Accessibility links

Оққағар, дипломат, кәсіпкер және миллиардер. Орталық Азиядағы 13 "күйеу бала"


Орталық Азия басшыларының күйеу балалары. Солдан оңға қарай: Тимур Тилляев, Димаш Досанов, Тимур Құлыбаев және Отабек Умаров.
Орталық Азия басшыларының күйеу балалары. Солдан оңға қарай: Тимур Тилляев, Димаш Досанов, Тимур Құлыбаев және Отабек Умаров.

Орталық Азияда ұзақ отырған президенттермен қатар олардың күйеу балалары да жиі аталады. Билікте лауазымды қызмет атқарып, бизнесте де "жолы болғыш" "күйеу балалар" елдегі жемқорлық пен непотизмнің өршуіне себеп дейді сарапшылар. Бір қызығы, арасында қайын атасының қаһарына ұшырағандары "бар игілігінен" айырылады.

Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияевтің кенже күйеу баласы Отабек Умаров ақпан айында Ташкентте жол апатына ұшырады. Оқиға кезінде ол мотоциклмен көліктің артынан соғылып, бетон жақтауға барып жаншылған. 36 жастағы Умаровтың аяғы сынып, ауыр жарақат алғаны айтылады. Алайда бұл жол апаты туралы мәлімет ресми түрде тіркелмеген. Бұл – Ташкенттегі "президент трассасы" аталып кеткен жол бойындағы осы тақылеттес алғашқы оқиға емес.

АЙТЫЛМАЙТЫН АҚПАРАТ

Азаттықтың Өзбек қызметіне сенімді дереккөздің хабарлауынша, апаттан соң Умаровқа Ташкентте алты сағат бойы операция жасалған. Кейін оны Оңтүстік Кореяға арнайы медициналық ұшақпен жеткізіп, тағы да ота жасаған. Өзбекстан президенті күйеу баласының шетелде емделіп жатқаны туралы мәлімет жоқтың қасы.

Отабек Умаров бұған дейін де Ташкентте түн мезгілінде көлікті жүйткіте айдап, айыппұл төлеген. Ол мінген көлік сағатына 200 километр жылдамдықпен жүрген видеосы тарап, кейін бұл видео әлеуметтік желіден алып тасталды.

Одан кейін де оған тиесілі қымбат көліктің жол апатына ұшырағаны туралы видео шықты.

Өзбекстан президенті мемлекеттік қауіпсіздік қызметінің орынбасары Отабек Умаров президенттің жеке оққағары саналады. Оның зайыбы Шахноза Мирзияева – мектепке дейінгі білім министрлігінде басқарма басшысы.

ОРЫНБАСАРЛАР

Автократ Ислам Каримов қайтыс болғаннан кейін басшылыққа келген Шавкат Мирзияев Конституция бойынша биыл екінші рет президент сайлауына қатыса алады. Елде аз-кем реформа нышаны байқалғанымен, Өзбекстанда сөз бостандығы, пікір еркіндігі шектелген. Мирзияевтің Орталық Азиядағы басқа президенттермен ұқсас тұсы – ол да жақын туыстарын жоғары қызметке тартуға әуес. Үлкен қызы Саида – ақпарат және бұқаралық байланыс агенттігі төрағасының орынбасары, ал оның күйеуі Ойбек Турсунов – президент әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары. Ол түрлі саладағы бизнеске де қатысы бар деген сөз жиі айтылады.

Орталық Азияда "күйеу балалар" ғана емес, оларға туыс – президенттің құда-жекжаттары да лауазымды қызметке оңай жетеді. Мәселен, Мирзияевтің үлкен құдасы, бұрын қауіпсіздік және ішкі істер саласында істеген Батыр Турсунов – президент гвардиясы қолбасшысының орынбасары. Турсуновтар әулеті елдегі қаржыны және күштік құрылымдарды бақылайды деген сөз бар.

ҚҰДА-ЖЕКЖАТТАР ЕЛІ

Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон – жеті қыз, екі ұлдың әкесі. Рахмонның Фируза, Рухшона, Тахмина, Озода, Парвина, Зарина, Фарзона есімді қыздары бар.

Рахмонның күйеу балаларының ішінде Сохибовтардың кланы ерекше аталады. Бұл әулеттен шыққан Махмадзаир және Шамсулло Сохибовтар Рахмонның екі қызына үйленген. Махмадзаир Сохибов Фирузамен некеде болса, оның немере інісі Шамсулло Сохибов – Рахмонның тағы бір қызы Рухшонаның жұбайы. Рухшона сыртқы істер министрлігінде басшы қызмет атқарады.

Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон (оң жақта) күйеу баласы Шамсулло Сохибовпен. 6 маусым 2018 жыл.
Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон (оң жақта) күйеу баласы Шамсулло Сохибовпен. 6 маусым 2018 жыл.

Рахмонның құдалары Зайнулло, Насрулло Сохибовтар елдегі курорттарға иелік етеді. Жемқорлық пен ұйымдасқан қылмысты зерттеу бойынша журналистік орталықтың (OCCRP) мәліметіне қарағанда, олар басқаратын компаниялардың кейбірі салықтан босатылған.

Сохибовтар ұн, қант, азық-түлік, газ, мұнай, алтын кеніші, фармацевтика, банк, сақтандыру, қажылық, логистика, брокерлік қызмет, кеден, ауыл шаруашылығы өнімдері, сантехника, құрылыс саудасы сияқты салаларға, ірі базарларға, қонақүйлер мен ресторандарға иелік етеді деп есептеледі. Олардың көршілес Ауғанстанмен арадағы заңсыз саудаға қатысы жайлы да айтылады.

Шамсулло Сохибовқа қарасты "Фароз" холдингі – Тәжікстанда атышулы компания. OCCRP зерттеуінде бұл холдинг жанар-жағармай, банк, медициналық лаборатория, пайдалы қазбалар және автомектептер сияқты салаларға ықпалын жүргізетіні сөз болады. Бұл компания кейбір салада монополист ретінде танылған. 2018 жылы "Фароз" Соғды облысындағы алтын кенішін зерттеп, өңдеуге лицензия алған. Лицензия мерзімі 2022 жылы бітеді.

Тахминаның күйеуі Зарифбек Давлатов авиабилет сату, құрылыс бизнесі, әшекей бұйымдары мен автомобиль импорты салаларында үстемдік жүргізеді. Бұған қоса Давлатовтың кеден терминалын бақылауда ұстайтыны, "Корвон", "Фаравон" базарының және "Садбарг" сауда орталығының жетекшісі екені айтылады.

Тахмина бұдан бұрын Зубайдулло Гуловқа тұрмысқа шығып, ажырасқан. Атышулы ажырасу оқиғасынан кейін Зубайдулло Гулов мүлкінен айрылып, елден қуылған.

Рахмонның тағы бір қызы Озода президент әкімшілігінің жетекшісі болса, оның күйеуі Джамоладдин Нуралиев – ұлттық банк төрағасының бірінші орынбасары.

Рахмонның тағы бірі қызы Парвина бұрынғы энергетика және өндіріс министрі Шерәли Гулдің ұлы Ашрафқа тұрмысқа шыққан. Салық комитетінде қызмет атқарған Ашраф Гул қазір дипломат, сыртқы істер министрлігінде басшы қызметте.

Рахмонның тағы бір қызы Зарина байланыс қызметінің басшысы Бек Зухуровтың ұлы Рамз Зухуровқа тұрмысқа шыққан. Зарина "Ориёнбанк" басшысының орынбасары болса, күйеуі Рамз бірнеше компанияға иелік етеді. Ал "Ориёнбанктің" басқарма басшысы Хасан Асадуллозода Эмомали Рахмонның балдызы болып келеді.

Рахмонның күйеу балаларына қатысты компаниялар оффшор аймақтарда да орын тепкен делінеді және олар иелік ететін кей компаниялар ұзақ жылға салықтан босатылған.

ДИПЛОМАТТАР

Түркіменстан президенті Гурбангулы Бердімұхамедовтің екі қызы бар. Үлкен қызы Гүлжаһанның жұбайы Ыхласгелді Аманов – дипломат.

Ыхласгелді Аманов бұрын Түркіменстанның Германиядағы елшілігінің бірінші хатшысы қызметін атқарған. Кейіннен Лондонда Түркіменстан президенті жанындағы көмірсутек ресурстарын пайдалану және басқару агенттігінің филиалын ашқан. Бельгиядағы елшілікте елшінің кеңесшісі, кейіннен Ұлыбританиядағы елшілікте бірінші хатшы болған. Жоғарыда аталған агенттікте қызмет істеген кезінде Аманов даулы мәселелерге ұрынған деген ақпарат бар.

Бердімұхамедовтің тағы бірі қызы Гүлшанның жұбайы Девлет Атабаев Түркіменстан президенті жанындағы көмірсутек ресурстарын пайдалану және басқару агенттігінің Еуропадағы өкілдігін басқарған, елшілікте атташе болған.

Қазақстанның қазіргі президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың туған күйеу баласы жоқ. Алайда ол өзі басшылыққа келген 2019 жылы қарындасының жұбайы Теміртай Ізбастинді Болгариядағы елші етіп тағайындады. Ізбастин 1994 жылдан бері дипломатия саласында қызмет атқарады. Ал Тоқаевтың ұлы Тимур мен Ізбастиннің ұлы Мұхамед "Аби Петролеум Капитал" мұнай компаниясының құрылтайшысы екені хабарланған.

Қазақстанның Болгариядағы жаңа елшісі Теміртай Ізбастин (ортада).
Қазақстанның Болгариядағы жаңа елшісі Теміртай Ізбастин (ортада).

БҰРЫНҒЫ ПРЕЗИДЕНТТІҢ ҚАЗІРГІ КҮЙЕУ БАЛАЛАРЫ

Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың ортаншы күйеу баласы, Тимур Құлыбаев – елдегі ең дәулетті адамдардың бірі. Әйелі Динара мен екеуінің байлығы америкалық Forbes журналының есебі бойынша 5,8 миллиард долларды құрайды. Тимур Құлыбаев қазір мұнай-газ бен энергетика саласындағы ұйымдардың басын құрайтын Kazenergy қауымдастығын басқарады және кәсіпкерлердің "Атамекен" ұлттық палатасының президиум төрағасы. 2011 жылдан бері ол – ресейлік алып компания "Газпромның" директорлар кеңесінің мүшесі.

Былтыр әшкере болған "Қытайдан түсетін қаржы негізінде заңсыз баю схемасына" қатысты Тимур Құлыбаевтың есімі көп аталды. 2020 жылдың желтоқсанында Financial Times басылымы оның Орталық Азия – Қытай газ құбыры құрылысынан ондаған миллион доллар пайда көргенін хабарлаған. Соңынан Құлыбаев осы мәселені тексеру үшін Қазақстан бас прокуратурасына шағым түсірген.

Тимур Құлыбаевқа қатысты заңсыз баю схемасының жариялануына Назарбаевтың былтыр қайтыс болған жиені Айсұлтан Назарбаевтың жемқорлық туралы мәлімдемесі себеп болғаны айтылады.

Айсұлтанның әкесі, мәжіліс депутаты Дариға Назарбаеваның бұрынғы күйеуі Рахат Әлиевке Қазақстанда "мемлекеттік төңкеріс жасамақ болды", кейінен "оппозициялық саясаткер Алтынбек Сәрсенбайұлын өлтіруді ұйымдастырды" деген айыптар тағылды. Австрия құқық органдарына өз еркімен берілген Рахат Әлиевтің 2015 жылы Вена түрмесінде өлі денесі табылды.

Ресми хабарланбаса да, Дариға Назарбаеваның қазіргі күйеуі ретінде танылған Қайрат Шәріпбаев – "ҚазТрансГаз" компаниясының басшысы. Назарбаевтың кенже қызы Әлия Назарбаеваның қазіргі күйеуі Димаш Досанов болса, "ҚазТрансОйл" компаниясының бас директоры.

ҚАЙЫН АТАДАН КЕЙІНГІ АХУАЛ

Өзбекстанның тұңғыш президенті Ислам Каримовтың да күйеу балалары елдегі ірі активтерге иелік ететіні көп айтылған. Каримовтың ұзақ жылға сотталған үлкен қызы Гүлнара Каримованың ертеректе ажырасып кеткен күйеуі Мансұр Мақсуди кезінде Өзбекстанда "Кока-кола Боттлерз Тошкент ЛТД" біріккен кәсіпорнын құрған және басқа да ірі компанияларға иелік еткен. Ажырасқаннан кейін Мақсуди да иелігіндегі компаниялардан айрылған. 2020 жылы Ислам Каримовтың жиені – кіші Ислам Каримов бұл компаниялар Мирзияевтің күйеу балаларының қарамағына өткенін айтқан.

Өзбекстанның бұрынғы президенті Ислам Каримовтың қызы Лола Каримова мен оның күйеуі Тимур Тилляев. Париж, 8 сәуір 2009 жыл.
Өзбекстанның бұрынғы президенті Ислам Каримовтың қызы Лола Каримова мен оның күйеуі Тимур Тилляев. Париж, 8 сәуір 2009 жыл.

Ислам Каримовтың кіші қызы Лола күйеуі Тимур Тиллияевпен бірге Ташкенттегі "Әбу Сахий" базарына иелік етіп, оны 2018 жылы сатқаны хабарланған. Ислам Каримов тұсына бұл базарға сырттан тауар жеткізіліп тұрған және оның бір бөлігі Қытайдан Қырғызстан арқылы контрабандалық жолмен келетін деген де ақпар айтылады. Тимур Тилляев қайын атасы қайтыс болғаннан кейін Өзбекстанда бірнеше ірі компаниясынан айрылды деген мәлімет бар.

"КҮЙЕУ БАЛАЛАРДЫҢ КЕСІРІНЕН БИЗНЕС ЖАСАУ ҚИЫН"

Тәжікстандық сарапшы Абдумалик Қодировтың айтуынша, Орталық Азия елдері президенттерінің күйеу балалары ықпалға, байлыққа ие болғанымен, олардың өзінше әрекет ету қабілеті жоқ.

– Орталық Азияда күйеу балалар үлкен әулеттің тұтқынына айналады. Олар өз бетінше әрекет ете бастағанда проблемаға тап болады, – дейді Абдумалик Қодиров Азаттыққа. Ол Қазақстандағы Рахат Әлиевтің, Өзбекстандағы Мансұр Мақсудидің және Тәжікстандағы Зубайдулло Гуловтың жағдайын мысалға келтіреді. "Ең үлкен проблема Тәжікстанда" дейді сарапшы.

– Біріншіден, елдегі алты күйеу бала да көп ықпалға ие болғысы келеді. Экономикасы дамымаған Тәжікстанға бұл қосымша ауыртпалық әкеледі. Өз арасындағы бәсекені былай қойғанда, олар өзге елдер басшыларының күйеу балаларымен де бәсекеге түскісі келеді. Көбіне бизнесті тартып алу кезінде олардың аты көп шығады. Күйеу балалардың кесірінен елде дені дұрыс бизнес жасау қиын. Қазір шынайы бизнесмендер елден кетіп тынды, – дейді Абдумалик Қодиров.

"БІРЛЕСЕ ТОНАУ"

"Тәжікстандағы даму және реформа" қозғалысының шетелде тұратын жетекшісі Шарофиддин Гадоев Орталық Азияда авторитар басшы биліке келгенде "бөгделерге" сенбей, жақын туыстарын жоғарыға тартады дейді.

– Авторитар басшы үшін басқа адамдарға қарағанда өз туыстарын бағындырып, не істеу керегін бұйыра нұсқау жеңілдеу, – деген ол да мәселенің экономикалық қыры барын айтады.

– Мұндай басшылар ел экономикасындағы маңызды салаларды басып алады. Сөйтіп олар елдің ресурсы есебінен байиды. Бірінші басшының нұсқауымен концерндер мен ірі өндірістер салықтан босатылады не оларға мейлінше көп жеңілдік беріледі, экспорт-импорт үшін жеңілдетілген тәртіп белгіленеді, басқа да артықшылыққа ие болған олар кейін монополия орнатады, – дейді Шарофиддин Гадоев Азаттыққа.

Оның айтуынша, Орталық Азиядағы басқа елдермен салыстырғанда Тәжікстан – елдің ресурсын басшының туыстарына бөліп берудің жарқын мысалы.

– Эмомали Рахмонның ұлғайып кеткен әулетінің өзі-ақ бүкіл ел байлығын талан-таражға салып отыр. Елдің бүкіл экономикалық саласы оның қыздары, күйеу балалары және өзге де етжақын туыстарының арасында бөліске түскен, – дейді "Тәжікстандағы даму және реформа" қозғалысының жетекшісі.

Қазақстандық саясаттанушы Дос Көшім шығыс елдерінде кейбір басшылар күйеу баланы бауырынан да жақын көретінін айтады.

Өзінде ұл жоқ болса, күйеу балаға көбірек үміт артады. Бірақ олардың бұл "жақсы көруі" халықтың байлығын бірлесе тонауға алып келеді. Күйеу бала – тең серіктес рөлін де атқара алады. Мүмкін, Орталық Азия президенттеріне күйеу бала осы жағынан жақын болар, – дейді Дос Көшім Азаттыққа.

Қазір Орталық Азия сарайларындағы 13 "күйеу бала" жоғарғы қызметте немесе үлкен бизнес саласында жүр. Оның үстіне, олардың бақылау жасайтын саласы атқаратын қызметінен мүлде бөлек екені жаңалық болудан қалған.

  • 16x9 Image

    Қуанышбек ҚАРИ

    "Шайхана" блогының авторы. Азаттықтың Алматы бюросының бас редакторы болған. Әл-Фараби атындағы ҚазМҰУ-дің журналистика факультетін бакалавр дәрежесімен, Тегеран университеті парсы әдебиеті факультетін магистр дәрежесімен тәмамдаған.

    Иран телерадиобірлестігі әлемдік қызметінде тілші, кейін қазақстандық бірнеше БАҚ-тың Ирандағы тілшісі қызметтерін атқарған. Қазақстандық ақпарат агенттіктерінде, газет-журналдарда тілші, бөлім меңгерушісі, бас редактордың бірінші орынбасары болған. 

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG