Accessibility links

"Тұқымды қымбаттатып, мақтаның бағасын шектеп қойды". Өзбек диқандары кластерлік монополияға наразы


Кластерлер мақта өндірісі несие, мақта дәні, тыңайтқыш пен жанармайдан бастап, мақта тазарту көліктері мен өнімді экспортқа шығару лицензиясына дейінгі барлық процесті бақылауда ұстайды.

Өзбек шаруалары жекеменшік монополиялардан шаршағанын айтады. Мемлекет ауыл шаруашылығын сала-сала бойынша жекеменшік компанияларға үлестіріп беріп, мұны "кластерлік жүйе" деп атаған. Мұндай жүйе мақта өндірісінде де орнаған. Шаруалар енді егінге қажет заттарды осы бір кластерлік компаниядан сатып алуға мәжбүр. Мақтасын да соларға өткізеді.

Монополиялық компания мақташыларға тұқымды, тыңайтқыш пен жанармайды өзі қалаған бағаға сатады және ол бағаны диқандар қымбат көреді. Ал мақтаны шаруалар мемлекет бекіткен арзан бағуға өткізуі тиіс.

Хорезм облысы Шовот ауданындағы мақташылардың көбі кластерлік компаниямен жұмыс істеуден бас тартып отыр. Өзбекстанның оңтүстік-батысындағы бұл ауданның мақташылары монополиялық мекемемен келісімшартты 2021 жылға дейін ұзартуға қарсы.

Мақта теру. Өзбекстан, 25 қазан 2019 жыл. Көрнекі сурет.
Мақта теру. Өзбекстан, 25 қазан 2019 жыл. Көрнекі сурет.

Монополияны құрып отырған Uztex Group мақта-мата компаниялар тобы мен оның олигарх иесі Фарход Мамаджонов.

Мәселені балама жолмен шешу үшін диқандар өз кооперативін құрған.

Бірақ мақта шаруашылығымен айналысуға қажетті ауылшаруашылық несие, мақта дәні, тыңайтқыш, жанармайдан бастап мақта тазарту көлігі мен өнімді экспортқа шығаруға арналған лицензияға дейінгі барлық процес кластерлердің бақылауында.

"Шаруалардың еркін қауымдастығы" ретінде "Шовот" мақта кооперативін құрған азаматтар жергілікті биліктің кластер монополиясын қолдап, өздеріне қысым көрсететінін ескеріп, алда үлкен міндеттер тұрғанын айтады.

ЖЕМҚОРЛЫҚ ӘДІСІ

Өзбекстандағы кластерлік реформа "жасырын, құпия жекешелендірудің" жаңа формасы болып шықты. 1990-жылдары Шығыс Еуропадағы бұрынғы коммунистік мемлекеттердің жемқор шенеуніктері мен олардың жеке секторда жүрген достары осы әдісті пайдаланып, мемлекеттік компаниялардың активтерін ұрлаған.

Өзбекстан жағдайында жаңа "кластерлік" фирмалар ауыл шаруашылығының табысты салаларындағы мемлекет монополиясын өз қолына алған.

Ташкент кластерлік реформасын бастаған кезде мемлекеттік банктер Өзбекстанның 2018 жылы қаңтарда Дүниежүзілік банктен бау-бақша шаруашылығын дамыту жобасы аясында алған несиесін пайдаланып, жекеменшік компанияларға миллиондаған доллар ақша берген.

Өзбекстан билігі ауыл шаруашылығы саласында ашылған әрбір жаңа кәсіпкерлік субъектісін қоғамдық сатып алу процесінсіз эксклюзивті территориялық бақылауға алады.

Дүниежүзілік банктің дерегінше, 32 миллион халқының жартысы ауылда тұратын Өзбекстанға несие ауылды өңірлерде жалақысы жоғары жұмыс орындарын ашу үшін берілген.

Оралған мақта. Өнімді жинаудың жаңа тәсілі. Өзбекстан, көрнекі сурет.
Оралған мақта. Өнімді жинаудың жаңа тәсілі. Өзбекстан, көрнекі сурет.

2018 жылдан бері өз өңірінде монополияға ие кластерлік фирмалармен келісімшартқа отыруға мәжбүр болғанын, бірақ олардан құжатқа сай лайықты өтемақы алмағанын айтып, шағынған шаруалар саны артып келеді.

Өзбек шаруалары Азаттық анықтаған көлеңкелі кластерлерден егістік үшін ешқашан ақша алмағанын айтқан.

Белгіленген территорияда кластерлер арасында бәсеке жоқ. Сондықтан өз кластеріндегі келісімшарты тиімсіз болған шаруалар басқа кластерден несие немесе құрал-жабдық алып, болмаса егістік алқабын сата алмайды.

Ауыл шаруашылығы саласындағы батыс сарапшылары шаруалар егістік алқабы үшін көбірек ақша алмаса, ерте ме, кеш пе, ауыл шаруашылығы саласында коллапс болуы мүмкін деп болжайды.

ІС ЖҮЗІНДЕ ЖОЙЫЛМАҒАН КВОТА

Өзбекстанда ауыл шаруашылығына арналған жерлердің бәрі мемлекетке тиесілі.

Бұл үкіметке ондаған жыл бойы мемлекеттен жерді жалға алған шаруаларға қандай өсімдік дақылдарын егу керегін айтып, дайын өнімге жылдық квота белгілеп отыруға мүмкіндік берді.

Өзбекстанда наурыз айында мемлекет тарапынан мақта бағасын реттеу және егістікке квота белгілеу процесі ресми түрде тоқтағанымен, шаруалар мақта өсіруге қажетті несие мен құрал-жабдықтар алу үшін өздерін жергілікті жекеменшік кластерлік монополиямен келісімшартқа отыруға мәжбүрлеп жатқанын айтады.

Бұл келісімшарттарда әр шаруаның қандай дәнді дақыл өсіруі керегі және кластерлік компанияның оларға егістік алқабы үшін қанша ақша төлейтіні жазылған.

Ал жергілікті шенеуніктер әр шаруаның кластермен келісімшартта көрсетілген өнім жинау бойынша міндеттемелерін қалтқысыз орындауын қадағалайды.

Өсіп тұрған мақта. Өзбекстан, 24 қазан 2019 жыл. Көрнекі сурет.
Өсіп тұрған мақта. Өзбекстан, 24 қазан 2019 жыл. Көрнекі сурет.

Адам құқықтары жөніндегі Өзбек форумы жергілікті билік жекеменшік кластерлермен келісімшарт арқылы "мақтаға квота беру" процесін сақтап отыр деп есептейді.

Өзбек форумы осыған дейін жергілікті билік өкілдерінің мемлекеттік квотаны орындау үшін халықты күштеп еңбекке тарту амалдарын қолданғанын ескеріп, олар осы жолы да мәжбүрлеу шараларын пайдалануы мүмкін деп қауіптенеді.

Құқық қорғау тобы қыркүйекте билік өкілдерінің COVID-19 пандемиясына қарамастан, мыңдаған мемлекеттік қызметкерді мақта теруге апарғанын анықтаған.

Мемлекеттен көмек алатын отбасылардың балаларын мақта алқабына жұмысқа шығуға мәжбүрлеген жағдайлар да тіркелген.

12 қазанда Өзбекстан билігі өңірлерден түскен ақпаратқа сүйеніп, жоспарланған 3,1 миллион тонна мақтаның 72 пайызы ғана жиналғанын мәлімдеген.

"ҚҰЛ СИЯҚТЫ ҚАРАЙДЫ"

Хорезм облысы Шовот ауданындағы 78 шаруашылық иесі бірігіп, "Шовот" мақта кооперативін құрған.

Олар облыста басымдыққа ие "Шовот Текстиль" және "Хорезм Финанс Текстиль" кластерлерінен құтылу үшін "отбасылық келісімшарт" әдісін пайдалануды жоспарлап отыр. Аталған екі кластер де Мамаджонов басқаратын Uztex Group компаниялар тобына кіреді.

Кластермен жұмыс істеуге наразы азаматтардың бірі Руслан Бекчонов Азаттыққа кооператив құруға Uztex Group компаниясының шаруаларға "құл сияқты қарауы" себеп болғанын айтты.

Uztex Group ресми сайтында "кәсіпорын мақта-мата өнімдері бойынша ТМД-дағы ең ірі экспорттаушы компания саналады” деп жазылған. Компания Хорезм және Наманган облыстарындағы бес ірі кластерге иелік етеді.

Uztex өкілдері Азаттыққа Хорезм облысындағы шаруаларды тәуелсіз кооператив құруға мәжбүрлеген жағдайға қатысты пікір берген жоқ.

Хорезм облысының ресми билік өкілдері де "коммерциялық құпия" деген сылтаумен жергілікті мақта өндірушілер мен Uztex компаниясы арасындағы қарым-қатынасты талқылаудан бас тартты.

Бекчонов пен Шовоттағы бірнеше шаруа желтоқсан айында Мамаджоновқа барып, оның кластерлік компанияларымен келісімшартын ұзартпайтынын айтқан.

"Мамаджоновтың өкілімен кездесуге 25 адам болып бардық. Ол "бәріміз кәсіпкер адамдармыз, бізге шығынды қысқарту керек" деді. Бірақ біз бұдан әрі шығынды қысқарта алмайтынымызды, өйткені бағаны мемлекет белгілейтінін айттық" дейді Бекчонов.

"Бұл дұрыс па, бұрыс па, білмеймін. Бірақ шаруалардың ісіне ешкім араласпайды деп айтылды" дейді ол сөзін жалғап.

Шаруаның айтуынша, мақта өндірушілерге келісімшарт бойынша берілетін құрал-жабдықтардың бағасы жоғары, ал кластерлік компаниялар шаруаларға мақта алқабы үшін өте аз төлейді.

"Біреу шаруалардың қалтасынан ақша ұрлап отыр. Неге мен нарықтық экономикаға сай өнімнің бағасын өзім бекіте алмаймын?" дейді Бекчонов.

Шовот шаруалары жаңа кооператив құрмай тұрып, Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиеев пен Хорезм облыстық мақта терминалының басшысына хат жазып, жағдайды баяндаған.

Хатта шаруалар өздерін құлға айналдырған кластерлермен келісімшартқа отыруға мәжбүр болғанын айтады. Олар сондай-ақ Uztex кластерлерінің шаруаларды "мақтаны жоғары бағаға сатып аламыз" деп алдап, келісілген ақшаны түгел бермегенін де жазған.

Хатта "2020 жылы аудан билігі мен ауыл шаруашылығы департаментінің қысымымен бір тараптың, яғни "Текстиль Финанс Хорезм" кластерінің ғана мүддесін қорғайтын келісімшартқа қол қойдық. Біздің жұмыс шартына көңіліміз толмағанын ешкім ескерген жоқ. Нәтижесінде, кластер бізді кедейлік құрсауына түсірді" делінген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG