру жұмыстары кезінде гүлдерге зақым келтірмеу үшін оларды уақытша салқын жерге апарып қойды" деді облыс әкімдігінің баспасөз қызметі.

Озодлиқ радиосы президент сапарына "дайындық жұмыстары" Өзбекстанның өзге де аймақтарында жүріп жатқанын хабарлаған. Мысалы, Наманған облысы Давлатабад ауданының тұрғыны биліктің көшені бір түрде "жөндеп шыққанын" айтқан.

– Асфальтті түнде төседі. Біз 3-мөлтекауданда тұрамыз. Президент кітапхананы ашты. Асфальтті 40 жыл қараусыз болған көшеге төседі, оның өзінде тек көзге түсетін жерлеріне салды. Билік жолды неге тек президент үшін төсейді? Халық үшін неге төсемейді? – дейді тұрғын.

Озодлиқ Өзбекстанда көзбояушылық Ислам Каримовтың кезінен бар екенін еске салады. 2015 жылы премьер-министр Шавкат Мирзияев Ферғана облысына баратын болған соң, облыста күре жол бойындағы жиналып қойған мақтаны сабағына қайта жабыстырған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG