Accessibility links

"Мақта өнімі аз, бағасы арзан"


"Мақтадан пайда жоқ, халық шаршап кетті"
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:44 0:00

Видеосюжет: "Мақтадан пайда жоқ, халық шаршап кетті"

Түркістан облысы Жетісай ауданындағы мақташылар мақта бағасының арзандығына шағымданады. Жергілікті әкімдік "мақта бағасына ықпал ете алмайды".

"МАҚТАДАН ПАЙДА АЗ, ХАЛЫҚ ШАРШАП КЕТТІ"

Шымкенттен шамамен 300 шақырымда орналасқан жаңадан құрылған Жетісай ауданында мақта теру науқаны қызып тұр. Атакент елді мекенінен Жетісай қаласына жеткенше жолдың екі шетін түгелімен мақта алқабы алып жатыр.

Мақта алқабы. Түркістан облысы, Жетісай ауданы. 2 қазан 2018 жыл
Мақта алқабы. Түркістан облысы, Жетісай ауданы. 2 қазан 2018 жыл

​Мақта бітік шыққан алқаптарда комбайндардың қарасы көрінеді. Кейбір алқаптарда ашылған мақта аз. Шыққан мақтаның өзі қараусыз қалып, шөп басқан. Мұнда беліне қап байлап, беті-аузын ақ шытпен орап алған терімшілер жүр. Үлкен жолдан әр сәт сайын мақта тиеген тракторлар ары-бері өтеді. Бірі толған мақта тиеп бара жатса, енді бірі бос кетіп жатыр.

Жетісай қаласынан шамамен 15 шақырым жерде орналасқан Қарақай, Кетебай ауылында да мақта жинау науқаны басталған. Мақташылардың көбі мақта алқаптарының басында жүр. Мақта алқаптарына алып баратын жол – қара топырақ. Жолдан қарағанда қаз-қатар үйілген мақта қозалары көрінеді. Әр жерден трактор, он шақты терімшінің қарасы байқалады.

Мақта теріп жүрген әйел. Түркістан облысы, Жетісай ауданы 2 қазан 2018 жыл
Мақта теріп жүрген әйел. Түркістан облысы, Жетісай ауданы 2 қазан 2018 жыл

Қарақай ауылының тұрғыны Тұрсынбай Тағаев 9 гектар жерге мақта еккен. Ол "мақтаны егудің машақаты мен шығыны көп, пайдасы аз болып тұр" деп терең күрсінді.

- Бір гектар жерге мақта егіп, өсіру үшін 115 мың теңге жұмсадым. Қазір бір келі мақтаны терімшілерге 25 теңгеден тергізіп отырмын. Комбайн салайын десем мақтаның түп саны аз, бойы төмен. Мақта шықпай, кетік болып қалған жер көп. Өйткені уақытылы суарылмады, дәрі бере алмадық. Бір гектардан бір тонна мақта аламыз ба жоқ па, білмеймін. Сонда жыл бойы еңбектеніп, қандай пайда табамын? Мақтадан пайда жоқ қазір, халық шаршап кетті. Тастайық десек, бала-шағамыз осының артында күнкөріп отыр, - дейді ол.

Мақташы Тұрсынбай Тағаев. Түркістан облысы, Жетісай ауданы, 2 қазан 2018 жыл
Мақташы Тұрсынбай Тағаев. Түркістан облысы, Жетісай ауданы, 2 қазан 2018 жыл

"ДОЛЛАР ӨССЕ ДЕ, МАҚТА БАҒАСЫ ӨСПЕЙ ТҰР"

Аты-жөнін айтудан бас тартқан қарақайлық мақташы "биыл мақтамды құрт жеп қойды" деп налиды.

- 12-15 центнер өнім алуым мүмкін. Бұл жерді жыртып, мақтаны зауытқа өткізуге дейінгі шығынды өтемейді. Мақтаның бағасын доллардың бағамымен есептейтін. Доллардың бағасы өскенмен, мақтаның бағасы өспей тұр, - дейді ол көңілсіз кейіпте.

Мақташы Ақылбай Мамасейітов те мақта еккенмен еңбегінің ақталмайтынына налиды. Оның сөзінше, мақта науқаны кезінде бәрі қымбаттаған.

- Жанар-жағармай қымбаттады. Комбайн бір гектар мақтаны 50-60 мың теңгеге жинайды. Терімшілер бір келі мақтаны 30-40 теңгеден теріп жатыр. Жаздағы шығынға қазіргісін қоссаңыз не қалады? Зауыттарда бір келі мақтаны 170 теңгеден қабылдап жатыр. Бір тамшы жаңбыр жаумаса да, сараптама кезінде бір тонна мақтадан 90-100 келі мақтаны алып тастап жатыр, - дейді Ақылбай Мамасейітов ренішін білдіріп.

Қарақай ауылында үш зауыттың мақта қабылдау пункті бар. Пунктегі қырмандарда қолмен терілген мақта мен комбайн жинаған мақта бөлек жиналған. Бәрінде баға бірдей. Мақта бағасының арзандығына шаруалар ренжулі екенін зауыт басшылары да біледі. Бірақ мақта бағасын қамбаттатуға асықпайды.

- Күніне 30-40 тонна мақта қабылдаймыз. Комбайнмен терілген мақтаның сапасы нашар. Қол терімінің сапасы жақсы. Бәрін сараптамадан өткіземіз. Әрине, халық ренжулі. Бізден "170 теңгеден қашан көтересіздер?" деп сұрайды. [Баға] біздің қолымызда емес қой. Көтереміз деген әңгіме шығып жатқан жоқ, - дейді "Қарақай" мақта қабылдау бекетінің қызметкері Үміткүл Бейсембаева.

Мақта қабылдау пункті. Түркістан облысы, Жетісай ауданы, 2 қазан 2018 жыл
Мақта қабылдау пункті. Түркістан облысы, Жетісай ауданы, 2 қазан 2018 жыл

ӘКІМДІК НЕ ДЕЙДІ?

Мақта бағасының арзандап кеткенінен аудан әкімдігі де хабардар. Аудан әкімдігінің өкілі Айдар Сейдәзімнің Азаттыққа айтуынша, мақта бағасын 200 теңгеге өсіру бойынша зауыт басшыларына түсіндіру жұмыстары жүргізілгенімен, нәтиже болмаған.

- Мақтаның бағасын 200 теңгеге көтеру жөнінде жұмыс атқарылды. Зауыт басшылары "көтере алмаймыз, шетел компанияларымен жұмыс істейміз, бағаны солар белгілейді" деп, 170 теңгеден көтермей отыр, - дейді ол.

Айдар Сейдәзімның сөзінше, аудан әкімі бағаны белгілей алмайды. Шаруалар мақта екпестен бұрын зауыттардан несие алып, оны мақтамен қайтаруға келісім-шартқа отырады. Бұл да мақта бағасына әсер етеді.

Әкімдіктің мәліметінше, Жетісай ауданында 48 мың гектардан аса жерге мақта егілген. Күніне 2 мың тонна мақта теріліп жатыр. Қазанның басына дейін 67 мақта қабылдау пунктінде 25 мың тоннаға жуық мақта жиналған.

Есеп бойынша, биыл бір гектар жерден 25 центнерден өнім алынуы тиіс. Мақта екі рет теріледі. Қазір бірінші терім аяқталуға жақын. Екінші терім қазанның соңына таман басталады.

Ресми дерек бойынша, 2017 жылы Түркістан облысында (бұрынғы Оңтүстік Қазақстан облысында) 134,6 мың га жерге мақта егіліп, 330,5 мың тонна мақта жиналған. Ал биыл облыс бойынша 132,7 мың га жерге мақта егілген. Алайда ауыл шаруашылық мамандары 332 мың тонна өнім аламыз деп отыр. Өткен жылы бір келі мақтаның бағасы 165 теңге болған.

  • 16x9 Image

    Дилара ИСА

    Дилара - Азаттықтың Шымкенттегі тілшісі. 1986 жылы туған. Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті мен Абай атындағы ҚазҰПУ-ді бітірген.

    "Жас Алаш" газетінде жұмыс істеген.

    Азаттықпен 2012 жылдан бері әріптес.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG