Accessibility links

Өзбек парламенті президент сайлауын ерте өткізуді ұсынды. Себебі неде?


Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев.
Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев.

Өзбекстанда президент сайлауы конституцияда көзделген мерзімнен ертерек өтуі мүмкін. Былтыр Тәжікстанда да президент сайлауы мерзімінен бұрын ұйымдастырылған. Сарапшылар ерте сайлау өткізудің ықтимал себептері жайлы айтады.

Өзбекстанда президент сайлауын екі ай ерте өткізу үшін арнайы заң жобасы ұсынылды. Сайлаудың конституцияда көрсетілген мерзімі желтоқсан айы болғанымен, биыл бұл мерзім өзгертіліп, қазан айына жылжытылуы мүмкін.

ЗАҢ ЖОБАСЫ ЖӘНЕ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ СТАНДАРТ

25 қаңтарда Өзбекстан парламентінің төменгі палатасы "сайлау заңнамасын жетілдіру үшін" бірқатар заңдар мен құжаттарға өзгерту және толықтыру енгізу туралы заң жобасын ұсынды. Онда конституциядағы президент сайлауының мерзімі – желтоқсан айын қазан айына өзгерту туралы айтылған. Қолданыстағы конституцияда президент сайлауы желтоқсан айының үшінші онкүндігінің алғашқы жексенбісінде өткізіледі деп көрсетілген.

Аталған заң жобасы қабылданса, референдум қорытындысы және мемлекеттік биліктің негізгі қағидаттары туралы заңға, саяси партияларды қаржыландыру туралы заңға және сайлау кодексіне өзгерту енгізілмек.

Халықаралық рейтингтер мен индекстердегі Өзбекстанның ұстанымын жақсарту, сайлау заңнамасын халықаралық стандартқа сәйкестендіру осы жаңа жобасының негізгі мақсаты делінеді.

Желтоқсан айындағы жолдауында президент Шавкат Мирзияев те сайлау заңнамасының халықаралық стандартқа сәйкестендірілетіні туралы айтқан. "Біз соңғы сайлаудағы халықаралық бақылаушылардың қабылдауға тұрарлық ұсыныстарын ұлттық заңнамаға енгізуді жалғастырамыз" деген ол.

Шавкат Мирзияев 2016 жылғы 4 желтоқсанда өткен президент сайлауында отбасымен бірге.
Шавкат Мирзияев 2016 жылғы 4 желтоқсанда өткен президент сайлауында отбасымен бірге.

ПАНДЕМИЯ, АУА РАЙЫ ЖӘНЕ РЕЙТИНГ

Ташкенттік саясаттанушы, Орталық Азия бойынша сарапшы Фархад Толипов Өзбекстандағы сайлау мерзіміндегі ықтимал өзгеріс "Қазақстан тәжірибесін еске салады" дейді.

– Дегенмен қандай да бір түсінік берілмегендіктен, қазір бірдеңе деу қиын. Мұның бірнеше ықтимал себебін айтуға болады. Бәлкім, сайлауды тура жаңа жыл қарсаңында өткізбей, басқа мерзімге ауыстырған абзал дегендері болар. Немесе пандемия кезінде жағдайды ушықтырмас үшін де осылай жасауы мүмкін. Мұның бәрі – топшылау. Бұдан басқа бейтарап себеп болуы да ғажап емес. Мәселен, шынымен-ақ сайлау процесін оңтайландыру көзделуі ықтимал, – дейді Фархад Толипов Азаттыққа.

Қазақстандық саясаттанушы Дос Көшім де Өзбекстандағы кейбір жағдайдың Қазақстандағы ахуалға ұқсас екенін айтады. Ол Ташкенттегі реформалар мен өзгерістердің шынайылығына күмәнмен қарайды.

– Ондағы реформалар сыртқа көрсету үшін ғана өткізіліп жатқан сияқты. Бұл жағынан Өзбекстан Қазақстанға ұқсайды. Каримовтың қатаң саясатынан кейін Мирзияевтың әрекеті өзгеріс әкелгендей қабылдануы мүмкін. Бірақ оның командасы өзгерген жоқ қой. Сол бұрынғы компартиядан қалған адамдар және басқару жүйесі де сондай. Сондықтан мұны сырттан инвестиция тартуға және Өзбекстанның атын, беделін жақсартуға бағытталған саяси қойылым деуге болады, – дейді Дос Көшім.

Алайда ол сайлауды дауыс берушілерге қолайлы мезгілде өткізу – әділетті сайлау өткізудің бір шарты дейді.

– Сайлау күн өте ыстық не өте суық кезде болмауы керек. Мұндай кезде кандидаттардың халықпен кездесуі қиындайды. Сайлауға қатысу мен дауыс беруде мәселе туындауы мүмкін. Өзбекстан халықаралық стандартқа ұмтылып, өзінің сырттағы беделін дұрыстағысы келгендіктен ғана осылай сайлау мерзімін өзгертуі мүмкін, – деді Дос Көшім Азаттыққа.

Өзбекстанда алдағы желтоқсан суық болады деген болжам бар. Бұл ресми Ташкентке де жағатын болса керек. Былтыр Тәжікстандағы президент сайлауы қарсаңында да солай болған. Президент Эмомали Рахмон ел ішіне сапарлағанда алдағы қыс қатты болады дегенді жиі айтатын.

2020 жылы Тәжікстанда да президент сайлауы президент өкілеті аяқталардан бір ай бұрын өткізілген. Оны билік коронавирус пандемиясындағы сақтық шараларымен, нақтырақ айтқанда, таулы аймаққа суық түскенде барудың қиындығымен байланыстырған.

Францияда тұратын тәжікстандық сарапшы Парвиз Мулложанов та сайлауды күн жылыда өткізу сайлаушылардың жиналуы үшін ыңғайлы шешім деп есептейді. Алайда ол сайлауды ерте өткізу билікте отырған саяси басшылыққа тиімдірек деп есептейді. Суық кезде сайлау өткізудің шығыны да көп. Электр энергиясына көбірек ақша төлеу керек. Мүмкін тариф өсіп кететін шығар? Өзбекстан мен Тәжікстанда онсыз да электр энергиясы үзіліп қалып жатты. Суық кездегі сайлаудың әлеуметтік салдарын ескергендіктен сайлауды ертерек, ауа райы жылы кезде өткізу көзделіп отырса керек.

– Билік рейтингі жоғары кезде, халық қолдап тұрған шақта сайлау өткізіп алғысы келеді. Басшылар мен үкіметтер дағдарысқа байланысты рейтингтің ай сайын төмендеп бара жатқанын сезбей отырған жоқ. Сондықтан да халықтың көбірек қолдауына ие болу үшін Өзбекстан да сайлауды ерте өткізуге бекінген болар, – дейді Парвиз Мулложанов Азаттыққа.

"БҰЛ – САЯСИ ТЕХНОЛОГИЯ"

Францияда тұратын өзбекстандық сарапшы Камолиддин Раббимов Ташкентте сайлауды ерте өткізу туралы осымен екінші рет әрекет жасалып отыр дейді.

– Өткен жылы сайлауды биыл наурызда өткізу туралы ұсыныс айтылған. Енді, міне, бұл мәселе екінші рет айтылып отыр. Бұл жолғы ұсыныс депутаттар деңгейінде көтерілген. Бірақ мұның бәрі ұсыныс қабылданады дегенді білдірмейді. Мирзияевтің тұсында мұндай жағдайлар жиілеп кеткен. Каримов кезінде талқыланған ұсыныстардың бәрі күдіксіз қабылданып жататын. Қазір билік қоғамдық реакцияға қарайлауға тырысады, – дейді ол.

Камолиддин Раббимовтың пайымдауынша, егер қоғам бұл ұсынысқа қарсы болса, сайлау бұрынғыдай желтоқсанда өткізіле береді. Алайда желтоқсанда елде әдетте жарық сөніп, газ берілмей қалатын кездер болады. Бұл сайлау кезінде қоғамдық пікірге де әсер етуі мүмкін.

"Билік сайлауды қазан айында өткізсе де көп өзгеріс бола қоймайды" деп санайды саяси сарапшы.

– Өйткені Өзбекстанда сайлау барысын бақылайтындай азаматтық қоғам жоқ. Бәрі бір адамның қолында. Бұл - саяси технология. "Біз қазанда өткіземіз деп едік, сіздер қарсы болдыңыздар" деп билік сайлауды желтоқсан айында өткізе беруі мүмкін. Өз басым қазан айында сайлау болады дегенге сенімді емеспін, – дейді Камолиддин Раббимов Азаттыққа.

Ұлыбританияда тұратын өзбекстандық саяси сарапшы Алишер Илхомов сайлауды ерте өткізуге талпыныстың себебін басқаша түсіндіреді. Азаттықтың Өзбек қызметінің хабарлауынша, ол желтоқсан айында Өзбекстанның Кремль ықпалындағы Еуразия экономикалық одағына мүшелігі қаралады, сондықтан Ресейдің сайлауға ықпалын болдырмау үшін Ташкент сайлауды ерте өткізбекші деп есептейді.

Орталық Азияда конституция жиі өзгереді. Соңғы уақытта аймақтағы бес елдің негізгі заңдарына жыл сайын дерлік өзгерту енгізілген. Бір жылда бірнеше елдің конституциясы қатар өзгерген кездер болған. Президент Шавкат Мирзияев бұған дейін Өзбекстан конституциясына жеті мәрте өзгерту енгізілгенін айтқан.

Солдан оңға: Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон, Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев және Қазақстанның сол кездегі президенті Нұрсұлтан Назарбаев. Эр-Рияд, Сауд Арабиясы, 21 мамыр 2017 жыл.
Солдан оңға: Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон, Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев және Қазақстанның сол кездегі президенті Нұрсұлтан Назарбаев. Эр-Рияд, Сауд Арабиясы, 21 мамыр 2017 жыл.

Шавкат Мирзияев 2016 жылы Өзбекстанның тұңғыш президенті Ислам Каримов қайтыс болғаннан кейін билікке келді. Сол жылғы желтоқсан айындағы сайлауда ол 88 пайыздан астам дауыс жинап, президент болып сайланды. Егер парламенттің төменгі палатасы ұсынған қазіргі заң жобасы мақұлданса, президент сайлауы биыл 24 қазанда өтпек. Әзірге алдағы сайлауға кімдер қатысатыны белгісіз. Мирзияев сайлауға түсіп, жеңіп шықса, президенттігінің екінші мерзіміне кіріседі. Конституция бойынша Өзбекстанда бір адам бес жылдық екі мерзімнен артық президент болып сайлана алмайды.

  • 16x9 Image

    Қуанышбек ҚАРИ

    "Шайхана" блогының авторы. Азаттықтың Алматы бюросының бас редакторы болған. Әл-Фараби атындағы ҚазМҰУ-дің журналистика факультетін бакалавр дәрежесімен, Тегеран университеті парсы әдебиеті факультетін магистр дәрежесімен тәмамдаған.

    Иран телерадиобірлестігі әлемдік қызметінде тілші, кейін қазақстандық бірнеше БАҚ-тың Ирандағы тілшісі қызметтерін атқарған. Қазақстандық ақпарат агенттіктерінде, газет-журналдарда тілші, бөлім меңгерушісі, бас редактордың бірінші орынбасары болған. 

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG