Accessibility links

Жаңа ханшайым? Өзбекстанда Мирзияев қызының ықпалы артып келеді


Президент Шавкат Мирзияевтің үлкен қызы Саида Мирзияева.
Президент Шавкат Мирзияевтің үлкен қызы Саида Мирзияева.

Президент Шавкат Мирзияевтің үлкен қызы Өзбекстандағы белгілі қоғам қайраткерлерінің біріне айналды. Саида Мирзияеваның ықпалы артқан сайын ел ішінде оны бұрынғы президенттің үлкен қызы, қазір түрмеде отырған Гүлнара Каримовамен салыстыратындар көбейді.

Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияевтің үлкен қызы Орталық Азияның авторитар мемлекетіндегі белгілі тұлғалардың біріне айналды.

36 жастағы Саида Мирзияева ресми кездесулерге қатысып, мінберден сөз сөйлеп, шет мемлекеттер мен Өзбекстанның өңірлеріне жиі сапарлайды. Үш баланың анасы мәдени және қайырымдылық шараларда Мирзияев кланындағы басқа мүшелердің жанынан табылады.

Мирзияеваның беделінің артуы бұрынғы президент Ислам Каримовтың бір кездері ықпалды әрі танымал болып, кейін бірнеше жылға үйқамаққа алынып, түрмеге түскен қызы Гүлнара Каримованың оқиғасын еске салды.

Табысты кәсіпорындардың біраз бөлігін бақылауда ұстаған Каримовамен салыстырғанда, Мирзияева тікелей бизнеспен айналыспайды.

Бірақ Саиданың күйеуі Ойбек Турсуновтың 2016 жылы Мирзияев билікке келгеннен кейін жасалған банк және инвестиция саласындағы бірнеше келісімге қатысы бары анықталған. Турсунов сондай-ақ қайынатасының қол астында, президент әкімшілігінде жұмыс істейді.

Шавкат Мирзияв отбасымен бірге. Артқы фонда күйеубаласы Ойбек Турсунов.
Шавкат Мирзияв отбасымен бірге. Артқы фонда күйеубаласы Ойбек Турсунов.


Mирзияева ақпарат және бұқаралық коммуникациялар агенттігі басшысының орынбасары қызметін атқарады. Бұл лауазым оған автоматты түрде президент кеңесшісінің орынбасары болуға мүмкіндік береді. 2019 жылдың басында Мирзияев құрған мемлекеттік агенттік елдегі ақпарат құралдары, баспасөз қызметі мен қоғаммен байланыс бөлімдерінің жұмысын бақылаумен айналысады.

Мирзияеваның мұқият ойластырылған қоғамдық беделі оны журналистер мен әйелдер құқығын қорғаумен айналысатын тұлға етіп көрсетеді.

Президент отбасын сынауға жол берілмейтін, сөз бостандығы шектелген Өзбекстанда мемлекеттік ақпарат құралдары Мирзияеваның қызметі туралы жиі жазып, мақалаларына негативті пікір қоспауға тырысады.

Президенттің қызын ұлықтауға Өзбекстанның ұлттық ақпараттық агенттігі де үлес қосып, 2019 жылы 4 қараша – Мирзияеваның 35 жасқа толған мерейтойын жылдың ең маңызды күні деп атаған.

Мирзияева әлеуметтік желіге отбасылық өмірінен суреттер салып, күйеуі мен балаларының, әсіресе, әкесінің құрметіне есімі Шавкат деп қойылған бес айлық ұлының суреттерін жиі жариялайды.

ПРЕЗИДЕНТ ҚЫЗЫН ПРЕЗИДЕНТШЕ КҮТІП АЛУ

Жергілікті тілшілердің хабарлауынша, Өзбекстанның оңтүстігіндегі Карши қаласы Мирзияеваны "мемлекет басшысына лайық" сый-құрметпен күтіп алған.

Мирзияева 27 қаңтарда Қарши қаласында көзі нашар көретін және зағип балаларды қолдауға арналған "Жүректің көзі" атты қайырымдылық жобасына барды. Бұл сапарға дайындық бір апта бұрын басталған.

Аты-жөнін жасырын қалдыруды сұраған тілшілер Азаттықтың Өзбек қызметіне Мирзияеваның қатысуымен іс-шара өтеді деп жоспарланған Журналистер орталығында аяқ астынан жөндеу жұмыстары басталғанын хабарлады.

Саида Мирзияева Ташкенттегі шарада жүр.
Саида Мирзияева Ташкенттегі шарада жүр.

Азаттыққа түскен суреттерде бірнеше жұмысшының кездесу өтетін залдың қабырғаларына сөрелер орнатып, үш әйелдің жаңа сөрелерге кітап қойып жатқаны көрінеді.

Журналистер суық ауа-райына қарамастан, ғимараттың ішкі ауласына түрлі-түсті гүлдер отырғызылғанын жеткізді.

Мирзияеваның қатысуымен өтетін шараға шақырылған журналистерден COVID-19 вирусына тест тапсыру талап етілген.

Жөндеу жұмыстары аяқталғаннан кейін қауіпсіздік қызметі 27 қаңтар күні кездесу өткенге дейін ғимаратты жауып тастаған. Каршидегі жергілікті журналист мұндай жоғары деңгейдегі дайындық жұмыстары әдетте президент келерде ғана қолға алынатынын айтқан.

МИРЗИЯЕВ ҚЫЗДАРЫНЫҢ БАСЫ ДАУҒА ҚАЛДЫ

Мирзияева Өзбекстан халқын іссапарларымен ғана таңғалдырмайды.

2019 жылы қазанда интернетте Мирзияева мен сіңлісі Шахнозаның күйеулерімен бірге жоғары деңгейде ұйымдастырылған банкетте отырғаны туралы видео тарады. Бұл банкет ресейлік әнші Полина Гагаринаның Ташкенттегі концертінен кейін өткені айтылды.

Видеода әпкелі-сіңлілі Мирзияевалардың банкетке шақырылған қонақтармен бірге ән айтып, көңіл көтеріп жүргені көрінеді.


Осы видеодан кейін бірқатар жаңалықтар сайты мен әлеуметтік желі қолданушылары әпкелі-cіңлілі Мирзияевалардың "өмір салтын" Ташкенттегі көңілді кештер мен түнгі клубтардан қалмайтын Гүлнара және Лола Каримовалармен салыстырған.

Жаңалықтар сайтының бірі соңғы видеоны Мирзияевтың отбасындағы "шу" деп атаса, тағы бір ақпарат құралы "Өзбекстанда тарих қайталанып жатыр ма?" деген мәселе көтерген.

Шахноза Мирзияева мектепке дейінгі білім беру министрлігінде бөлім басшысы болып істейді. Оның күйеуі Отабек Умаров президенттің қауіпсіздік қызметі басшысының орынбасары қызметін атқарады, сондай-ақ екі ұлттық спорт федерациясын басқарады.

Банкетте ешқандай ерекшелік болмағанымен, әлеуметтік желі қолданушылары кедейлікте күн кешіп жатқан қарапайым өзбектерге мұндай қылық ұнамайтынын айтты.

Өзбекстанның астанасы Ташкенттегі орташа жалақы 270 долларды құрайды. Шағын қалалар мен ауылдардағы жалақы бұдан да төмен.

Елде жемқорлық қанат жайып, жұмыс табу қиын болғандықтан, миллиондаған өзбек отбасын асырау үшін Ресей, Қазақстан, Оңтүстік Корея, Түркия мен Еуропа мемлекеттеріне кетеді.

48 жастағы Гүлнара Каримова 2014 жылы әкесі президент болып тұрған кездің өзінде үйқамаққа алынған. 2017 жылы желтоқсанда ол он жылға түрмеге жабылды. Бірақ кейін үйқамаққа ауыстырылып, жазасы бес жылға қысқарды. 2019 жылы қайтадан түрмеге жіберілді.

Гүлнара (сол жақта) және Лола Каримовалар
Гүлнара (сол жақта) және Лола Каримовалар

2020 жылы наурызда Каримова ақша бопсалау, мемлекет қаржысын жымқыру және өзге де қылмыстар бойынша айыпты деп танылып, тағы 13 жыл 4 ай мерзімге бас бостандығынан айырылды.

Ислам Каримовтың кенже қызы Лола Каримова-Тилляева қазір шетелде Еуропа мен АҚШ-тың арасында жүреді. Өзбекстанның қазіргі билігі Лоланың күйеуі Тимур Тилляев пен отбасының иелігіндегі бірнеше ірі кәсіпорынды 2016 жылы Каримовтың өлімінен кейін тартып алған.

Мақаланы ағылшын тілінен аударған Динара Тілеубек

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG