Accessibility links

Президенттің күтпеген сапары хокимдерді шошытты. Мирзияев халыққа бет бұрды ма?


Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев аймақтағы сапарында. 4 ақпан 2021 жыл.

Өзбекстан президенті аймаққа сапарында күтпеген жерлерге соғатын болды. Осылайша ол "жалған шоудан" гөрі, тұрғындардың шынайы жағдайын көргісі келетінін білдірді. Орталық Азия елдерінде президенттің келуіне осылай дайындалу "дәстүрге" айналған. Мұны тоқтатқысы келетінін айтқан Шавкат Мирзияев авторитарлық тәжірибелерден түгелдей бас тартуға дайын ба?

Өзбекстанның Жызақ дейтін қаласында ел президенті Шавкат Мирзияевтің келуіне қызу дайындықты бастап кетті. Жолдар жөнделіп, ғимараттардың алды боялып жатыр.

Президент соғып қалуы мүмкін деп Жызақ облысындағы махаллалар да қамданып жатыр.

"Хокимият бізге "Президент кез келген уақытта келіп қалуы мүкін, дайын болыңдар!" деп ескертті" дейді Махалла кеңесінің мүшесі Азаттықтың Өзбек қызметіне аты-жөнін атамауды сұрай отырып.

Жызақ қаласында президент келіп қалуы мүмкін деп жол төсеп жатыр.
Жызақ қаласында президент келіп қалуы мүмкін деп жол төсеп жатыр.

Осыған ұқсас дайындық жұмыстары өзге облыстарда да жүріп жатыр. Жергілікті билік әсіресе тұрмысы төмен аудандардың көзге түсер жерлер сәндеп әлек. Бірақ Жызаққа да, басқа облыстарға да президент сапары белгіленбеген. Бірақ аймақ басшысы Мирзияев айтпай келіп қалуы мүмкін деп алаңдап отыр.

Өйткені кейінгі айларда Өзбекстан президенті бірқатар махаллаға ескертусіз барды. Сапар кезінде анықталған мәселелер үшін бірнеше лауазымды тұлға қызметінен босатылды. Осыдан кейін басқа өңір шенеуніктері де президенттің келуіне дайындала бастаған.

Мирзияев Өзбекстанда шексіз билікке ие. Ол мемлекетте саясаттан бизнеске дейінгі барлық саланы бақылайды. Президент өз қалауымен жергілікті шенеуніктерді жұмыстан шығарып немесе тағайындай алады.

18 наурызда Мирзияев Шыршық қаласына да ескертусіз барды. Президент әкімшілігі интернетте таратқан видеодан сапар кезінде оның бірнеше тұрғынмен сөйлескенін көруге болады. Сонымен қатар тұрғындардың президентті көргеніне таңғалғаны байқалады.

Президентке тұрғандар орталық жылу жүйесінің ескіруі, нашар қоғамдық көлік, тіркеуге тұрудағы қиындықтар секілді мәселелерді айтқан.

Ал ақпанда Ферғанадағы ресми сапары кезінде Мирзияев кортежі жоспарлы бағыттан айнып, Шодиёна махалласына барды. Президенттің бұл шешімі жергілікті басшылық үшін тосын сый болды.

Шодиёнаға барғанда Мирзияев тұрғындармен кездесті. Инфрақұрылым мен жолдардың жағдайын көргеннен кейін хокимияттың бірнеше қызметкерін, полиция мен салық басқармасының бастығын жұмыстан шығарды.

Дайындық кезінде көбіне президент кездесу өткізетін ғимараттар жөнделеді. Жол бойына ағаш пен гүл егіледі. Мұғалімдер, студенттер мен бюджет қызметкерлері президент кортежі өтетін жолды қоқыстан тазалайды.

Жергілікті билік тұрғындарға жақсы киініп, жақсы сөйлеуді ескертеді. Сын айтуға болмайды.

Мәселелерді шешудің, тұрғындардың наразылығын елеудің орнына, жергілікті билік оңай жолды таңдап, мәселелерді жасырады. Мирзияев болса, тұрғындардың шынайы қиындықтарын көрсетпей, көзбояушылық жасайтын дәстүрді бұзғысы келетінін айтады.

"КІНӘЛІДЕЙ КҮЙ КЕШЕМІН"

Мирзияев мұндай дайындықты алғаш рет 2018 жылы айыптаған. Оған президент сапары қарсаңында жолды тазалауға шыққан 23 жастағы мұғалімнің жүк көлігінің астына түсіп, қаза табуы түрткі болған. Самарқанд облысы Каттакурган ауданында тұратын Диана Еникеева жолдағы қоқысты жинауға хокимият тапсырмасымен шыққан.

Мирзияев артында екі жасар баласы қалған жас мұғалімнің өлімі үшін "кінәлідей күй кешетінін" санайтынын айтты. Сонымен қатар жергілікті басшылардан бюджет қызметкерлерін тегін жұмыс күші ретінде пайдаланбауды, жасандылықпен айналыспауды талап етті."Мен өңірдегі жағдайдан толықтай хабардармын", деді Мирзияев Сырдария облысында. "Бірақ көптеген жерде жалған шоу жасалады. Бұл әрекеттен жүрегім айниды,қатты ыңғайсызданамын".

ОРТАЛЫҚ АЗИЯДАҒЫ "ДӘСТҮР"

Орталық Азия елдерінде президент келгенде шынайы жағдайды жасыру, бұған алдын ала дайындалу дәстүрге айналды десе де болады.

Тәжікстан президенті Эмомали Рахмонның Бохтар қаласына сапары кезінде жол бойындағы ағаштар жібек және мақта маталармен оралған. Бұл маталардың бір метрі 4,40 доллар (1800 теңге) тұрады. Ал мемлекеттегі мұғалімдердің орташа айлық жалақысы – 100 доллар.

Ал Куляб облысында билікті сынайтынымен танылған екі тұрғын полицияның Рахмон келген сайын үйден шығармай қоятынын айтады.

Бұл тәжірибе Түркіменстанда да тамыр жайған. Президент Гурбангулы Бердімұхамедов Беркарар Заман деген жаңа ауылды ресми түрде ашқанда, мемлекеттік телеарналардан осы ауылда тұрғанына бақытты екенін айтқан жүздеген адам көрсетілді. Тұрғындар президентке қызыл кілем төсеп, оған арнап концерт ұйымдастырды, жеміс-жидек пен көкөніс өнімін көрсетті. Бірақ мұның барлығы "шоу" болып шықты. Шараға қатысушыларды басқа өңірлерден әкелгені анықталды.

Азаттық радиосы Түркімен қызметінің хабарлауынша, Бердімұхамедов кеткеннен кейін қатысушылар да кілемдерін, жеміс-жидек пен көкөністерін алып кеткен. Тіпті, ауыл аты жазылған тақтайша да қалмаған.

Орталық Азия елдерінде президент туыстары келетін кезде де осындай дайындық жасалады.

Қаңтарда Өзбекстанның оңтүстігіндегі Карши қаласы президенттің үлкен қызы Саида Мирзияеваның келуіне бір апта бойы дайындалған. Кейін журналистер мұны қатты сынады.

МИРЗИЯЕВТІҢ СӨЗІ МЕН ІСІ БІР ЖЕРДЕН ШЫҒА МА?

2016 жылы билікке келген Мирзияевтің авторитарлы мемлекетте оң өзгеріс енгізгенін айтушылар бар. Оған дейін Өзбекстанды 24 жыл бойы Ислам Каримов басқарған еді.

Мирзияев Каримов режимі тұсында діни экстремизм айыбымен сотталған жүздеген адамды қамаудан босатты. Сонымен қатар мыңдаған адамды "ықтимал экстремистер" тізімінен шығарды. Олардың қатарында журналистер, оппозиционерлер және үкіметті сынаушылар болатын.

Дегенмен Өзбекстанда саяси оппозицияға әлі де жол берілмейді, сөз бостандығы шектеледі.

31 наурызда жақында құрылған "Хакикат ва Тараккиёт" ("Ақиқат және прогресс") оппозициялық партиясының белсенділеріне шабуыл жасалды. Олар шабуыл кезінде партияны Әділет министрлігінде тіркеу үшін қол жинап жүрген.

27 наурызда бұрын әнші болған, қазір саясатпен айналысатын Джахонгир Атаджанов қазан айында өтетін президент сайлауына түсетінін айтқан соң үш адамның қоқан-лоқы көрсеткенін айтты.

Әділет министрлігі Өзбекстанда интернетте және телекоммуникация желілері арқылы президентке "тіл тигізіп", "өсек-аяң таратқандарды" қылмыстық жауапқа тартатын түзетулер қабылданды. Бұл заңды бұзғандар бес жылға дейін түрмеге қамалады.

Жалған "шоудан" шаршағанын айтқан Мирзияев осылайша саяси бәсекені, өз әкімшілігіне қарата айтылған сынды әлі де қабылдай алмайды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG