Accessibility links

Түркіменстанды тағы бір қаһарлы қыс күтіп тұр


Ашғабатта көшеде азық-түлік сатып отырған адамдар. (Көрнекі сурет.)
Ашғабатта көшеде азық-түлік сатып отырған адамдар. (Көрнекі сурет.)

Түркіменстан халқы алдағы қыста да азық-түлік тапшылығы зардабын тартатын тәрізді. Бұған дейін қатарынан екі қыс бойы жұртты қыспаққа алған проблеманың бар екенін үкімет әлі мойындағысы келмейді.

ЖИНАЛҒАН АСТЫҚТЫҢ МӨЛШЕРІ БЕЛГІСІЗ

Түркіменстан астық жинауды аяқтады. Үкімет биыл 1,6 миллион тонна дәнді дақыл алуды жоспарлаған, әзірге нақты қанша өнім жиналғаны туралы ешкім тіс жармайды. Бірақ, мұнша астықтың жинала қоюы неғайбыл.

"Түркіменстанның балама жаңалықтары" (АНТ) вебсайты шілденің 22-сінде: "Түркіменстанда егін жинау аяқталды... Алайда, мемлекет діттеген 1,6 миллион тонна бидайдың сәтімен жиналғаны жайлы репортаждар болған жоқ" деп үкіметтің осы үрейлі тыныштығынан секем алатынын айтты.

Салған астық өнбей қалған егістік жер. Гөктепе, Түркіменстан, наурыз, 2018 жыл.
Салған астық өнбей қалған егістік жер. Гөктепе, Түркіменстан, наурыз, 2018 жыл.

​2011 жылдан бері Түркіменстан жылына 1,6 миллион тонна бидай өндіріп келеді (бұдан әрі қарай елдің ресми мәліметтерін келтіреміз). Сол жылы президент Гурбангулы Бердімұхаммедов осы межеге жеткендерін хабарлап, Түркіменстан "тарихта алғаш рет" 150 мың тонна бидай мен 50 мың тонна ұнды экспортқа шығарғанын мәлімдеген.

АНТ сайтының хабарлауынша, Түркіменстанда 2015 жылы 1,4 миллион тонна, ал 2017 жылы 1 миллион тонна астық өндірілген. Ел үкіметі 2016 жылы 1,6 миллион тонна, ал 2017 жылы 1 миллион тоннадан астам астық жиналғанын хабарлаған.

ҰН МЕН НАН ШАҚТАП БЕРІЛЕДІ

Биылғы жаңалықтарға қарағанда ауа райы Түркіменстандағы егіске көп зиянын тигізген. Көктемнің басы ерекше құрғақ болып, мамырдың ортасындағы толассыз нөсер жауын салдарынан елдің біраз жерін су басқан.

ВИДЕО: Түркіменстандағы тұзды боран (мамыр, 2018 жыл.)

Мамырдың соңындағы алапат дауыл құрғап кеткен Арал теңізінің орнында қалған тұзды әуеге көтеріп, Түркіменстанның Дашогуз және Лебап аймақтарындағы егіс алқаптарын басып қалды.

Оқи отырыңыз: Аралдан көтерілген тұз аймақ елдеріне тарады

Маусымның ортасында солтүстіктегі Дашогуз аймағының кей фермерлері Азаттықтың Түркімен қызметіне шағымданып, үкіметтің тиісті тыңайтқыш пен құрал-жабдық бермегенін, соның кесірінен өнімнің аз болатынын айтқан.

Фотогалерея. Ашғабаттағы азық-түлікке кезек

Түркіменстан тұрғындарының көбі 2016 жылдың күзінен бері ұн тапшылығын сезініп келеді. Ұн мен нан әр адамға шақтап беріледі, мемлекеттік дүкендердің алдында ұзын-сонар кезекте тұрғандарды жиі кездестіруге болады, кезегі келгенде олар нан алу үшін жеке куәліктерін көрсетуге міндетті.

Оқи отырыңыз: Түркіменстанда "артық" ұнды тәркілеу жайлы сөз тарады

БАСШЫҒА ЖАҒАТЫН МӘЛІМЕТ ПЕН ШЫНАЙЫ ДЕРЕК

"Түркіменстанның балама жаңалықтары" сайтының дерегінше, қазір үкіметтегі лауазымды тұлғалар демалыста жүр, "демалыстары біткен соң үкімет биылғы орақтың нәтижесін саралайды".

Үкіметтің не айтатыны қызық. Діттеген межеге жете алмаса, олар президент Гурбангулы Бердімұхаммедовтің қаһарына ұшырайды.

Ахалтеке жылқысына мініп алған Түркіменстан президенті Гурбангулы Бердімұхаммедов. Ашғабат, 28 сәуір 2018 жыл.
Ахалтеке жылқысына мініп алған Түркіменстан президенті Гурбангулы Бердімұхаммедов. Ашғабат, 28 сәуір 2018 жыл.

Былтыр маусымның 27-сі күні ресми тұлғалар 1,6 миллион тонна астық аламыз деп болжам жасаған. Кейін жиналған өнімнің бұл шамадан 40 пайызға кем екені анықталғанда Бердімұхаммедов ауыл-аудан әкімдерінен бастап министрлерге, жаңа салынған Garlyk тыңайтқыш зауытының басшысына дейін қатты сынға алған.

Шынайы мәліметті жариялаған жағдайда көп ресми тұлғалар қызметтерімен қоштасары анық, мұны өздері де сезеді. Азаттықтың Түркімен қызметі шілденің 12-сінде Дашогуз аймағының жергілікті басшыларының тиісті өнім жинай алмаған ұжымдық шаруашылық жетекшілерін ұрып-соққаны туралы хабар таратқан.


Ал егер Түркіменстан тиісті үдеден шыға алдық деп хабарласа, онда сұрақ тіпті көбейеді. Түркіменстан үкіметінің экономиканың барлық салалары бойынша берген есептерінің бәрі күмән туғызады, әсіресе бидай өндірісі тақырыбы бұған ерекше мысал бола алады.

Президент Бердімұхаммедовтің алдында ел басқарған тұңғыш президент Сапармұрат Ниязов 1992 жылы 1,2 миллион тонна астық алу туралы талап қойған. 1990-жылдары Түркіменстан бұл межеге тіпті жақындай да алмаған (1996 жылы бар болғаны 488 мың тонна бидай алынған). Ниязов міндетті орындай алмаған басшыларға сөгіс жариялап, біразын жұмыстан қуған. Қазір Бердімұхаммедов те осы әдісті қолданып жатыр.

Түркіменстан тұңғыш президенті Сапармұрат Ниязовтың ескерткіші. Ашғабат, 14 ақпан 2017 жыл.
Түркіменстан тұңғыш президенті Сапармұрат Ниязовтың ескерткіші. Ашғабат, 14 ақпан 2017 жыл.

1998 жылғы наурызда, егіс науқаны енді басталып жатқанда үкімет отырысында сөз алған Ниязов "бидай мен мақта өндіру бойынша міндеттемелерін орындай алмаған "барлық деңгейдегі" жауапты адамдарды қылмыстық жауапкершілікке тартамын" деп қорқытқан.

Сол жылы Түркіменстан тиісті межеге жетіп, 1,2 миллион тонна астық алды деп хабарланған. Парламент "осының бәрі Ниязовтың арқасы" деп қолпаштап, президентті "Алтын ай" медалімен марапаттаған (сол жолы бұл медаль Ниязовқа үшінші мәрте берілген және ол – осы медальді алған жалғыз адам). Бұдан соң күмәнді цифрлар дәуірі басталған еді. Үкімет 1999 жылы – 1,4 миллион, 2000 жылы – 1,7 миллион (құрғақшылық болған жылы), 2001 жылы – 2 миллион, 2002 жылы – 2,3 миллион, ал Ниязов тірі болған соңғы жыл – 2006 жылы тіпті 3,5 миллион тонна астық өндірілді деп хабарлаған.

2006 жылы Түркіменстанның Мемлекеттік статистика институты елде 6,786 миллион адам тұрады деп есеп берген. Алайда, тіпті қазірдің өзінде елдегі халық саны 5 миллионның төңірегінде деген болжам бар.

Түркіменстанда ешқандай басшының "биыл астық аз жиналды" деп айтуға дәті бармайды. Ал шындықты Түркіменстан халқы қылышын сүйретіп қыс келгенде сезінетін болады.

(Мақаланы дайындауға Тоймұрат Бугаев пен Азаттықтың Түркімен қызметінің басқа өкілдері де қатысты. Автордың көзқарасы Азаттық редакциясының ұстанымын білдірмейді.)

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG